Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аңызбен астасқан Жолбарысқамал

0 2  026

Қасиетті Әулиеата өңірі – аңыз-әпсаналарға бай мекен. Сондай-ақ есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін тарихи орындар да баршылық. Міне, сондай аңызбен астасқан аймақтың бірі – Жуалы ауданындағы Жолбарысқамал бекінісі. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Абдоллаұлы бұл мекенді 1733-1734 жылдары билеген. Алайда Жолбарысқамал бекінісі туралы тарихтың ақтаңдақ беттерінде аңыз да, ақиқат та аз емес.

Жалпы Жолбарыс хан 1720-1740 жылдары өз билігін жүргізген. Соның бір жылын Жолбарысқамал бекінісінде өткізеді. Ханды бұл жердің табиғаты, қазақ жасақтарын орналастыруға ыңғайлылығы, өзара қимыл үйлестіруге қолайлылығы қатты қызықтырады. Сондықтан ол жан-жаққа хабаршы жіберіп, Жолбарысқамал сайында мықтап әзірленіп, қаруланып қалмақтарға соққы беруге бел буады. Жолбарыс ханның бұл жоспарын Орта жүздің ықпалды биі Ескелді қолдайды. Ол Жолбарысқамалға жақсы қаруланған бес жүз қаралы жасақты көктем шыға жөнелтуге уәде етеді. Ескелді би жасақты бастап баруды талай сынақтан өткен Балпық батыр Дербісәліұлы, Қабан жырау Асанұлы, немере ағайынды Малтабар мен Құлжан батырларға тапсырмақ болады. Бірақ бұл жоспар іске аспай қалады. Себебі 1735 жылы қыс ерте түсіп, Жуалы жұртын қыспаққа алады. Қар адам бойындай болып қалың жуып, оған ұйытқыған батыстың желі қосылады. Ханның айналасындағы ел-жұрт пен азын-аулақ әскер осы қалың қардың құрсауында қалады. Осылайша қыстан әзер шыққан Жолбарысқамалдағы хан ордасына көктем келе жоңғарлардың қанқұйлы қолбасшысы Сары-Манжы шабуыл жасап, басып алады. Жолбарыс хан қарсылық көрсете алмай, беріледі. Жоңғарлар ханды Ташкентке әкеліп, сол жердің билеушісі етіп қояды.
Жолбарыс хан Ташкенттің билеушісі деген аты болмаса, жоңғарлардың алым-салық жинаушысына айналады. Ал Жолбарысқамалды басқыншылар иемденіп алады. Бұл туралы тарихшы Ұзақбай Доспанбетов: «Жолбарыс хан тұрған Жолбарысқамал мен Қаратаудың бойындағы адам мен малға жайлы өзге де жерлер қалмақтардың мекеніне айналады. Шөбі шүйгін, суы бал, аң мен құсы садақ жебесіне өзі кеп ілігетін Жолбарыс ханның мекеніне қалмақтар орнықты. Сөйтіп, қазақтардың желкесіне мініп, саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған сипатта еді», – деп жазады.
Жолбарысқамалдағы бұл оқиғаны Бақтияр Әбілдаұлы былай баяндайды: «Қаратаудың ең құйқалы, қордалы жайлауын кезінде Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың өзі жайлайтын. Жолбарыс хан өлген соң бұл жайлауды жоңғарлардың хонтайшысы Қалдан-Сереннің өзі иемденіп алды. Сірә, сонау жоңғарлардың астанасы Ұрғадан Ташкентке дейінгі ұлан-ғайыр жерден дәл осындай саялы жұмақ таппаған болар. Хонтайшы келмесе, бұл жерді соның атынан билейтін тайшы жайлайды…», – дейді.
Жолбарысқамал – Қаратаудың теріс-кейіндегі Жуалы ауданының Түркістан облысымен шектесетін тұсындағы үлкен сай. Оның бас жағында осы саймен жалғасқан Кемпірөлген және Ақжар аталатын жыралар бар. Сай табанында жан-жақтан қосылатын бұлақтардың суы кішігірім өзенге айналады. Жолбарысқамал сайының екі қапталындағы жартастардың жалпақ беттерінде сонау бағзы замандардан қалған петроглифтер бар. Түрлі адамдар мен аңдардың әртүрлі қимылдарын бейнелейтін суреттер көне дәуірдегі бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына қалдырған мұрасы іспетті.
Сай табанындағы шағын өзеннің жағасында итмұрын, шеттік, қара долана, жабайы алма, қаратал, жалбыз сияқты өсімдіктер өседі. Жолбарысқамалдың күнгей бетінде жусан, бетеге, тобылғы, тасжарған сияқты өсімдіктер жыл он екі ай мал жайсаң да мұрты бұзылмай тұтасып тұрады. Әсіресе көктем айларында беткейде қызғалдақтар құлпырады. Жазы шыбын-шіркейсіз қоңыр салқын. Жолбарысқамалдың табиғаты керемет. Алайда қыс айларында көрсетіп қалатын мінезі бар. Батыстан шығысқа қарай азынап жел соғады. Жел бір күн тоқтамаса үш күнге, ұзаса жеті күн борандатады.
Осы Жолбарысқамал туралы ерте заманнан ел есінде қалған аңыз да бар. Бұл жерде бұрын ит тұмсығы өтпейтін ну қамыс болған екен. Сол қалың қамыс арасын жолбарыстар мекендепті.Төрт түлікке қырғидай тигеннен кейін бабаларымыз олардан құтылмақ болып, қырып салған. Сонда өлген жолбарыстардың ішінен қызыл түлкі шығыпты. Сол қызыл түлкі қайта қызыл жолбарысқа айналып, барша қазақтың киесіне айналған деседі.
Жолбарысқамал сайынан қазірдің өзінде шайқас үнін естігендер бар. Сондай-ақ сай табанынан аққан өзеннен қалың қол әскер атының тұяғы өткен іздерді кезіктіргенін малшылар айтады. Тағы бір таңғаларлығы, ай толық туған түнде өзенде сықылықтап күліп, шомылған қыздардың да дауысы естіледі екен. Бұл, әрине, ел ішінде жүрген тылсым әңгіме. Оның ақиқатпен қаншалықты астасатынын тап басып айту қиын.
Жолбарыс хан Ташкентке билеуші болып қойылғаннан кейін, ол шаһарға 1740 жылдың мамыр айына дейін билік құрады. Сөйтіп, 49 жасында өмірден өтеді.
Жолбарыс ханның өлімі туралы түрлі дерек бар. Қазыбек Тауасарұлы оны Шахрух бидің қызметшісі, тәжік жігіті Файыз өлтіргенін айтады. Шахрухтың Әбдірахым, Әбдікәрім деген балалары Жолбарыс ханға көптен бері өшігіп жүреді. Файыз солардың жұмсауымен ордасында жатқан ханды бауыздап кетеді.
Тарихшы Ұ.Доспанбетов болса, Жолбарыс хан салық төлеуші өзбек ақсүйектерінің сөз ұстарлары әкелген шараптан ішіп, уланып өлгенін айтады.
Жазушы Ә.Бақтиярұлы: «Ақтабан шұбырындының үркіншілік жылдарында Төле би бастаған Ұлы жүздің біраз тайпалары Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне өтіп кетеді де, Ташкент жаудан азат етілген соң, атажұртқа қайта оралады. Бұл кезде Ұлы жүздің қаласы Ташкентті және оның төңірегін Жолбарыс хан иемденіп алады. Бұған төзбеген Төле би Жолбарыс ханнан қаланы қайта тартып алады. Осы соғыста ол ауыр жараланып, сол жарақаттан қайтыс болады. Төле би оны кешегі ата жауым демей, ханды құрметпен Түркістанға апарып жерлейді», – деп жазады.
Негізі, Жуалы өлкесінің Қошқарата айма-ғындағы Жолбарысқамал аталатын жер – Жолбарыс ханның құрметіне қойылған атау. Мағынасы «Жолбарыс ханның қар құрсауында қамалған жері» дегенді білдіреді. Осы Қошқарата аймағындағы бірқатар жер-су атаулары қалмақтардан қалған. Мысалы, «Боралдай» атауы – қалмақша «лай су» дегенді, «Тұра» сөзі – «қақпа» деген мағынаны, «Шаян» сөзі – «шығыс», «Өгізарал» сөзі «сулы жер» деген мағынаны білдіреді.
Жолбарыс хан туралы тарих бүгінгі күнге дейін түрліше сөйледі. Бір деректе ол қалмақтардың алым-салық жинаушысы ретінде Төле биге қарсы шыққан хан ретінде айтылса, енді екінші деректерде 1728 жылы Төле би мен Әбілқайырмен бірге Қаратау өңірін, Талас, Шу бойын жоңғарлардан азат еткен шайқастарға басшылық еткені баяндалады. Сондай-ақ Жолбарыс хан 1729 жылы Аңырақай шайқасына да қатысқан. Жолбарыс хан кейін Абылаймен қосылып, жоңғарларға қарсы күрес ұйымдастырған. Соның нәтижесінде Ташкент, Шымкент, Сайрам, Түркістан қалаларын жоңғар басқыншылығынан азат еткен.
«Тарихты жеңімпаздар жазады» дейді ертеден келе жатқан қағидат. Сондықтан бізге жеткен тарих жылдар бедерінде сан бұрмалануы бек мүмкін. Сондықтан Жолбарыс хан туралы әлі де мұрағаттардан зерттеуді қажет етеді. Ал, ең бастысы, Жолбарыс хан мекен еткен Жолбарысқамал бекінісі Жамбыл жерінде қалып отыр. Осының өзі – кейінгілерге мол мұра, өшпес өсиет.

Саятхан Сатылғанов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.