Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдардың ахуалы жақсаруда

0 318

Ауыл – қашанда қазақтың алтын бесігі, ұлттың жол бастар темірқазығы. Ал ауыл ахуалының жақсаруы тұрғындар үшін де жақсылықтың нышаны болмақ. Бұл бағытта егемендік жылдары қолға алынған байыпты бағдарламалардың берері мол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Елімізде 6,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Халықтың 40 пайыздан астамы сонда тұрады. Солардың 85 пайызы негізгі елді мекендерде немесе жақын маңдағы серіктес ауылдарда қоныстанған. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп, тіректі елді мекендерді дамыту мәселелерін мұқият қарауы керек. Олар лайықты инфрақұрылымға және заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы қажет. Бұл үшін, әрине, жайлы жолдар, қолжетімді байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет», – деген еді.
Әрине, ауылдың әрбір мәселесі шешімін тауып, мұндағы елдің еңсесі көтеріңкі болса, болашақ та баянды. Ежелгі мекеннің мұңы тарқаса, бұл да егемендіктің ерен көрінісінің бірі. Осы бағытта облысымызда атқарылған оңды істер көңіл қуантады.

Өркендеу жолындағы Өрнек

Жамбыл ауданының Өрнек ауылдық округі дамудың даңғыл жолына бет түзеп, өрелі істерімен көңіл қуантып келеді. Бүгінде аталған округке қарасты Өрнек ауылы мен Жұма станциясында 3 мыға жуық халық тұрмыс кешуде.
Ауылдық округте мемлекеттік бағдарламалар да сәтімен жүзеге асуда. Айталық, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 1 млн. 225 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа өрнектік бір азамат қол жеткізіп, қазіргі таңда өз кәсібін ашып, мал шаруашылығымен айналысуда. Мұндағы халық көгілдір отынның да қызығын көруде. Қазіргі таңда «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан округтегі 2 елді мекеннің тұрғын үйлеріне газ жүйесіне қосу жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, округ бойынша 470 ауланың табиғи газға 403-і қосылған. Бүгінгі таңға Жұма станциясы мен Өрнек ауылының газ құбыры трассаларына газ қысымы беріліп, техникалық құжаттары дайын үйлерге көгілдір отын берілуде. Осының нәтижесінде 269 тұрғын газды пайдалануда.
Асыраушы сала ауылшаруашылығы да алшаң басуда. Бүгінде елді мекенде барлығы 146 шаруа қожалығы тіркелген. Ал округ аумағындағы жалпы жайылымдық жер 16 431 гектар, қосымша 2083 гектар жайылымдық жер босалқы жер қорынан әкімшілік жеріне бекітілді.
Өрнек ауылдық округі аумағының жалпы жер көлемі 24358,91 гектар, оның ішінде егістік – 4 217, жалпы жайылымдық жер 16 431 гектар. Округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жеке меншігіндегі мал басы түгелдей есепке алынып, жылдың басына мүйізді ірі қара 2 141, қой мен ешкі 19 040, жылқы 1 452 басты құрады.
Жалпы 2021-2022 жылдары «Тараз» ӘКК-нің тарапынан 71 ауыл тұрғыны 281,259 мың теңге жылдық үстеме 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған. Ал 2023 жылға қосымша 19 тұрғынның құжаты қайта тапсырылып,18 тұрғын 85 млн теңге несиеге қол жеткізіпті. Осыған сәйкес жалпы несие алған тұрғындар саны 89 адамды, жалпы сомасы 366,259 мың теңгені құраған.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс-тық табысын жақсарту» жобасының 1 – ші бағыты «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бойынша «Дидар» ЖК-нің басшысы Дидар Масатбаев 6,6 млн теңге несие алып құлпынай дақылын еккен. Бүгінгі таңда құлпынай жемісі егіліп,1,2 тонна өнім алынды. Сондай-ақ «Асылмұрат» ЖК-нің басшысы Асылмұрат Альшеров 4 млн 40 мың теңге несие алып, жылыжай құрылысын және құжаттарын әзірлеу үстінде. Алдағы уақытта жылыжайға қызанақ және қияр көкөністерін орналастыру жоспарлануда екен. Ал жобаның 2- бағыты «Ауыл округі бойынша ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» бойынша 2021-2023 жылдың қорытындысымен 85 аула 326,259 мың теңге несие алып, жалпы 2 330 бас мал ауылдық округтің ИСЖ базасына тіркелген. Оның ішінде 1 988 бас уақ мал, 267 бас жылқы, 75 бас МІҚ алыныпты. Сондай-ақ, 3-ші бағыт «Ауыл сыртындағы жерді игеру» үшін «Өрнек –Даму» ауыл шаруашылық кооперативі айналым қаражатына 10 млн теңге несие иеленген. Аталған қаражат бойынша 2022 жылы ауылдық округтегі жеке шаруашылықтармен келісім шарт негізінде 50 га жерге бидай егіліп, алынған өнім 68,2 тоннаны, жаздық арпа 100 га жерге егіліп, алынған өнім 160,6 тоннаны. көпжылдық шөп (жоңышқа) 50 га жерге егіліп, алынған өнім 261,1 тоннаны құрады. 2023 жылы 100 га арпа, 50 га көпжылдық шөп егілді. Жаздық арпа 100 га жерге егіліп, алынған өнім 160,6 тоннаны, көпжылдық шөп (жоңышқа) 50 га жерге егіліп, алынған өнім 225 тоннаны құраған. Бұған қоса жобаның 4-ші бағыты бойынша «Өрнек-Даму» АШК ауыл сыртындағы егістік алқапты тиімді пайдалану үшін құны 14 млн 800 мың теңгеге «Беларус-952,2» тракторын, 1 550 мың теңгеге 1 қосалқы тіркеме сатып алған. Бұдан бөлек 5-ші бағыт «Тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру» аясында бүгінгі күнде «Кульзира и Б» ЖК басшысы Кульзира Орумбаева 17 млн теңге алып кондитерлік цех және наубайхана ашты. Қазіргі таңда нан және кондитерлік тағамдар әзірлейтін екі түрлі қондырғы орнатып, кәсібін жүргізуде. Сонымен қатар құны 250 млн теңгені құрайтын «Genezis» ЖК-нің басшысы Маратов Смагул гидропоника және көкөніс өнімдерін консервілеу цехымен жылы жай құрылысын жүргізуде. Тағы бір айта кетерлігі, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Өрнек ауылы, Б.Әбілдаұлы көшесінің бойынан «Белайн» антенна-мачталық қондырғысын орналастырылған. Бұл да ел игілігі үшін жасалған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Округ әкімі Қанат Темешбаевтың ағымдағы жылы ауылда атқарылған жұмыстар тек мұнымен шектелмейді.
– Атап айтар болсақ, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 көше орта жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, Өрнек ауылдық округінде бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану мақсатында, бұрынғы Өрт сөндіру ғимаратының құрылыс жүргізіліп, Бекбенбет көшесінің бойындағы саябақ абаттандырылуда. Сонымен қоса Өрнек ауылының кіре берісіне арка орнатылып, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Өрнек ауылындағы аппатты жағдайдағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу үшін облыс бюджет есебінен 100 млн 431 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігері анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деген ауыл басшысы 2024-2025 жылдар аралығында орындалу тиіс жұмыр жоспарларын да жеткізді. Оның сөзінше, келер жылы әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізіліп, Өрнек, Жұма елді мекендерінде көше жолдары жөнделмек. Бұдан бөлек 13 көше жарықтандырылып, Абай көшесінде орта жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Өрнек, Жұма елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу де алдағы екі жылдың еншісінде. Осы бойынша, Өрнек ауылының жер асты су қоры зерттелген. Ауылдық округ тұрғындарының 30 пайыздық көрсеткішін қосып есептегенде жер асты су қоры жеткілікті. Аудан әкімінің ұсынысымен облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Өрнек ауылдық округіне қарасты елді мекендерге топтастырылған ауыз су жүйесін жүргізу туралы ұсыныс берілген. Соған орай 2023 жылы аудандық бюджеттен 17 млн теңге қаржы қарастырылып, жобнаы әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Жобалаушы мердігер – «Санжар ПроектСервис» ЖШС. Бүгінгі таңда жобалаушы мердігер тарапынан елді мекендердің ішіндегі көшелерге топосьемкалық түсірілім жұмыстары жүргізіліп, темір жол астынан өтуге техникалық шарт алынуда екен.

Бостандықтағы берекелі істер

Табыстың тайқазанын тасытқан елді мекендер туралы санамалай бастағанда ең әуелі ойымызға Бостандық ауылы оралатыны сөзсіз. Расында, берекелі істердің бастамашысы болып отырған Бостандық ауылында ауыз толтырып айтатын ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Округтегі 2 елді мекен, 310 аулада 2 151 адам тұрады. Осы тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында ілкімді істер қолға алынуда. Мәселен, 2023 жылы ауылдық округ бойынша аз қамтылған 8 отбасыдан құжат қабылданып, 7 отбасыға 2 млн 205 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауыл тұрғыны Ж.Заябейевнаның өтініші бойынша демеушілер ұйымдастырылып тұрғын үйлерінің қабырғасын сылап, есік терезелері ауыстырылды. Сонымен қатар, мектеп түлектерін, жергілікті кәсіпкерлерді және ауылдан шыққан азаматтарды тарта отырып ауылды көркейту, абаттандыру мақсатында «Жомарт түлек» жобасы аясында түлектердің демеушілігімен біршама жұмыстар атқарылуда.
– Бостандық ауылдық округінің 2023 жылға арналған даму жоспарына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға 105 жобаға мүйізді ірі қара, қой, жылқы алу үшін құжаттарын рәсімдесе, қалған 5 жоба бойынша ТЖО, азық-түлік дүкені, наубайхана, монша салынады деп күтілуде. Жоба құны – 26 млн 200 мың теңге. Осы арқылы 8 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ «Сандуғаш» ЖК басшысы Сандуғаш Жазыбаева «Эко Чикен» жобасымен 12 мың құс балапанын өсіруді қолға алды. Алғашқы жоба құны – 30 млн теңге. Қазіргі таңда 1 200 шаршы метрлік бір база құрылысы аяқталды. Жоба бойынша 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал «Зерхат» шаруа қожалығы жалпы құны 100 млн.теңгеге көкөніс сақтайтын қойманың фундаментін қалап, қазіргі таңда суармалы жеріне 7,5 км қашықтықта инфроқұлылым тартуға құжаттары рәсімделді. Бұдан бөлек, «Аулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы «Нұрбақыт» шаруа қожалығы 20 млн теңге алып 40 бас жылқы, «Жандарбек» шаруа қожалығы 20 млн теңгеге 27 бас жылқы, 150 бас қой алды.
Ауылды абаттандыру да айрықша назарда. Мәселен, 2022 жылы Бостандық ауылындағы саябақты абаттандыруға 62 млн. теңге бөлініп жұмыстар атқарылды. Ал биыл ауыл тұрғыны Ақмарал Іргебаева «Бастау бизнес» бағдарламасымен қайтарымсыз 1 млн 325 мың теңге грант алып, балалар ойын алаңы мен батут орнатып берді. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспар бойынша 2 ауыл тұрғыны бекітілген. Қазіргі уақытта кәсіптік оқуға 2 ауыл тұрғыны өтінім білдіріп, қысқа мерзімді оқуларын аяқтады, – дейді округ әкімі Мұратхан Рысдәулетов. Сондай-ақ ауыл әкімінің айтуынша, округі көріктендіруге де көп көңіл бөлінуде.
– Ауылдық округ бойынша көше жолдарының ұзындығы 12,4 шақырым және бөлініске сәйкес облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 47 шақырымды құрайды.Тазалық жұмыстары 13 көшеде күнделікті, ал облыстық маңызы бар жолдар айына 3 рет жүргізіледі. Кездейсоқ күл-қоқыс орындарынан 5 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Көріктендіру бойынша Талапты, Бостандық ауылының авто көлік жолының жағалауындағы «Жасыл белдеу» бағдарламасымен арнайы қоршалған орынға 2 000 түп қара ағаш егіліп, 225 бағана сырланды. Сонымен қатар Бостандық ауылындағы Р. Байжанов көшесінің бойынан жол кедергілері орнатылып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бейне камера орнатуды қажет ететін жерлерге жеке-жеке ЖСҚ әзірлеп, бюджетке ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 3 бейне бақылау жұмыс істеп тұр, – дейді ауыл әкімі.
Мал шаруашылығының да ауыл да шаруасы ширауда. Айталық, 2023 жылдың ІІ-ші жартыжылдығында мүйізді ірі қара 2 200, қой-ешкі 30 170, жылқы 879, түйе 52, үй құстары 942 басқа жетіп, 100 пайызға өскен. Жалпы мал басы санында өсім бар. Сонымен қатар мал азығын дайындау бойынша ауылдық округте 14 100 тонна дайындалып, жоспар толығымен орындалған. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту мақсатында 3 шаруа қожалық 2 000 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малына 2 млн теңгеге субсидия алған.
Бостандық ауылдық округі бойынша І-кезеңде Конго – Қырым қанды безгегіне кенеге қарсы 218 ауланың қора-жайлары мен ауылдың белгіленген орындары залалсыздандырылып, ветеринария саласы бойынша ауыл тұрғындарының жылқы, мүйізді ірі қара, уақ малдарын аусыл, сібір жарасының алдын-алу мақсатында екпе егілді. Сондай-ақ, биыл лизинг бойынша «Демеш» шаруа қожалығы «Қазагро» қаржысы арқылы жалпы құны 17 млн 800 мың теңгеге «МТЗ 952» тракторын КУН – 10 погрузщик, және 1- соқаға өтінім берді. Ал «Зерхат» шаруа қожалығы жалпы құны 54 млн «Zoomlion» тракторын, опрыскиватель, тіркеме, «Шәріпбай» шаруа қожалығы жалпы құны 9 млн 50 мың теңгеге қызылша, жүгері сепкіш, «Исақұл» шаруа қожалығы жалпы құны 6 млн теңгеге культиваторды лизингке алды.
Суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге келсек, дәндік жүгері 111 га, картоп 28 га, бақша дақылдары 130 га, көкөніс 30 га, 120 га жаңа жоңышқа, 86 га қант қызылшасы егілді. Оның ішінде, «Зерхат» шаура қожалығы 30 га, «Демеш» шаруа қожалығы 10 га қызылшаға тамшылатып суғару әдісін қолдануда.
Бостандықта атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық, алда тұрған жоспарлар да жетерлік. Мәселен, Рысдаулет Байжанов көшесінің бұрылысына, Абай Құнанбаев көшесінің бұрылыс және Жамбыл Жабаев көшесінің бұрылысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұдан бөлек, алдағы уақыттарда халықтын тұрмыс жағайын арттыру мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетіле бермек.

Қарабөгеттің келешегі кемел

Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылдық округі де келелі істер атқарылуда. Аталған ауылдық округ Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек ауылдарынан, 20 көше, 285 ауладан, 1 633 тұрғыннан тұрады. Сондай-ақ ауылдық округте 9 шағын азық-түлік дүкені, 1 наубайхана ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Есепті мерзімде округте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж округте тұрмысы төмен аз қамтылған 6 отбасы 2023 жылдың 2 тоқсанына құжаттарын өткізді. Оның ішінде 1 отбасының табысы кедейшілік шегінен асып кетті, қалған 5 отбасының 29 адамына 1 600 800 теңге жәрдем ақы төленді.
Бүгінгі таңда аталған округ бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша, 29 адам ақылы қоғамдық жұмысқа алынды. 5 – адам жастар практикасында өтуде
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Жалпы округ аумағында 41 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 бірлікке өскен, олардың 9-ы жеке кәсіпкерлік және 32-і шаруа қожалық.
Округ аумағынан жайылымдық және шабындық жер алып бүгінгі таңда пайдаланбай жатқан 10 жеке шаруа қожалықтың жалпы жер көлемі 8 944 гектар, оның ішінде жайылымдық 7 061 гектар, шабындық 1 883 гектар жерді қайтару жөнінде аудандық жер инспекциясына хат жолданған. «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы туралы ауыл тұрғындарына үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде
Округте көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыруға байланысты екі айлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, әр апта сайын сенбіліктер өткізілуде. Учаскелік полиция қызметкерімен бірлесіп, 9 азаматқа үй маңындағы күл-қоқыстарын тазалау бойынша ескерту жасалған. Биыл ақылы қоғамдық жұмысқа округ бойынша 32 жұмыссыз азаматтар тартылыпты. «Жастар практикасы» бойынша 2 жас маман келісім-шарт бойынша жұмысқа қамтылған.
Сондай-ақ Мойынқұм-Ұланбел тас жол бағытында мал қағу оқиғаларының орын алуына байланысты, ауыл тұрғындарына жеке иеліктегі малдарын күндізгі түнгі уақыттарда қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту парақшалары таратылып 1 азаматқа айыппұл салынды. Жол бойының екі жағалауындағы өсіп тұрған сексеуіл отындарын сындыруға және малдардың жиі өтетін жерлеріне автокөлік жылдамдығын азайту үшін жол белгілерін қою туралы аудандық тиісті мекемелерге сұраныс хаттар жазылыпты.
Қарабөгетте жол жөндеу жұмыстары да қарқын алуда. Айталық, ауылдағы Тайжанов көшесін «Тараз Строй Инвест» ЖШС жөндесе, Сарыөзек ауылында Қуанышбаев көшесінің қиылысы мен Қ.Сәтбаев мектебіне дейін «Мерей Строй Инвест» ЖШС жөндеуден өткізді. Бұған қоса Құмөзек ауылынан Б.Амантаев көшесіне шағал тас төседі.
– Сарыөзек ауылына шағын футбол алаңшасын салынады. Сондай-ақ Қарабөгет ауылының Қарағыл өзегіне салынған бөгетті нығайтуға 2 500 000 теңгеге сметалық құжат дайындалды. Сондай-ақ Тайжанов көшесіне түнгі жарық шамдарын орнатылып, құмөзектіктерге су мұнарасы орнатылмақ, – дейді округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев.
Әрине, бұл ауылдарда атқарылған ілкімді істердің бір парасы ғана. Алда тұрған жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды. Осының нәтижесінде күн өткен сайын ауылдықтардың ахуалы жақсарып келеді.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.