Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қанатты қыз

0 344

Дүние есігін ашқаннан қос қолы жоқ бола тұра аяғының көмегімен көпшіліктен көш ілгері іс бастаған кәсіпкер Анар Бексұлтановаға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы жеткен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің Құрмет грамотасын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров табыс етті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Абай атамыз айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің иесі Анар балғын күнінен тағдырына мойыған емес. Қайта жылдар жылжыған сайын таудай талаптың шегі болмайтынын, адам мүмкіндігінің шексіз екенін оның әр ісі айғақтап тұрды. Тұла бойына нәзіктік пен қайсарлықты қатар жиған әйел өзін ешқашан ешкімнен кем санаған емес. Қайта өмір алға жылжыған сайын мүмкіндігі шектеулі бола тұра шын ниеттенген жанға алынбас асудың жоқ екенін дәлелдеп келеді. Ол аяғымен сурет салып, ине-жіпті сабақтап, іс тігеді, көрпе көктеп кәсібінің нәсібін тауып отыр. Тағдыр Анарға қос қыз сыйлап, ана бақытын да сезіндірген. Сол екі қызғалдағы Анардың болашаққа деген сенімін нықтап, көңіл көкжиегін кеңейтіп, алдағы күнге деген сенімін де нықтай түскені анық.
Осыдан 4 жыл бұрын Анар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып, қыз жасауын тігіп жүр. Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілер өте көп. Өткен екі аптада 9 қыз жасауын тігіпті.
Қолдары жоқ бола тұра іспен айналысып, өзгелерге үлгі болып отырған Анарға арналған Құрмет грамотасында: «Құрметті Анар Сағынтайқызы! Сіз еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, абыройлы жұмысыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген үлгі тұтар жансыз. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ашқан кәсібіңіз өңір экономикасының өсуіне баға жетпес үлес қосуда. Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы – кәсіпкерлік. Өзіңізді жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс орнын бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Жасап жатқан кәсібіңіз игі істер әкеліп, жаңа мүмкіндіктер ашсын. Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз, үлкен жоспарларыңыз орындалсын. Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары – Елордамыздың туған күні қарсаңында Сізге еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе қажымас қайрат, бақ-береке, табыс пен сәттілік тілейміз!» – деп жазылған екен.
Елдің өркендеп, көркеюіне үлес қосқан аяулы жанды бұл сөздер қанаттандыра түсері сөзсіз. Өңірге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова іссапармен келгенде Анар қабылдауында болып, тігін цехын үлкейткісі келетіндігін, мүгедектігіне байланысты екінші деңгейлі банктерден несие ала алмай жүргенін айтып, несие алуға көмектесуін сұраған еді. Таң қаларлығы, аяғымен тігін тігіп, кәсіппен айналысып, өзін де, қыздарын да асырап отырған оның бұл қайсарлығы Гүлшара Әбдіқалықованы ғана емес, өңір басшысы Асқар Мырзахметовті де бейжай қалдырмаған. Сонда облыс әкімі Анарға көмек беруге уәде берген.
Жуырда өзі қалаған несиеге Анар қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен өңірге ат басын тіреп, «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстың зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен өткізген кездесуінде осы мәселе белгілі болған. Сонда сөз алған қайсар қыз сөз кезегінде:
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін екінші деңгейлі банктен тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығының арқасы деп білемін, – деген еді.
Міне, жақсы жаңалықтың жаршысы жақын күнде Анар тігін станоктарын орнатуды бастамақ. Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқанына қуанышты. Біз де қандай қиындыққа болсын мойымай, Алланың берген дарынын дамытып, тұла бойынан өнер саулаған қанатты қыздың өрелі еңбегіне жеміс тілейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.