Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлік көзі – ауылда

0 254

Аймақта шағын және орта бизнесті дамытуда әйелдердің қосқан үлесі қомақты.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗы

Мәселен, бүгінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің құрамында 80-нен астам кәсіпкер келіншек болса, олардың 50 пайыздан астамы ауыл-аймақтардағы әйелдер. Бүгінде шалғай елді мекен халқының әл-ауқатын көтеріп, үй шаруашылығынан бас алмай, тұрақты жұмыс таппай жүрген әйелдерге мүмкіндік көп. ҚР «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Азия даму банкінің қолдауымен «Ауыл-аймақта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» тақырыбы аясында өткен семинарда айтылды. Елді мекендердегі бизнес бикештеріне арналған тегін семинар екі күнге ұласты. Маңызы мол жиында ауылдағы бизнеске қолдау көрсету бағдарламалары туралы Қызылорда облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова, өңірдегі банк филиалдарының өкілдері дәріс оқыды.
– Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер мен өз бизнесін одан әрі дамытуды мақсат ететін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар көп. Мәселен, Жамбыл облысы аумағында шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Атамекен» ҰКП ұсынған «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы» бағдарламасы баршамызға таныс. Ал бағдарлама аясында микронесие беру ауқымын кеңейту, тұрғындарға бизнес негіздерін жаппай оқыту, ауыл шаруашылық кооперацияларын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған өзге де оңтайлы шаралар қарастырылған. Қазіргі күні ауылдағы кәсіпкерліктің негізгі салалары – білім және медицина, шаштараз, химиялық тазалау, қоғамдық тамақтану, қонақжайлық индустриясы. Бұларды ауыл-аумақтарда дамыту маңызды. Әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі дегеніміз – ауданның, аймақтың және жалпы елдің экономикалық өсімінің кепілі, – дейді Қызылорда облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова.
Қазіргі таңда облыста 64 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істесе, олардың 40 пайызы бизнес бикештердің жетекшілігімен. Бүгінде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан теңдессіз қолдау шаралары ұсынылуда. Экономиканың осы бөлігінде ең көп кәсіпкер әйелдер жұмыс істейтіндігі кездесуде баса айтылды. Ал семинарға қатысушылардың пікірінше, әйелдер кәсіпкерлігінің басты мәселесі қолжетімді несие ресурстарының жетіспеушілігінде екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.