Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр тұрғынның көтерген мәселесі өзекті

0 269

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №6 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Жиында әуелі аумақтық округтің бас инспекторы Айбас Бибосынов атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Өткен жылы округте М.Х.Дулати көшесінің бұрылыстары, Еспаев көшесінің 2-бұрылысы, Комратов көшесінің бұрылыстары, Тюленин, Сеченов, Дүйсебаев көшесінің жолдары жөнделді. Сондай-ақ Ташкент көшесі күрделі жөндеуден өтті. Еспаев көшесінің 2-бұрылысы, 3-тұйық Трудовой көшесіне жарық орнатылды.
Ал биыл жоспарға сәйкес, Қонаев №6, Қазыбек би №115 және Ниетқалиев көшесі, №12 үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Ниетқалиев №9 үй ауласына кіші футбол алаңшасының құрылыс жұмыстары басталды, – деген округтің бас инспекторы Сауқымбек Тұрысов көшесі, Трудовой көшесінің 4-бұрылысы, Қолбасшы Қойгелді көшесінің бұрылыстары, Глинка, Попов, Сәрсенбаев, Сеченов көшелері мен Қонаев көшесінің 1-бұрылысы да жөндеуден өтетінін айтты.
Бұдан кейін шаһар басшысы тұрғындар тілегіне құлақ түрді. Аталған округ тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселенің бірі – тұрғын үй жайы. Кездесуге келген көпбалалы аналар біраз жылдан бері кезекте тұрғандарын, баспаналы болу бақыты қашан бұйыратынын білгісі келетіндерін жеткізді. Өз кезегінде шаһар басшысы қала аумағында бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатқанын, әр азаматқа кезегіне сәйкес пәтер берілетінін айтты.
– Қазіргі уақытта 21 мыңнан астам тараздық тұрғын үй кезегінде тұр. Бүгінде қаламызда 48 көпқабатты үй салынып жатыр. Жуық арада тағы 16 үйдің құрылысы басталады. Осы аталған 64 үйдің 36-сы биыл пайдалануға беріледі.
Көпбалалы аналардың кезегіне келер болсам, былтыр бұл санатқа кіретін азаматтарға 450 пәтер берілсе, осы жылы 650 пәтер тапсыру жоспарланып отыр. Кезектің баяу жылжып жатқанынан хабардармыз. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан тек үй салуға ғана емес, пәтерлерді сатып алуға да қаражат бөлініп жатыр. Осының арқасында сең қозғалады деген үміттеміз. Осылайша әр тұрғын өзінің кезегі келгеніне қарай тиесілі баспанасына қол жеткізеді, – деді Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде.
Кездесу кезінде округ тұрғындары тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, қаңғыбас иттердің көбеюі, кәріз жүйесін жаңарту, балалар ойын алаңдары мен жаяу жүргіншілер жолақтарын салу, қоқыс шығаруды жүйелеу секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Қала әкімі жиында қойылған әр сауал назарға алынатынын, ешқайсысы қараусыз қалмайтынын айтып, мәселелерді шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Басқосудан кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.