Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дамуға жетелейтін жүйелі жоспар

0 887

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын Қазақстанның ғана емес, әлемнің саяси сарапшылары маңызды шешім ретінде тегіс мойындады. Расында, «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының кем дегенде 10-15 нақты бағытында сот жүйесінен бастап өзге де маңызды салалар бойынша кешенді өзгерістер көрініс тапқан. Осының барлығы үлкен кәсіби жұмысты қажет етеді. Ол жерде экономикалық та, құқықтық та мәселелер бар. Бұл өзгерістер елімізде қалыптасқан жүйені де ескере отырып, жаңа бағыт, жаңа серпіліс беруге бағытталған.
5 институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау үшін 2015 жылы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Сол өзгерістерге сай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-әрекет орнату жөніндегі үйлестіру кеңесі бірқатар уәкілеттікке ие болса, гранттар мен премиялар түрінде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа формалары тәжірибеге ене бастады.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының басқа да тұстарын жүзеге асыру өз кезегімен жүріп жатыр. Сонымен қатар отандастарымыз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының іске асырылуын да қуана қарсы алуда. Ал осыншама үлкен игі істерді атқару үшін елдегі бірліктің, халықтың қолдауының маңызы зор екені белгілі. Бұл туралы Тұңғыш Президент те сан мәрте шегелеп айтқан еді.
Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Постфактум» кедендік тазарту режимін енгізу жұмыстарын да жүргізді. Аталған жоспар шеңберінде оңалту және банкроттық мәселелері бойынша заң қабылданды. Ол банкрот деп танылған кәсіпорынның дағдарыстан шығуының жаңа жолдарын айқындайды.
Соңғы бірнеше жылда бүкіл әлем экономикалық жүйенің трансформациясын бақылап отыр. Бұл мұнай мен металдар құнының құлдырауымен, дамыған және дамушы елдердің, оның ішінде Қытайдың «жаңа нормасының» өсу қарқынының баяулауымен қатар жүруде. Соның салдары ретінде шикізатқа әлемдік сұраныс төмендейді, өндіріс көлемі құлдырайды. Жағдай әртүрлі елдердің экономикаларының «сауығуына» аз ықпал ететін геосаяси факторлармен де шиеленісе түседі. Тұңғыш Президент белгілеген және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізі болған Бес инс-титуттық реформаның іске асырылуы – еліміздің дамуын трансформациялаудың және мемлекеттің орнықты нарықтық қатынастар жолына түсуінің жалғасы. Мұндай «терең» өзгерістерсіз ғасырдың басты стратегиялық мақсаты дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену мүмкін емес. Бұл мақсатқа жету жолында бізді күтіп тұрған кедергілер де баршылық.
Сондай-ақ бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында балаларға, жастарға білім, тәлім-тәрбие беру мәселесіне жан-жақты назар аударылғаны белгілі. Бұл ретте еліміздің болашағы мектеп оқушыларын демалыс уақыттарында сауықтыру мен олардың толыққанды демалысын және бос жүрмеуін ұйымдастыру үдерісі де зор маңызға ие.
Мәселен, «100 нақты қадамның» «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты бөлігінде электр энергетикасын дамытуға байланысты бірнеше міндеттер қамтылған. Нақтырақ айтқанда, электр энергетикасы саласындағы атқарылар іс-шаралар әлеуметтің үдесінен шығуы тиіс. Бүгінде осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Осы тұрғыда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 50-қадам «Электр энергетикасын қайтадан құру», «Бірыңғай сатып алушы» моделін бекіту» міндеттерін көздейді. Бұл өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 51-қадамда: «Өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру» мәселесі жолға қойылған. Бұл міндетті іске асыру энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырып, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайтады. Осының өзі бұқараның тілегіне сай келетіні талас тудырмайды.
Ал Ұлт жоспарындағы 52-қадам «Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу» деп аталады. Әрине, тариф құрылымы өзгертуді талап етеді. Тарифтерде 2 құрылушы ерекшеленетін болады. Яғни күрделі шығындарды қаржыландыру және электр энергиясы өндірісінің ауыспалы шығындарын жабу үшін пайдаланылатын электр энергиясы үшін төленетін ақы белгіленеді. Бұл шығынды өтеу әдісі бойынша тарифтерді бекітетін қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік береді. Көріп отырғанымыздай, ел экономикасын ілгері дамытудың басты тегершігіне айналған электр энергетикасын оңтайландыру жолдары баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің Ұлт жоспарында осылайша көрініс тапқан. Ендігі міндет – осы шараларды дәйектілікпен іс жүзінде орындау.
Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынуы жаһанданған әлемнің жаңа сын-қатерлеріне жауап ретінде дүниеге келді. Мемлекеттілікті нығайтуға, қазақстандық қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бұл іс-шаралар білім беру жүйесіне тікелей қатыстылығы айқын аңғарылады. Дүниежүзілік үрдіс бойынша барған сайын ғылым мен білімнің рөлі артып, ол қоғамдық байлықты құрудың басты тәсіліне айналды. Бұл үрдістер білім жүйесінің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Ақпараттық қоғамда жұмыс күшінің нарығы жоғары білім дәрежесі және адамның қайта мамандануға бейімділігіне қарай қалыптасады.
Кез келген мемлекеттің басты байлы- ғы – адам. Адам капиталы қазіргі заманда қоғамдық дамудың бағытын және елдің болашағын айқындайтын маңызды фактор саналады. Адами капиталды табысты жүзеге асыру тиісті әлеуметтік кеңістік құруды және адамдардың интеллектуалдық қабілеттерін ашатын мүмкіндіктер жасауды қажет етеді. Мемлекетті табысқа жеткізетін де осы креативті топ – ғалымдар, білікті мамандар, инноваторлар мен кәсіпкерлер.
«100 нақты қадамның» 77-қадамында айтылған «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он ЖОО-да білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына таратудың» да басты мақсаты мамандардың бәсекеге қабілетін арттырудан туындап отыр. Бұл міндет қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге жол ашты. Мысалы, кәсіптік-техникалық оқу орындарында дуальді оқыту моделін енгізу еңбекке жағымды көзқарасты қалыптастырумен бірге жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды қолдануға ұмтылысты ынталандырады, өндірістің және халық табысының жедел өсуіне үлес қосады. Дуальді оқыту теория мен тәжірибенің тығыз ұштастырылуы негізінде жүзеге асады және жас маманның алған білімдерін өмірде қолдана алуына ықпал етеді. Германияда кең таралған оқытудың бұл әдісі бойынша практикалық сабақтар тікелей кәсіпорында өткізіледі. Кәсіпорындағы білікті мамандардың көмегімен студенттер теориялық білімімен қоса нақты тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Осылайша оқу орнын бітірген түлек тәжірибелі маман болып шығып, бірден өндіріс орнына жол тарта алады. Бұл – оқу орны түлектерінің жұмыссыз қалмауының бір кепілі. Еуропа елдерінде сыннан табыспен өткен дуальді оқыту жүйесі алдағы уақытта оқу орындарының басым көпшілігінде қолданылуы әбден мүмкін. Өйткені жұмыс берушілер де білікті маманға зәру және бұл еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін оң үрдіс.
Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің негізгі қазығы – Тұңғыш Президент ұсынған Бес институттық реформа мен содан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары екені белгілі. Осы маңызды құжаттарда еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім білім беру және оның тетіктерін барынша жетілдіру мәселесі жиі көтеріліп келеді. Біз бұған қуануымыз керек және оны барынша қолдауға тиіспіз. Өйткені жас ұрпақтың келешегі кемелді, білімі терең, ақыл-ойы мен парасаты биік болуына бүгінгі біздер, аға ұрпақ өкілдері, зиялы азаматтар айрықша жауаптымыз. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әрбір жолын оқыған сайын осындай ой түюге болады.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.