Жуырда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тараздық жайдарманшыларды қабылдап, алдағы сайыстарда сәтті ойын көрсетуіне тілектестік білдірді.
Жалпы былтырғы маусымда Тараз жайдарманшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жамбыл облысында Жоғары лига, Премьер-лига, мектепаралық лига және арнайы жобаларды қосқанда 25-тен астам «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылды.
Республикалық деңгейде де өңір командаларының асығы алшысынан түсті. 2 командамыз – «Жуалы» және «Медиум-Тараз» республикалық Жоғары лигада сәтті өнер көрсетіп қайтты. «Жуалы» командасы Жоғары лиганың вице-чемпионы атанса, «Медиум» командасы «Елорда кубогы-2023» жобасында жүлделі ІІ орынды иеленді. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Ою» командасы республикалық «Оңтүстік Номад» лигасының чемпиондары атанды. Меркі ауданының «Меркістан» командасы «Жайдарман Джуниор» жобасында жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Биылғы маусымда Астана қаласында өтетін «Маусымашар-2024» фестиваліне Жамбыл облысынан 15-ке жуық команда бармақшы.
Аман Есен