Әртүрлі псевдо-исламдық ағымдар мен діни экстремизм идеологиясы белгілі бір тарихи жағдайларға негізделіп, нақты саяси жағдайларда, тәуелсіздік үшін күрес кезеңінде, ұлт-азаттық қозғалыстар барысында таралады. Қазақстан жаһандық қоғамның бір бөлігі болғандықтан, соңғы онжылдықтарда түрлі сын-тегеуріндерді бастан кешуде.
Елімізде қоғамды дүрліктіріп, халықтың ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғаны бәрімізге белгілі. 2011 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң діни әдебиеттердің таралуын және діни ұйымдардың миссионерлік қызметін бақылауды күшейтіп, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды мұқият реттей бастады.
Әлемде болып жатқан өзгерістер діни негізделген экстремизм идеологиясын насихаттау мен таратуға қатты әсер етті. Әртүрлі экстремистік ұйымдар жаһандық даму әсерінен өз қызметін жүзеге асырудың тиімді формалары мен әдістерін іздей отырып, қазіргі заманғы ақпараттық қоғамның мүмкіндіктерін игере бастады. Осылайша интернет өзінің арзандығына, жылдамдығына, анонимділігіне және аудиторияны кеңінен қамтуына байланысты радикалды діни-экстремистік идеологияны насихаттаудың ең тиімді құралы болды.
Бәрімізге белгілі, әлеуметтік желілер жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие. Интернет жаңа таныстық тауып, кез келген сұраныс бойынша ақпарат алатын алаңға айналды. Жастар діни білімді де интернеттен алуға құмар. Мысалы, Қазақстан аумағында «В контакте» әлеуметтік желісінде «Ислам» сұранысы бойынша – 1 357, «Құран» сұранысы бойынша – 88, ал «Сүннет» сұранысы бойынша 181 қауымдастық табылды. Бұл қауымдастықтардың ішіндегі ақпараттың бәрі дұрыс екендігіне ешқандай кепіл жоқ. Жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтар сияқты біреуін өшірсең, екінші қауымдастық ашылып жатады. Ақпарат ағынын бақылауда ұстау мүмкін емес.
Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары таңын жаңа видеоролик іздеуден бастайды. «Ислам» деп жазсаңыз, экстремистік мазмұндағы жүздеген ақпарат бар. Олар психологиялық әдістерді пайдалана отырып, адамды арбау әдістерін жетік меңгерген. Ал діни сауатын осындай видеолармен арттырса, адамның түзу жолдан тайып кетері сөзсіз. Адамдарды деструктивті діни ағымдарға тарту үшін мұндай аккаунтарға «Исламдағы махаббат», «Насихат», «Ислам туралы бірер сөз» деген сияқты жағымды атаулар қояды.
Оқырман көкейінде «Әлеуметтік желіде қандай жұмыстар жүргізіледі?» деген сұрақ туындауы заңды. Елорда аумағы бойынша айтатын болсам, өзім қызмет атқаратын Діндерді зерттеу орталығы 2020 жылдан бері осындай қауымдастықтардан пайдаланушыларды шығару бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінде 4 мыңнан аса адамға ескерту хабарламалары жіберілді. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей, интернетті жүз пайыз бақылауда ұстау мүмкін емес.
Атап айту керек, бұл ескерту хабарламалары профилактикалық жұмыс іспеттес. Біріншіден, адамдар байқамай лайк басып немесе экстремистік мазмұндағы видеоны бөліссе, ҚР заңнамасын, атап айтқанда, Әкімшілік кодекстің 453 және 490-баптарын бұзуға әкеп соғуы мүмкін. Бұндай жағдайда 50 АЕК айыппұл көзделген.
Екіншіден, деструктивті мазмұнмен танысу және зерттеу арқылы пайдаланушы радикалданады. Ал, үшіншіден, лайк, репост ол адамның қызығушылығын көрсетеді.
Сөз соңында айтарым, дін туралы ақпарат аларда әлеуметтік желіге жүгінбеген жөн.
Бексұлтан АБДУЛЛОВ,
дінтанушы