Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құпиясы көп Қарахан кесенесі

0 2  353

Х-ХІІ ғасырда ұлы Қараханидтер мемлекетінде билік құрған Шамахмұд Бұғра Қарахан жайлы ел ішінде аңыз-әпсана өте көп. Оның әулиелігі хақында аңызбен астасқан оқиғалар да аз емес. Олардың дені бүгінде бабадан балаға мұра болып жетіп, тарихтың ақтаңдақ беттеріне таңбаланды. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен Қарахан кесенесі жайлы тіпті тылсымға толы, жұмбағы ашылмаған жайттар жетерлік.

Жалпы Қарахан мен Айша бибі махаббаты мәңгілік сезімнің символына айналғаны аңыздан аян. Бір-біріне қосыла алмай кеткен қос ғашық кейінгі жастардың піріне баланды. Бүгінде Айша бибі десе Қарахан, Қарахан десе Айша бибі қатар айтылады. Сүйіктісін жылан шағып қайтыс болған кезде Қарахан өзіне де мазарды қатар салғызады. Көнекөз қариялардың айтуынша, Тараз шаһарында зәулім ғимараттар бой көтермей тұрған кезде Қарахан баба кесенесінен Айша бибі кесенесін көруге болған екен. Қос мазарды тұрғызудағы негізгі мақсат та осы болыпты. Алайда кейін көне шаһардың көкжиегі кеңейіп, ауқымы үлкейген кезде Айша бибі мен Қарахан кесенесі қаланың екі шетінде қалып кеткен.
Тарихта Қарахан өз дәуірінде өте дәулетті патша болғаны жазылған. Алайда шексіз байлығына қарамастан хан қарапайым ғұмыр кешкен. Аңызда Қарахан баба аң батшасы арыстанның өзін әміріне бағындырғаны айтылады. Тіпті арыстанды атша ерттеп, жоталарда жортып жүрген деседі. Алайда Қарахан өз әйеліне сөзін өткізе алмапты. Мінезі біздей болған бәйбішесі жолдасының тілін еш алмайтын болыпты. Бұған таңғалған уәзірлері: «Алдыңызда аң патшасы арыстанның өзі иіліп тұрғанда, қалайша әйеліңіз сізге қарсылық көрсетеді?» деп сұрайды екен. Сонда Қарахан баба: «Әйелімнің осы мінезі үшін Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Бүкіл әлем менің алдымда бас иіп тұрса, өзімді бәрінен биік қойып, тәкаппарланып, ібілістің торына түсер ме едім?! Әйелімнің арқасында өзімді Құдайдың көп құлының бірі екенімді түсініп, тәубаға келіп отырамын», – деген екен. Міне, Қарахан баба ұлы билеуші болса да, Алланың алдында барлық пенде тең екенін түсінген.
Қарахан баба кесенесіне қатысты да сан түрлі пікір тудырып жүрген дүниелер бар. Әсіресе кесенедегі жазбаға байланысты зерттеушілер мен ғалымдар бір байламға келе алмай жатыр. Мәселен, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» ғылыми-зерттеу орталығының маманы, тарихшы, зерттеуші Асылжан Дулати кесенедегі жазуға қатысты күтпеген мәлімдеме жасады.
– Қарахан дәуірін зерттеп жүргеніме біраз жыл болды. Бар мақсатым – осы кесене маңдайшасында жазылған жазудың не туралы жазылғанын анықтап, жарыққа шығару. Бастапқыда маңдайшадағы жазуды араб тілінде таңбаланған деп ойлап, бірқатар адамға жібердім. Алайда жазу араб емес, парсы тілінде жазылған болып шықты. Сосын парсыша жазуды филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейге жолдап, ол кісінің пікірін тыңдадым. Профессор жазуды: «Ықыласыңызға түс көріп оқыдым, патша гүлзары. Сен жазар болсаң оның тағдырына, патша гүлзары санымен саналған 1322» (تو که نویسد برای انجامش روضه پادشاه بود رقم), – деп сөзбе-сөз аударғанын айтты. Сонда жазудың аудармасына қарасақ, кесенеде жатқан адамның өмірден қайтқан жылын меңзейтіндей. «Егер мұнда жатқан адам 1 322 жылы қайтыс болған болса немесе сол жылы мазар салынған десек, онда кесене, шын мәнінде, Қараханға тұрғызылған ба?» деген ой туады. Менің «Алтын Орда һәм Қайду хан мемлекеті» деген мақаламда Тараз қаласын 40 жыл билеген Қайду хан туралы жазған едім. Аудармаға қарап отырсам, «бұл мазар сонда 1 300 жылы өмірден өткен Қайду ханның кесенесі ме?» деген де ой келеді. Өзі өлген соң 22 жылдан кейін басына ұрпақтары кесене салдыруы да мүмкін ғой?! Ортағасырлық тарихшы Жамал Қаршы өзінің «Ал-мулхакат би-с-сурах» атты еңбегінде: «Біздің елдің ханы – Қайду хан 670/1271 жылдың қыркүйек айының соңында Таразда таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін түсінетін, білімді, мұсылмандарды қолдаушы, мейірімді, тапқыр хан еді», – дегенді айтады. Ал ортағасырлық «Муизз ал-Ансаб» атты еңбекте: «Қайду хан ұзақ өмір сүрді және 40 жылдай патшалық құрды. Оның қырық шақты ұлы болды» деген деректі келтіреді. Қарахан бабаның аңызында да оның 40 жыл ел билегені, білімді, жомарт, әділетті болғаны айтылады. Ал бұл айтылған аңыздардың барлығы да біз айтып отырған жоғарыдағы деректердегі Қайду ханның бейнесіне келетіні айқын көрініп тұр. Сонда бұл кесене Қарахан емес, Қайду хан кесенесі болғаны ма? Әрине, бұл әлі көп зерттеуді қажет етеді. Мұнда қандай хан, қандай патша жатса да, ең бастысы, ұлы адам болғаны анық, – дейді тарихшы, зерттеуші Асылжан Дулати.
Жалпы тарихшының бұл сөзі талай талас тудыратындығы анық. Алайда Айша бибі кесенесіндегі «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние…» деген жазудың да құпиясы әлі күнге ашылмай келеді. Зерттеушілер бұл сөздердің бізге беймәлім жалғасы болуы мүмкін деген болжамдар жасауда. Кім біледі, бәлкім Айша бибі мен Қарахан кесенесіндегі жазулар бір ұғым беретін сөздің жалғасы ма? Оны енді тарихшылар мен зерттеушілердің еңбегінің еншісіне қалдырдық.
Қалай дегенде де, Қарахан баба кесенесі талай тылсым мен құпияны бұғып жатқаны анық. Әрине, бұл жалғанның барлық жұмбағын ашу мүмкін емес. Кейде адам санасы жетпейтін жағдайлар мен оқиғалар болып жатады. Қарахан бабаға қатысты да құпия құлпына таңылып, жұмбағы ашылмаған жайттар көп. Оның ақиқаты қашан аян болатындығы белгісіз. Алайда көне шаһар тек көпестердің ғана емес, тарихи тұлғалар мен аңыз адамдардың құтты мекені болғанын осындай деректер айғақтай түседі.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.