Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрар Дүйсебаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды

0 353

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, кинорежиссер, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Тұрар Дүйсебаевтың тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.

Шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, жазушы-драматург Елен Әлімжан бастаған зиялы қауым өкілдері мен қайраткердің туыстары қатысты.
Басқосуда сөз алған Қайрат Әбілханұлы қаламгердің адамдық болмысына, ұлт руханиятындағы атқарған еңбектеріне тоқталды.
– Тұрар Бекжанұлының есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесі өте зор. Өзіміздің Жамбыл облыстық драма театрында оның қолтаңбасы сайрап жатыр. Ол сахналаған әрбір туынды көрермен жүрегінен орын алды деп ойлаймын, – деген Қ.Исмаил артында өшпес мұра қалдырған қайраткер Жамбыл жұртшылығының жүрегінде мәңгі қалатынын жеткізді.
Тұрар Бекжанұлы 1953-1956 жылдары Жамбыл облыстық драма театрының директоры әрі режиссері болған. Одан кейінгі жылдары Атырау облысы драма театрының бас режиссері, «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері, облыстық халық шығармашылығы мен мәдениет-ағарту жұмыстарының ғылыми-әдістемелік орталығында директор, зейнетке шыққанша «Тараз-Тұрарфильм» жекеменшік киностудиясында директор болып қызмет атқарды. Сондай-ақ қайраткер 20-ға тарта деректі және ғылыми-көпшілік фильм сценарийлерінің, пьесалардың, инсценировкалардың авторы. 17 фильмі «Қазақфильмінің» алтын қорына енген.
Салтанатты шарадан соң марқұмның рухына арнап ас берілді.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.