Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда ветеринария саласын дамыту бойынша жол картасы әзірленеді

0 335

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте ветеринария саласындағы өзекті мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, аймақ басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығы», «Қазақ Ұлттық ғылыми-зерттеу институты» мамандарынан құрылған жұмысшы тобы облыс аумағындағы ахуал бойынша толық талдау жүргізген.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек талдау қорытындысымен анықталған кемшіліктер бойынша бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Тіркелген ауру ошақтарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, 9 896 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қайта вакцинациялаудан өткен.

Жалпы қазіргі таңда өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты. Биыл сібір жарасына қарсы 4 млн. 827 мың бас малға вакцинация жүргізілген.

Бір ай ішінде жануарларды және ет өнімдерін тиісті құжатсыз тасымалдау ережелерін бұзған 9 ветеринариялық бақылау бекетіне 118 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 4,8 млн. теңге айыппұл салынған.

– Ветеринариялық қызмет мамандарының кәсіби білімін, біліктілігі мен құзыреттіліктерін тұрақты арттырып отыруға ерекше көңіл бөлінуде. Олар Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде және Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында біліктілікті арттыру курстарынан өтуде, – деді Қанатбек Мәдібек.

Бүгінде облыстың ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Нақтырақ айтсақ, орталықтандырылған ветеринариялық қызметті құру, ветеринариялық мамандардың жалақысын 50-ден 100 пайызға дейін ұлғайту бойынша белсенді жұмыстар жүруде. Сондай-ақ, қызметкерлер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, салалық басқарма, ауылдық округ әкімдері мен статистика департаменті арасында деректерді жедел жаңарту туралы үшжақты келісім жасалған. Бұдан бөлек, сібір жарасына қарсы вакцинациялауға жататын азаматтардың тізімі жасақталып, ауыл шаруашылығы жануарларын сібір жарасына қарсы 2 рет вакцинациялау жүргізу жоспарлануда. Ақпараттық-түсіндіру шараларына баса назар аударылуда.

Облыс әкімі жауапты тұдлғаларға өңірдегі ветеринария саласын дамыту бойынша арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

– Вакцинацияны сапалы жүргізуге,  нақты ошақтар бойынша мақсатты жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруға баса назар аудару керек. Мәселелерді жедел шешу үшін барлық тиісті тараптардың өзара бірлескен жұмысын күшейте түсу маңызды. Әрбір ауылдық округтегі учаскелік полиция пункттері мен ветеринариялық пункттер жануарлар мен олардың иелері туралы мәліметерді дер кезінде нақтылап отыруы тиіс, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев табиғи ауру ошақтарын анықтауда ауыл үлкендерімен бірлесіп, зерделеу шараларын жүргізуді тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.