Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жұмыссыздықпен күрес. Бұл бағытта өңірімізде қолға алынған ауқымды жұмыстар баршылық.
Айталық, өткен жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 542 адамды қамту көзделіп, желтоқсан айында 542 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен жастар тәжірибесіне жолданды. Оны 403 түлек аяқтап, 351-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ 2023 жылы «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы шеңберінде жұмыс орындарын ұйымдастыруға ниет білдірген 78 жұмыс берушіге 101 жұмыссыз азамат жолданды. Бұл бағдарламаға қатысатындардың айлық мөлшері 30 АЕК, яғни 103 500 теңге болып белгіленгенін айта кетейік. Сонымен қатар «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы аясында 26 жұмыс берушіге 42 жұмыссыз азамат жіберілді. Олардың 10-ы жұмысын аяқтап, жетеуі тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Бұдан бөлек, ақылы қоғамдық жұмысқа 1 085 жұмыссыз азаматты жолдау жоспарланып, өткен жылдың желтоқсан айында 1 134 азамат жіберілді. Оның 1 131-і аяқтап, 745-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал «Ұрпақтар келісімшартына» 6 жасты жолдау жоспарланып, бұл меже толығымен орындалды. Бұған қоса «Күміс жас» жобасы шеңберінде 148 жұмыс берушіге 157 адам жолданды.
Бұл шаһарда жұмыссыздықпен күрес бағытында атқарылып жатқан оңды істердің бір парасы ғана. Жұмыссыздықпен жүйелі күрес алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Нұргүл Оразбек