Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйелі жұмыс қана жетістікке жеткізеді

0 412

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте 2024 жылға бюджеттің түсімдері мен төлемдері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қазынашылық департаментіне енгізу жұмыс-тары қаралды. Сондай-ақ өткен жылғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы мен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыға түсті.

Жиында ең әуелі сөз алған қала әкімдігі қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Умирбеков 2024 жылға арналған шаһар бюджетінің жоспары 75 132,3 млн теңге болып бекітіліп жатқанын баян етті.
– Оның ішінде шығыс бөлігі бойынша, республикалық бюджет есебінен – 4 715,7 млн теңге, Ұлттық қор есебінен – 13 255,0 млн теңге, облыстық бюджеттен – 2 449,3 млн теңге, кредиттер есебінен – 5 372,4 млн теңге және жергілікті бюджет есебінен 49 339,7 млн теңге бекітілуде, – деді Абылайхан Сәкенұлы.
Ал Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың сөзіне сүйенсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша барлық салада оң динамика сақталыпты.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, округ инспекторларының жұмысы, ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, қаладағы жарнама қалқандарын ретке келтіру, шаһар шеңберіндегі мал бордақылау алаңдары мен заңсыз мал сою орындарын анықтау, білім мекемелерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, мектеп оқушыларының қоғамдық көлік мәселесін шешу, мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттарды дер кезінде өткізу, саяжайларды ауызсумен, тұрғын үйлерді жылумен қамту және қар тазалау жұмыстарына қала тұрғындары мен бөлім қызметкерлерін жұмылдыру сынды мәселелер қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Шаһар басшысы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ескертіп, табиғат тосын мінез танытқан сәтте көпшілікті жұдырықша жұмылуға шақырды. Сондай-ақ қала әкімі жүйелі жұмыс қана жетістікке жеткізетінін айтты.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.