Тараз қаласының әкімдігінде әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің төрағалығымен өткен жиында ерте жүктіліктің алдын алу, этномәдениетке және діни дәстүрге негізделген ерте жастан некеге тұрудың заңсыздығы бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы қаралды.
Басқосуда баяндама жасаған Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов шаһар мектептеріндегі ахуалға кеңінен тоқталды.
– Оқу жылы барысында кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін көтеру мен сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты атқарылды. Айта кетер жайт, биыл ерте жүктілік дерегі тіркелген жоқ. Сондай-ақ мектеп жасындағы қыз баланы тұрмысқа беру, салт-дәстүр талаптарымен ерте жастан үйлендіру жағдайлары кездеспеді.
Білім беру ұйымдары жылдық жоспарға сәйкес, тәрбиелік бағытта рухани, отбасылық, мейірімділік пен толеранттылыққа тәрбиелейтін жұмыстарды жүргізіп келеді. Адалдық клубтары, әжелер, аналар кеңестері құрылып, қыздарға инабатты, ибалы қыз болып өсуіне, қолөнермен айналысуға үйрететін, отбасы болғандағы әйел баласының міндеттері жөнінде ақпарат беретін «Қыз Жібек» клубтары да жұмыс жасауда. Бұған қоса жыныстық сипаттағы қылмысқа жол бермеу мақсатында әрбір мектепке бекітілген мобильдік топтардың кездесулері өтіп отыр.
Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мен заң бұзушылық әрекеттерін болдырмауға бағытталған жұмыстар бәріміздің басты мақсатымыз болғандықтан, жоғарыда аталған жұмыстарды алдағы уақытта да кешенді атқаруды жалғастыра береміз, – деді бөлім маманы.
Отырыс барысында комиссия төрағасы күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты сұрақтарын қойып, оған тиісті сала мамандары жауап берді. Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша комиссия ұйғарымы шығарылды.
Еркін САЙЫН