Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – халықтың рухани болмысы

0 877

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Халық өмірінің айнасы – оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн. Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең әуелі, өз туындыларымен танымал болып, қоғамға, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді», – деген болатын.

Әлбетте, қай кезеңді алсақ та, қоғамның дамуы оның экономикалық және саяси институттар жұмысының белсенділігімен байланысты емес екені белгілі. Бүгінде жаһанданумен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет ететіні бәрімізге мәлім. Президент өз Жолдауында мәдениетті дамыту мәселелерін де тілге тиек етіп: «Қоғамды топтастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелерінде елдің тарихи мұрасы мен мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға үлкен рөл беріледі. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері кең, оның ішінде халықаралық аренада тиімді жайғастыру мүмкіндіктері де бар», – деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл мәселедегі біздің саясатымыз қайта қарауды талап ететінін де баса айтты.
– Қазір мемлекет көбінесе бюджетті қуана-қуана алатын белгілі бір қайраткерлердің жобаларын ғана қаржыландыратын болып жүр. Жаңа жанрлық форматтарды игеріп, үнемі тәжірибе үстінде жүретін, солай бола тұра меценаттардың есебінен өмір сүретін жас және талантты мүсіншілер, суретшілер, театралдар, музыканттар, жазушылар төменде қалып қойып жатыр. Казақстандық мәдениет солардың арқасында жаһандық үндестікке ие болады емес пе?! Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениет пен оның дарынды өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын ұсынуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шыны керек, қазір жастарымыз бөгде мәдениетке бой ұрып барады. Мәселен, өскелең ұрпақтың көпшілігі орыс немесе шетел әндерін тыңдайды. Бұған, әрине, ғаламтордағы, теледидар мен радиодағы жат тілдегі қаптаған контент кері әсерін тигізіп отыр. Сарапшылар мәдениетаралық диалог пен рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселесіндегі ғылыми рефлексия өткеннің семантикалық шығу тегіне бастап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі және болашақ туралы ойлануға мәжбүрлейтінін алға тартады. Елдің рухани жаңғыруының жолдары мен тетіктерін іздестіру жағдайында, әсіресе Қазақстан сияқты полиэтносты және поликонфессиялы қоғам құруда диалог пен өзара түсіністік туралы мәселе өзекті әрі стратегиялық маңызды. Халық рухани құндылықтарға және өткеннің рухани мұрасына, сондай-ақ әлем және адамзаттың қазіргі дүниетанымдық көзқарасына бойламай, өзін-өзі шынайы тани алмасы анық.
Адам, қоғам және мәдениет – бұл үшеуі бір-бірінен ажырағысыз, тұтас дүние. Мәдениеттің қоғамдық құбылыс ретіндегі мәні оның ешқашан жеке адамның қолымен емес, тек қоғамның күшімен жасалатынынан көрініс береді. Өйткені кез келген адамның жетістігі оның өзінің жеке табысы бола алмайды. Барлық жағдайда мәдениет пен қоғамның дамуында сәйкестік болып, олар бір-біріне тура ықпал етіп отырады. Мәдени даму – қоғам дамуының мәнді бір саласы. Егер қоғамды тұтас бір дене десек, мәдениет оның бір жанды ағзасы болып шығар еді. Қоғам дамуындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер мәдениеттің дамуына да тікелей әсер етіп отырады.
Бізді осы қоғамда ұлт ретінде көрсететін үлкен мәдениетіміздің бірі – тіл. Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тіл мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Расында, тілдің жайы – ұлттың жайы. Ал мемлекеттік тіл дамуы үшін кез келген орта қазақшалануы керек. Президент те тіл мәселесін май шаммен қарамаса болмайтынын жеткізді. Осы орайда тілді дамытуға арналған нақты шаралар да, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі де артуы қажет.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Сол үшін осы мәселеде күш біріктіргеніміз абзал. Өйткені тілдің мүшкіл жайы – бәрімізге ортақ түйткіл. Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді. Шын мәнінде тіл жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады. Кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай, одан әрі дамыта түсу. Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады. Сондай-ақ кез келген салада емін-еркін қолданылады. Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің өрісі кеңейе түсті. Білім мен ғылымның, интернет пен бизнестің тіліне айналды», – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Тағы бір еліміздің атағын әлем алдында асқақтататын – спорт саласы. Бір қуанатынымыз, еліміздің спорт саңлақтары әлемдік жарыстардан абыроймен оралуда. Алдағы үлкен алманда жас спортшылардан да күтетін үміт көп. Бұл туралы Президент құнды құжатта жас буын арасында бұқаралық спортты насихаттау керектігін тілге тиек ете отырып: «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастыра-мыз», – деді. Осыған орай аталған бағытты заңнамалық тұрғыда нақтылап, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін тапсырды. Алдағы уақытта бұл тапсырма бойынша нақты шаралар қабылданбақ.
Қазақстанның бай тарихын, өзгеше мәдениетін көрсететін саланың бірі – туризм. Қазір кенжелеп тұрған бұл саладағы түйткілдердің түйінін тарқатуға бағытталған тапсырмаларды Мемлекет басшысы шегелеп берді. Оның: «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс», – деуі – осының айғағы. Жолдауда айтылған-дай, жеріміздің табиғатына туристердің назар аударту салаға серпін берудің жолы. Ол үшін Шыңғыс хан тұлғасын тиімді пайдаланып отырған Моңғолияның тәжірибесін негізге ала отырып, Алтын Орданың іргесін қалаған, өзіміздің Ұлытауда жерленген Жошы ханның есімін кеңінен насихаттауымыз тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аталған Жолдауында мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсету керек екенін де айтты. Әрине, мәдениеті өскен мемлекеттің діңгегі берік, ділі нық. Сол үшін осы бағытта аянбай жұмыс істеуіміз қажет-ақ.
Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, халық болмысының айнасы. Әрі бұл сала ән-бимен ғана шектелмейді. Кітапхана, музей, театр сынды руханият ордаларының да бұл салаға қосатын үлесі қомақты. Алайда ондағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында да көрініс тапты. Яғни бұл құжат мәдениет пен руханиятқа үлкен қозғау салып, көптеген игі шараның бастамасы болғалы тұр. Президент мәдениет саласының қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінбей отырғандығын айта отырып, олардың еңбекақысын көтеруді тапсырды. Бұл тапсырма еліміздің мәдениет саласына жанашыр кез келген жанды қуантқаны анық.
Расында, бүгінде елімізде мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбеген. Бұл – әуелі кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Мәдениет – тамыры тереңде жатқан, ұрпақтар сабақтастығының қайнар бұлағына айналған ұлттың рухани болмысы. Өнер – халықтың жаны. Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Мәдениет саласына қамқорлық – болашаққа инвестиция. Төл мәдениетті, ұлттық өнерді сақтау және дамыту үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің біріне айналуы тиіс», – деуі жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Президенттің бұл Жолдауы алдағы атқарылатын істерде басшылыққа алынатын негізгі құжатқа айналмақ. Бұл өз кезегінде тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын сақтауға және еліміздің өркендеуіне жол ашатыны сөзсіз.

Луиза Давлетбагина,
Төле би атындағы №8 гимназияның
11-сынып оқушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.