Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрмет жауапкершіліктен басталады

0 480

Қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысының орынбасары Алмас Садубаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Комиссия мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің жауапты қызметкерлері қатысқан отырыста қаладағы мекемелерде мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану барысында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі тыңдалды. Бұл бойынша қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова баяндама жасады.

– Қала әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес 17-31 мамыр аралығында қаладағы басқармалар мен департаменттерде талдау, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, оны ұқыпты ұстауы керек. Алайда зерделеуден кейін бірқатар облыстық басқарма мен департамент басшыларының кемшілігі анықталды. Қолданыстағы заңға сәйкес Елтаңба мемлекеттік мекемелерде міндетті түрде орналастырылады деп көрсетілген. Бірақ облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау, сол секілді туризм басқармалары ғимаратының сыртында Мемлекеттік Ту мен Елтаңба жоқ. Бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірлеген, тозған, сынған қалпында қолдануға жол берілмейді. Дегенмен облыстық әділет департаменті, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ғимараттарының сыртындағы Мемлекеттік Ту кірлеген, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарда тұрақты жұмыс істейтін комиссия болуы керек. Зерделеуден кейін облыстық қаржы басқармасы, цифрлық технологиялар басқармасы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаментінде, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінде Мемлекеттік Туды және Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссия құрылмағаны белгілі болды. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова басқарма мен департаменттерге аталған мәселе бойынша бірнеше рет ескертілгенін айтып, лауазымды тұлғаға айыппұл салуды ұсынды. Осы тұста мемлекеттік органдардың өкілдері «мекемеде арнайы комиссия құрылған, бірақ зерделеу тобы ескертусіз келді» деп ақталды. Ал бөлім басшысы Ұлана Сламбекова бірқатар мекемелер зерделеуден соң, комиссия отырысына дейін кемшіліктерді жойғанын айтты.

2018 жылдың қарашасынан Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» болып ауыстырылған. Бірақ кейбір мекемелердегі стендтерде, мекеме басшыларының кабинеттерінде бұл жазу әлі күнге дейін ауыспаған. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелері кезекті отырыста басқарма мен департаменттерге айыппұл салмай, тағы да ескерту беруді ұсынды.

Сонымен, жиын соңында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдеріне апта ішінде анықталған кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.