Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түркі ойшылдарының рухани ілімдері

0 342

Ұлттың сақталуы үшін әуелі тіл, діл, дін, мәдениет және бұларға ие болатын ұрпағы мен мемлекеті болуы қажет. Сол себептен түркі тілдес халықтардың туыстығы мен бірлігін айшықтайтын тарихи-мәдени ортақ жазба мұраларды бүгінгі күні зерттеп-зерделеу қазіргі ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың міндеті болып табылады. Түркі халықтарына ортақ ауыз әдебиеті үлгілері мен тарихи жазба мұралар қазақ ұлтына да тиесілі болып саналады. Адамның рухани болмысының қалыптасуында тіл мен діннің атқаратын қызметі зор.

Жалпы Ислам әлемінде 8-15 ғасырлар аралығында дүниеге келген ғылыми жаңалықтар мен әдеби туындылар әлем мәдениеті мен өркениетінің дамуына жол ашты. Соның ішінде түркі ғалымдардың мұралары Ислам өркениетіне теңдессіз үлес қосты. Ислам өркениеті мен мәдениетінің ірі орталықтары болған Тараз, Отырар, Сығанақ, Түркістан, Сайрам қалаларында мешіттер мен медреселердің жанында ірі кітапхана қорлары жұмыс жасаған. Бұл кітапханаларда дін ғылымы, философия, әдебиет, жаратылыстану ғылымдарының көрнекті ғалымдар қолжазбаларды шығарумен айналысты. Шығарылған қолжазбаларда Ислам дінінің негіздері, пайғамбарлар өмірі, хадис ілімі, мұсылмандық шарттар, діни аңыздар мен хикаялар туралы еңбектер болды.
Ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады, бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден тұратын азаматтық тарих болса, екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Жеткілікті түрде назар аударылмай келе жатқан үлкен бір бағыт біздің осы рухани тарихымыз. Жалпы Ислам өркениеті дегенде біздің көз алдымызға арабтар ғана елестейді. Анығында сол өркениетті жасаушылардың 70 пайызы парсылар мен түркілерден шықты. Хорасан мен Мәуреннахыр, Дешті Қыпшақ даласының ғалымдары Фараби, Ясауи, Баласағұни, Қашқари және Абай, Шәкәрім, Мәшһүр бар ғұмырын ғылым-білімге арнады. Бұл тұлғалар қоғамның рухани кемелденуіне жұмыс жасаған және «ізгілікті қоғам» құруды аңсаған. Рухани кемелдікті мақсат еткен ұлы ойшылдар жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойған. Өз ілімдерін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірілді. «Жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да, арлы бол» деген қазақ халқы да осы ілімді жан-жүрегімен қабылдаған. Қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуына бұл ойшылдардың ықпалы зор болды. Қазақ халқы Исламның ортодокциялық жағына ден қоймай, оның философиясын қабылдаған. Философия қазақ халқына сырттан танылған ілім емес, өзінің төл санасына жататын құбылыс.
Ұлы түркі ойшылдар Құран аяттары мен хадистермен көмкеруді мұрат ете отырып, пайғамбардың әділ, мейірбан бейнесінің халықтың жүрегінен терең орын алып, ғасырлар бойы санада сақталуына ұйытқы болды. Өз туындыларына аят пен хадисті қолдану үшін иқтибас (сілтеме), талмих (мәнін беру), тахлил (жіктеу) сынды түрлі тәсілдерге жүгінді. Құран Кәрімнің «Әһзаб» сүресінің 21-аятында: «Шындығында, пайғамбарда сендер үшін көркем үлгі бар. Сендер сол үлгіге ұйыңдар», – дегендей пайғамбардың көркем мінез-құлқын өнеге еткен.
Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аумағында таралуына сүбелі үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Өйткені оның еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін төмендеген емес. «Диуани хикмет» еңбегімен мәшһүр тұлғаның қаламынан сусындаған жолдар елдің рухани азығы мен тәлім-тәрбиелік қасиеттерін молайтуға ықпалын тигізері айдан анық. Ғалым Х.Ж.Сүйіншәлиев: «Орта ғасыр ескерткіштерінің ең көлемдісі және көркемдігі жағынан зерттеушілерді таң қалдырған әдеби көркем туынды. Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген түркілердің және олардың мәдениетінің жарық жұлдызы деп атарлық әдеби мұра», – деп өз пікірін айтқан болатын.
Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам кемелдікке жетуі үшін қажетті білім – хал ілімін игеріп, Құдайдың игілігімен беріле-тін – хал іліміне жетуі керек. Ахмет Ясауи дүниетанымында «дертті адам», «топырақ адам», «кемел адам», сондай-ақ «ғарип адам» тұлғалары да дәріптеледі. Кемел адам (араб тілінде «инсан-и камил» – толық адам) – ақыл-ойы толысқан адам. Діни ілімде кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адамның әрбір әрекеті Ұлы Жаратушыға арналады. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Дін адамды кемелдікке шақырады. «Кәмил инсан», яғни «кемел адам» ұғымының астарында да пендені кемелдікке баулу, Абайша айтсақ, «Толық адам» етіп тәрбиелеу мәселесі жатыр. Кемелдік ұстындары рухани ілімсіз жүзеге аспайды. 2020 жылы 08 қантарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деп атап, Абайды терең тануға баса мән берген жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – бұл кемелдіктің көрінісі. Абайдың рухани өресіне баға беретін дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аудару қажет. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылған. Демек, абайтанудың қазіргі назар аударар мәселесі – Абай мен мұсылман әдебиеті, оның ішінде түркі-мұсылман әдебиетімен, жазба жәдігерлерімен байланысын зерттеу.
Түркі халықтарының бір ерекшелігі – кез келген дүниені өлеңмен тез қабылдайды. Алаш тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңіліне қондырған», – деп өз пікірін білдірген. Алтын Орда мемлекетінің заңды мұрагері болған Қазақ хандығы тұсында да жазба әдебиет жақсы дамыды. Одан бөлек, жыраулар поэзиясы да алға шықты. Сол замандардағы жазба жәдігерлер мен ауыз әдебиет үлгілерінде де қазақ дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналып кеткен Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасы кеңінен насихатталды. Бұл дәстүр XVIII-ХІХ ғасырларға дейін жалғасты. Қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы тұсында кеңінен жырланған имандылық ұстындары мен шариғат шарттары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «Кітәби ақындар» мен Сыр сүлейлерінің шығармашылығында кеңінен көрініс берді.
ХІХ ғасыр әдебиеті қазақ поэзиясының халықтық қуатын, ұлттық сөз өнерін күшейте түсті. Сыр өңірінің ақындық орта өкілдерінің әдеби шығармашылыққа қалыптасуына жетекші ықпал еткен орталықтар -– медреселік оқу орындары. Сыр бойы ақын жыраулары шығармаларындағы Ислам тақырыбы осы Қожа Ахмет Ясауи және оның ақындық өнер дәстүрі ізімен жалғасады. Ақын-жыраулар шығармаларында «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деп берік сенім қалыптастырып, халық санасында имандылық-адамгершілік қасиеттерді түсінуге ықпал жасады.

Бахтияр Алпысбаев,
дінтанушы-магистр

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.