Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қолұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет Жамбыл жерінде де өз жалғасын табуда. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бүгінде аталған жоба жемісін беріп, баспана бақытына кенелгендердің қатары артып келеді.
Соның жарқын дәлелі – Республика күніне орай Мойынқұм ауданындағы Құмөзек ауылында «Асарлатып үй салу» жобасымен салынған тұрғын үйдің кілті табысталды. Шараға аудан әкімі Әлихан Балқыбеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, ауыл ақсақалы Дүйсен Құрманқұловтармен бірге асарлатып салынған үйдің лентасын қиып, кілтін үй иесі М.Донгуловқа тапсырды. Ал қариялар ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты.
Жұмаш Жолболды