Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сақалды» құрылыстан келер қауіп көп

0 612

Тараз қаласының аумағында шаһарымыздың сәулеттік келбетіне сызат түсіріп, тұрғындардың көзіне шыққан сүйелдей болып тұрған «сақалды» құрылыстар аз емес. Мұндай қараусыз тұрған ғимараттар балалар мен жасөспірімдердің үйір болатын аймағына айналып, тіпті аяғы қайғылы оқиғаға ұласып жатқан жағдайлар да тіркелуде. Адам өміріне қауіп төндіріп, түрлі қылмыстық әрекеттер жасалатын орындарға айналған мұндай нысандарды жою үшін облыс орталығында қандай жұмыстар жүргізілуде? Жерлестерінің қауіпсіздігіне көз жұма қарайтын кәсіпкерлерге қандай шара қолданылады?

Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі шаһар аумағындағы 35 нысанды «сақалды» құрылыс ретінде таныған екен. Тоқтап қалған құрылысты аяқтау мақсатымен қолға алынған шаралардың нәтижесінде 15 ғимарат толықтай соғылып бітіп, өз жұмысына кіріскен. Ал 9 нысандағы құрылыс қаржылық қиындықтарға байланысты толықтай тоқтатылған. Олардың ішінде Қаратай Тұрысов көшесі, 5 «В» мекенжайы бойынша облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің артында орналасқан көпқабатты ғимарат та бар. Бірнеше оқыс оқиға мен қайғылы жағдай орын алған нысанның құрылысын аяғына жеткізу мәселесі ұзақ жылдар бойы көтеріліп келсе де, шешімін таппай келе жатқан түйткілдердің қатарында тұрған еді. Көпшіліктің қуанышына орай, сағызша созылған бұл істің нүктесі жуық арада қойылмақ.
– Аталған жайтқа байланысты сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа жүгініп, сот ұйғарымы шықты. Оған сәйкес мердігер ғимаратты өз есебінен бұзуға міндеттелді. Яғни «сақалды» құрылыс толықтай сүріледі. Алдағы уақытта кәсіпкерге аталған жер телімін қайта пайдалануға тағы бір мүмкіндік беріледі. Егер ол 3 жыл ішінде бұл аумақты қажетіне жаратпаса, учаске аукцион жүйесі арқылы өзге мүдделі азаматтарға сатылады, – дейді бөлімнің бас маманы Нұрсұлтан Исабеков.
Сонымен қатар қалған 8 нысанның иелеріне де ескертпе хаттары жолданып, оларға 2 ай ішінде құрылысты жандандырып, келер жылдың аяғына дейін аяқтау туралы талап қойылған. Әйтпеген жағдайда олардың да мәселелері сот арқылы шешілмек.
Нұрсұлтан Арқабайұлының айтуы бойынша, қалада құзырлы мекемелердің рұқсатынсыз құрылыс жүргізетін кәсіпкерлерге де тоқтам болмай тұр екен. Заң сөзіне қайшы келетінін біле тұра мұндай әрекетке баратын бизнес өкілдеріне қолданылатын жаза да қатал көрінеді. Мәселен, қазіргі уақытта қала бойынша 49 ғимарат заңсыз салынғаны анықталып, оның ішіндегі 41-інің иелеріне 6 748 230 теңге айыппұл салынған.
– Анықтап айтып кетер жайт, айыппұл көлемі құрылыс барысында заң бұзушылыққа жол берген ғимарат иесі құжаттарын қаншалықты толық дайындамағанына байланысты өзгереді. Жалпы алғанда, бұл сома 30 бен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады. Жоғарыда атап өткен айыппұл арқалаған кәсіпкерлер құрылысқа рұқсат беретін құжаттарды дер кезінде алмаған. Бұдан бөлек, «қызыл сызықтан» асып кеткен 2 ғимарат бойынша сот процесі жүруде. Белгіленген шектеуден шығып, құрылыс жүргізетін азаматтардың әрекеті қатаң бақылауымызда. Қажет болған жағдайда мұндай нысандарды сот шешімі арқылы сүруге дейін апарамыз, – дейді Н.Исабеков.
Осы орайда бөлім мамандары қала тұрғындарына заң талаптарын сақтап, құрылыс жұмыстарын бастар алдында оны жүргізуге берілетін барлық рұқсат құжаттарын толық дайындап, содан соң ғана іске кірісу қажет екенін ескертеді.

Мұратхан ӘЖМАХАНҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.