Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қос ішектің құдіреті

0 1  650

Ұлттық саз өнерінің жарық жұлдызы Құрманғазы Сағырбайұлының өмірбаяны, асқақ рухты күйлері бүкіл рухани өмірімізбен біте қайнасып, ажырамас бөлшегіне айналып кеткелі қашан! Қай кезде болсын үлкенді-кішілі сахналардағы қандай да бір концерт бағдарламаларын Құрманғазы бабаның құдіретті күйлерінсіз көзге елестету де, көңілге тоқ санау да қиын.

Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының сарқылмас рухани мұрасы жанымызға қаншалықты жақын болса, оның қилы-қилы кезеңдегі күрескерлік өмірі де, болмыс-бітімі биік тұлғасы да баршамызға әбден таныс. Оның өмірі мен шығармашылығы, тіпті әрбір күйінің тарихына дейін зер сала зерттеліп, талай татымды еңбектер де жазылғаны аян.
Құрманғазының әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпты аркау еткен «Балбырауын», «Бас ақжелең», «Адай» немесе «Адай қыз», «Серпер» сияқты басқа да бірқатар күйлері алғашқы творчестволық туындылары болып саналады. Бұл күйлер жайлы Құрманғазының өмірін зерттеуші академик А.Жұбанов накты анықтамалар беріп, мазмұны мен характерін ашып көрсетті. Зерттеуші «Балбырауын» күйі туралы былай деп жазады: «Күй бастан-аяқ би ырғағында туындаған, асқақтаған көңіл-күйдің толқыны шаттық сезімін оятып, мерекелік ойынды, тіпті ауыл жастарының би алаңын көз алдына елестетеді. «Балбырауын» музыкасы өте ұшкыр, жүрек суыратын ойнақы».
Адай руының әсем бойжеткені күйші жанына сезім шуағын септі, сол сұлуға арналған «Адай» күйі – жастық жалыны мен ыстық ынтызарлыққа толы күй. Құрманғазы – әйел образының әсем галереясын әуезбен әшекейлеген шебер. Өте нәзік әрі психологиялық даралықпен әйел бейнелерін сомдады. «Назым» «Балқаймақ», «Қайран шешем» күйлерінен қазақ қыздарының ұстамдылығы мен сұлулығын, әйел-аналардың мейірбандығы мен дархан жүрегін көреміз. Олар ар алдындағы тазалығымен, қайырымдылығымен, қажырлылығымен мықты, сондығымен де сыйлы, ардақты. Құрманғазы музыка тілінде ана махаббатының мәңгілік сөнбес қуат-көзін өте шеберлікпен өрнектей білген.
Құрманғазы орыстың прогрессивті өнер кайраткерлерімен, қазақ музыкасын зерттеуші филологтармен, тарихшылармен, этнографтармен кездесіп тұрды. Құрманғазы Сағырбаевтың замандасы, күйшінің портретін жазған оралдық журналист, ақын Н.Ф.Савичев Құрманғазыны Оралға шақырып, халыққа өнер көрсетуін өтінген. «Уральские войсковые ведомости» газетінде Н.Савичев: «Словом, Сагырбаев – редкая музыкальная душа, и получи он европейское образование, то был бы в музыкальном мире звездой первой величины».
Қазақ даласының шексіз кеңдігін, тіл жеткізе алмас сұлулығын жарқын бояумен суреттеген «Сарыарқасы» – Құрманғазының творчестволық шыңы. Дала бейнесін кескіндеу үшін күйші бай әуен, ұшқыр ырғақ, қанаттанған сезім, жүйрік динамика мен нәзік сезімталдықты астастыра пайдаланып, қағыс пен дыбыс үндестігін ғажап шеберлікпен ұштастырған. Мейірбан күн, жазира дала халықты жарқын өмірдің таусылмас қызығына ынтықтыра шақырып тұрғандай.
Қазақтың ұлттық музыкалық аспабының даму үрдісіне халықтың орындаушылық мектебінің қосқан үлесі қомақты. Оның бірі – батысқазақстандық, екіншісі – шығысқазақстандық орындаушылық мәнері болып табылды. Батыс Қазақстанда – Құрманғазы мен Дәулеткерей, сондай-ақ олардың ізбасарлары – Абыл, Қазанғап, Сейтек, Дина мектептері, Шығыс Қазақстанда Тәттімбет, Байсерке, Сүгір мектептері өнер шаңырағын биікке көтеріп, өздерінің қайталанбас ерекшеліктерімен дараланып отырды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.