Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем сәнгерлері Әулиеата төрінде

0 371

Күні кеше Әулиеата төрінде «Aspara Fashion Week» сән апталығының ХІІ маусымы шымылдығын түрді. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Шахристан» көрме павильонында ұйымдастырылған халықаралық сән апталығының жобасын 2017 жылы әлемдік беделді киім дизайнерлерінің бірі Айдархан Қалиев жасаған болатын.

Сол жылдан бастап Қазақстанның оңтүстік өңірінде Еуропа мен Орталық Азияның дарынды дизайнерлерінің басын қосқан халықаралық сән көрсетілімдері өткізіліп келеді. Сән апталығының тек Тараз қаласында өтуінің өзіндік себебі бар. Көне шаһар – бір кездері Шығыстың атақты ақындары сұлуларын жырға қосқан және «Қазақстанның киелі картасына» кірген ежелгі қалалардың бірі. Сондай-ақ ол Самарқанд, Түркістан, Бұқара, Хиуа және орта ғасырдың басқа да інжу-маржандарымен бірге Ұлы Жібек жолындағы ең танымал қалалардың ондығына енген танымал шаһар.
Сән апталығының кезекті маусымының ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және алыс-жақын шет мемлекеттерден келген сән өнерінің саңлақтары қатысты.
Әуелі Қайрат Әбілханұлы сөз алып, аталған шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Сән апталығының басты міндеттерінің бірі – шынайы жас таланттарды ілгерілету және индустрия мен сән сапасын жетілдіру. «ASPARA FASHION WEEK» соңғы кездері өткеннің өрнегін заманауи жаңалықтармен ұштастыра отырып, жаңаша бағытта өркендетуде. Қазақстанның сән индустриясы дамып, fashion-industry халықаралық деңгейдегі ынтымағы нығая түскен санаулы қалалардың бірі – біздің шаһар. Шығыс киімінің өзіндік стилі мен ерекшеліктері бар. Азиялық киімдер сәнде бөлек орын алады және бұл стильдегі киім әрқашан өз тарихының сапасы, ыңғайлылығы және құндылығы үшін бағаланады. Орталық Азиядан келген дизайнерлер киімінің ерекшелігі-ұлттық киімдердің даралығы, сән үрдістерінің қызықты тұжырымдары, батыл шешімдер мен заманауи классика, осының бәрін бүгінгі сән апталығынан көруге болады, – деген Қ.Исмаил шараның жұмысына табыс тіледі.
Келесі кезекте жобаның ұйымдастырушысы әрі «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ізгі лебізін жолдады.
3 күнге жалғасатын сән апталығының аясында Орталық Азия мен Еуропадан келген 10-ға жуық мемлекеттің 30-дан астам дизайнері өз топтамаларын көпшілік назарына ұсынады.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.