Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көлемді сұхбат көптің көңілінен шықты

0 1  775

Әр жыл сайын еліміздің алдына қойылатын талаптар мен міндеттер сараланып отырады. Соған сәйкес, берілген тапсырмалар барынша тиянақты, іс жүзінде жүзеге асырылған болса, демек, ол қажырлы еңбектің арқасы деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа байсалды бағдар жасағаны көптің көңілінен шықты.

Сұхбатта бірқатар тақырыптар төңірегіндегі мәселелер көтерілді. Соның бірі – экономика саласы. Экономикамызды дамыту үшін ең әуелі инвестиция тарту маңызды. Бұл міндетті орындау үшін ауқымды бизнес-жобалар қажет. Президентіміздің Жолдауында Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілген. Жобалар барысында ірі бизнес өкілдері және инвесторлармен нақты жұмыс жасау қажеттігі айтылған. Бұл еліміздің экономикасын жылдан-жылға дамытып, ірі жобаларды қаржыландыруға жол ашпақ.
Өзекті тақырыптардың бірі – несие деуге болатын шығар. Қазір халық арасында қарызға белшесінен батып жатқандарды байқаймыз. Той, көлік, үй, телефон – барлығын несиеге алып жатады. Соған сәйкес, бұл қасіретті жою үшін 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енген. Бұл заң күрделі мәселенің ушығып кетпеуінінің алдын алу болғаны рас. Өте дұрыс шешім. Себебі осындай заңдар шығып отырмаса, халық қарыздың қамытынан құтыла алмайды. Саралап қарайтын болсақ, бұл қаржылық сауаттылықтың жоқтығы. Осы мәселе бойынша, несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылыпты. Ендігі кезек – айтылған сөз жүзеге асса болғаны.
Ең өзекті мәселенің бірегейі – қымбатшылық. Қазіргі кезде азық-түлік, үйге қажетті заттар – барлығы тым қымбат. Халықтың жағдайы мұндай қымбатшылықты көтермейді. Аталған жайт та сұхбат барысында назардан тыс қалмады. Бұл мәселенің де шешімін әлі де болса қарастырады деп үміттенеміз.
Сұхбатта рухани тақырып та қалыс қалған жоқ. Президенттің мына сөздеріне назар аударалық: «Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды».
Бұл – үлкен үндеу. Бұл ойлар біздің тәуелсіздіктің отызыншы белесін орталап қалған еңселі ел ретінде егемендіктің елең-алаңындағы эйфориядан толық шығып, дүние дамуында алды-артын бағамдап, «ақырын жүріп, анық басатын» мемлекет ретінде орныққанымызды айқындап отыр. Ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, уақыт көшінен қалмауы керек. Ұдайы алда болуды өршіл мақсат етуге тиіс. Ата-бабамыз аттың құлағында қалай ойнаса, жас ұрпақ заманауи ақпараттық технологияларды да солай жетік меңгеріп жатса, үміттің ақталғаны сол болар еді. Ұлттың ұлылығы, даралық, отаншылдық сонда ғана танылатынына куә болар едік. Сұхбатта жалған патриотизм, даңғойлық пен дарақылық туралы дер кезінде айтылды.
Тағы айтарым, жоғары оқу орын-дарының әлеуметтік жағдайын қолға алса деймін. Мысалға айтар болсам, техникалық базаларды жоғары деңгейде жұмыс істейтіндей жағдай жасалса, студенттердің терең білім алуы үшін үлкен қуаныш болар еді. Өйткені университетте оқитын студенттер біздің болашақ маман иелері болғандықтан, олар үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Озық, білікті, саналы маманды даярлау – біздің қолымызда.
«Біз өткен іске өкінбей, алға жоспар құруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Демек, болашағы зор ұлт болып қалыптасуымыз үшін тек алға қадам басу – басты орында. Осындай мәселелерді шешетін қауым өкілдері берілген тапсырманы өз деңгейінде орындайды деген сенім зор. Ұлттық идеологиямызды дамыту үшін ел болып қызмет атқаруымыз қажет. Президентіміздің қолға алып жатқан бастамалары көңілге үміт ұялатады.

Перизат ОСПАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.