Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулықты ту еткен

0 276

Елімізде мызғымас бірліктің арқасында 130-дан астам өзге ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының туының астына топтасқан сан ұлттың айрандай ұйып, елімізде ұлтаралық келiсiм мен демократиялық қоғам құру, бейбiтшiлiк пен тұрақтылықтың сақталуы жолында бұқаралық ақпарат құралдары айрықша үлес қосып келеді.

Зере Қуаныш Суретті түсірген Юрий КИМ

Осы ретте өз өңіріміздің де қалам ұстаған қауымы сан алуан этностық топ өкілдері мекендеген облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ел ішіндегі ынтымақ пен береке-бiрлiгінің, достықтың салтанат құруына себепкер болып отырғанын айта кеткен жөн. Олар өңіріміздегі саяси тұрақтылықтың орнықты болуын насихаттаудан еш танған емес. Осыны жақсы түсінетін Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі жыл сайын жергілікті БАҚ өкілдері арасында байқау ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Биыл да 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Бір шаңырақ астында» атты облыстық байқау өз мәресіне жетті. Салтанатты шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, бас инспектор Жасөркен Жақсылық қалам ұстаған қауымды кәсіби мерекесімен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.

– Журналистердің артылған міндеті ауыр. Себебі билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспетті болып жүрген олардың жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар елдің тұтастығын сақтауда БАҚ өкілдерінің алатын орны айрықша. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуға қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолындағы абыройлы қызметтеріңіз жемісті бола берсін. Жаңашылдықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, қоғамдағы ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де құрметті. Мерейлі мереке құтты болсын, ұшқыр қалам иелері! – деді Жасөркен Берікұлы.

Бұдан кейін құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева байқауда бақ сынап, топтан оза шапқан жүлдегерлерді марапаттады. Нәтижесінде облыстық «ARAI» газеті мәдениет бөлімінің басшысы Нұржан Қадірәлі бас жүлдені иемденсе, осы басылымның саясат бөлімінің басшысы Саятхан Сатылғанов, «Магнолия» газетінен Михаил Бунин, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Альмира Омарова І орынды теңдей бөлісті. Облыстық «Jambyl» телеарнасының бөлім редакторлары Маржан Қанатова, Ильдар Гизатуллин және республикалық «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Михаил Те ІІ орынға қол жеткізді. Облыстық «Zhambyl news» ақпараттық агенттігінің журналисі Ирина Кожухарова, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Лариса Губашева, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова ІІІ орыннан көрінді. Өзге де бір топ журналистер байқауға қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Бас жүлдеге ие болған Нұржан Серікханұлы таяу арада республикалық «Бір шаңырақ астында» атты байқауда облыс намысын қорғайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.