Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздіктің тұғыры биік болсын!

0 799

Құрметті тараздықтар!
Сіздерді еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әлбетте, еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы егемендік алған күннен басталды. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем бойынша тоғызыншы орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды. Алатаудың баурайынан елордамызды Арқа төсіне көшіріп, Есілдің жағасына ел қондырдық. Бүгінде бас қаламыз аса маңызды халықаралық жиындардың орталығына айналды. Мемлекеттік және азаматтық институттарға негізделген басқару жүйесін жетілдірдік. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық. Сарабдал саясаттың арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарынан көріндік.
«Ел қуатты болмай, егемендік тұрақты болмайды» деген қанатты қағида бар халқымызда. Сондықтан біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз анық, мұратымыз асқақ. Отыз жылдың бедерінде Тараз қаласында қай салада болса да көптеген игі істер атқарылып, жарқын жобалар жүзеге асты. Еңселі нысандар бой көтеріп, көшелер мен жолдар жөнделді. Баспана бақытына кенелгендер де аз емес. Шаһарымыздың осылай өркендеуі – азаттығымыздың алтын жемісі.
Егемендік – қазақтың қанатты үміті және орындалған ғасырлық арманы. Еліміз осы арманға қол жеткізіп, қарыштаудың даңғыл жолына түсті.
Қадірменді жерлестер!
Барлығыңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Отанымыз ғұмырлы болсын!

Бақытжан Орынбеков,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.