Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зұлмат жылдар салған жара

0 523

Саяси репрессиялар, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысындағы Кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналып, БК(б)П ОК мен Саяси бюроның сталиндік тобына, партияның өз ішінде және жалпы елде шын мәнінде немесе солай болуы мүмкін деп есептелінген қарсыластарына қарсы, саяси күрес арсеналының маңызды бөлігі болып есептелді.

Кеңестік репрессиялық аппарат, бәрінен бұрын қарсыластары ретіндегі топтың адамдарын анықтады, аталған топтың ойы бойынша олар басқа идеологиялық түсініктерді тасушы және осы саяси тұғырнамалардың жақтаушысы бола отырып, партия мен мемлекеттің мүддесіне қарама-қайшы келетін еді. Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп, оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді (мыс: «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп»). Бұл орайда күнделікті болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат елдің санасына жаңадан қалыптасқан қажетті сөз тіркестері арқылы қайсыбір сәттерде үрей туғыза отырып та жеткізілді.
Келесі кезеңде сот және соттан тыс органдар, негізінен ІІХК (НКВД) органдарының күшіне, яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйене отырып өз шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды.
Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру тікелей айтылды немесе жанамалап жеткізілді. Бұл орайда олардың бар-жоғы есепке алынбай, нұсқау тек бір бағытта ғана берілді, ондайлар болуы керек.
Қатардағы партия мүшелері мен Кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен саяси репрессиялар да барлық басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс болатын. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір тоқтамға келуін меңзеген еді: не қойылған мақсатқа жетіп, бұрынғы бағытты өзгерту, не бұл процесті бақылаудан шығарып алу. Сонымен қатар ІІХК органдары рөлінің соншалықты асқақтатылуы билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды, мұны бұлай бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.
1938-ші жылдың 11-інен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың апелляцияларына формальды-бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда қабылданған қаулыда, партияның өткен кезеңінде жағдайдың бақылаудан шыға бастағанын көрсететін фактілер көп келтіріледі.
Жаппай репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938-ші жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғарғы жаза болып, мұның өзі «уақыт талабына сай» іс-шара ретінде түсінілді. Осы орайда көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі, сотталып, ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК-нің облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшыларының осындай тағдырға ұшырауы жаппай қылмыстың ізін жасыру ретінде қарастырылып келді. Әйтсе де гәп басқада еді: тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтыла келіп, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп, оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына – ұлттық компартиялар ОК-не, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталынатын болды. Хатта мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі» атап көрсетіледі. Беріліп отырған кешенді іс-шаралар ендігі жерде ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасында болып, олардың алдында саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.
1938-ші жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды: бір жағынан, репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса, екінші жағынан, әлі де өз тағдырының не боларын білмей түрме түнегінде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.
Республика партия ұйымында қаңтар пленумы қойған міндеттер бірден түсінілмеді және бірден өмірге де еніп кете алған жоқ. Осындай құжаттардың бірінде – 1938-ші жылдың 5-ші наурызында өткен совхоз жұмысшылары митингісінде оңшыл троцкистік блоктың үстінен жүргізілген процеске байланысты резолюциясы беріліп, онда: «ІІХК органдары мен сталиндік халком Ежовтың бандиттер мен баскесерлердің, шпиондар мен сатқындардың қылмысын ашқан жанқиярлық жұмысын қолдаймыз… Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясынан олардың бәрін итше атып тастауды талап етеміз», – делінген. Кейініректегі құжаттарда жағдайдың түзеле бастағаны білінеді. Оны Қастек қой совхозына байланысты мына бір құжат көрсетіп тұр, онда партиядан шығарудың, және жұмыстан негізсіз босатудың заңсыздығы мойындалған фактілер көрсетілген. Біртіндеп сәуір-мамыр айларында осы тақілеттес құжаттар партияның облыстық комитеті деңгейінде және ең соңында Қазақстан К(б)П деңгейінде де пайда бола бастайды.
Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге асыру, бәрінен бұрын партиядан шығарылғандардың апелляциясын қараудан басталған еді. Облпартколлегияның 1938-ші жылдың 1 қазанындағы есебінде жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі көрсетіледі.
«1938-ші жылдың 20-шы қаңтары мен 1-ші қазаны аралығында 559 апелляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды: 1. 1932-34 ж.ж. шығарылғандар – 110 адам… 24 партияға қайта қабылданды немесе 22%… шығарылғандардың 61-і дәлелденді немесе 55%. 2. 1935-1936 ж.ж. шығарылғандар – 287 адам, қайта қабылданғаны – 140 немесе 48 %, 91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32% …1937-ші жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 апелляция, қайта қабылданғаны – 57 немесе 55% … 36-ның шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 %. 4. 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 апелляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері – 43, кандидат-тар – 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны – 8 немесе 14%, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері – 37. Кандидаттардың қайта қабылдан-ғаны – 3 және шығарылғаны дәлелденгені – 12».
ҚКСР бойынша ПБКӨ жанындағы Оңтүстік Қазақстан облпартия коллегиясының мүшесі, есеп беруді құрастырушы Шихалиев жоғарыдағы цифрларға мынадай баға береді: көрнекілікпен көрініп тұрғандай, 1938-ші жылдың басына дейінгі, облыс пен бірнеше аудандардың басындағы партия жетекшілері троцкистік-бухариндік, ұлтшыл-фашист бандиттер, репрессия арқылы біздің большевик кадрларды құртып, партияның қатарына өздеріне ұқсаған адамгершіліктен ада бөтен элементтерді жинағысы келді. Осы 1938-ші жылы партия қатарынан шығарылған ҚК(б)П-ның 49 мүшесі мен кандидаттарының ішінде халық жауларымен байланыста болып, оларды қорғағаны үшін шығарылғандары – 40 адам, қалған 9-ы әлеуметтік бөтен элементтер. Бұл Оңтүстік коммунистерінің арасында большевиктік қырағылықтың едәуір көтерілгенін және БК(б)П ОК қаңтар пленумының қаулысы партия ұйымдарын дұшпандық, таптық бөтен элементтерден тазартудағы ымырасыз күресте өткір қару болып табылатындығын көрсетеді, пленум партия мүшелері мен кандидаттарын партия мүшелерінің тағдырына қылмыстық жеңілтектікпен қарағандарды үзілді-кесілді жойып жіберу үшін осылай қаруландырып отыр».
Облпарт коллегиялар мен партия-ның облыстық комитетінен бөлек, шығарылғандардың апелляциясы туралы істі қалкомдар мен аукомдар да қарады. Қалком хабарламасында: «БК(б)П ОК қаңтар пленумы шешімі шыққан күннен 1938-ші жылдың 10-шы қыркүйегі аралығында партияның қалалық комитеті бастауыш партия ұйымдарында шығарылған 94 істі қарап, оның 23-і қайта қабылданды, сонымен бірге партколлегия мен обком қала партия ұйымынан 8 адамды қайта қабылдады, бұл бастауыш партия ұйымдары шешімдерінің 33%-ға өзгертілгені. Сонымен қатар тағылған айыптардың дәлелденбегені туралы мысалдар да бар. Осылай ҚК(б)П аукомы пленумында Мәуленов партиядан шығарылған болатын, «колхозшылар арасында антикеңестік әңгіме жүргізгені, дұшпандармен байланысы және әлеуметтік бөтендігі үшін». Апелляцияны талқылау кезінде айыптаулар дәлелденген жоқ. Партколлегия осыған аукомның назарын аударып, бірінші хатшы Ж.Беласаровқа ескерту жасалынып, оған коммунистерді партиядан шығаруда жеңілтектікке жол бермеу тапсырылып, ондай іс қайталанған жағдайда жауап беретіндігі ескертілді».
Қаңтар пленумы қаулыларының пункттерінің бірі жала жапқандығы үшін партиялық жауапкершілік тарту тұрғысында болды. Осы жөнінде берілген құжатта былай делінген: Партколлегияның жалақорлар мен көлеңкесінен қорқатындарды жауапқа тарту ісінің әлсіз екендігін мойындау керек, қазірге дейін бірде-бір ауком хатшысына коммунистердің партиядан негізсіз қуылғандығы үшін партиялық жаза қолданылмаған, мұның өзі апелляцияны талқылау кезінде бірнеше ерекше қаулылар қабылданып, бірқатар аукомдарға жалақор коммунистерді жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілгеннің өзінде жүзеге аспай отыр». Мәтіннің осы үзіндісінде мынадай факті де келтіріледі: 23/У-1938-ші жылы партияның Меркі АК-і ҚК(б)П мүшесін 15 коммуниске жала жапқаны үшін партиядан шығарады, 1/УІІ-1938 жылы партколлегияның қаулысымен шығарылу мақұлданған .
Келесі бір маңызды сәт ретінде партияға қайта қабылданғандардың партиялық құжаттарын беру мәселесін айтуға болады: «… бұл пункттің орындалуы нашар, бұған аукомның бірқатар хатшыларының салақтығынан немесе олақтығынан партияға қайта қабылданғандардың жылдап партқұжаттарын ала алмаған бірнеше фактілерін келтіруге болады…. Партколлегия мен партияның облыстық комитеті қабылдаған бірқатар іс-шараларға қарамай, осы жылдың 15-ші қыр-күйегіне дейін партқұжаттарын ала алмаған ҚК(б)П-ның 96 мүшесі мен кандидаты әлі де сандалуда жүр». Осылай ауданда партияға қайта қабылданған 7 коммуниске, келесі аудан бойынша 5 коммуниске партқұжаттары берілмеген. Партбилеттерін бермей, есеп кәртішкелерін жүргізбеу іс жүзінде партия қатарына қайта қабылдамау болып табылар еді. Мұндай келеңсіздік, оның себебіне қарамай шығарылғандарға әжептеуір қауіп келтірер еді.
Келесі маңызды сәт ретінде «партияға қайта қабылданғандарды большевиктік тәрбиелеу» деген болды. Осыған байланысты: «Бастауыш партия ұйымдары мен ауком хатшылары партияға қайта қабылданған коммунистерді большевиктік тәрбиелеуге жауапкершіліктерін сезінбейді. Аукомдар көп жағдайда, қайта партияға қабылданғандарды есепке алып, оларды қайсыбір партия ұйымына тіркеп, жұмыс берумен шектеледі, бірақ олардың жұмысы қалай жүріп, өмірі қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайды.
Партколлегия өз есебінде шығарылғандардың тағы бір мәселесін – жұмыстан бірден кетіруді сөз етеді, бұл да қаңтар пленумы қаулысында сынға ұшыраған болатын. Мұндай фактілер, яғни тек бастауыш партия ұйымынан шығарылғандарды, бұған ешқандай қажеттілік болмаса да, жұмысынан кетіру кездесіп отырған. Түрксіб бөлімшесінің Жамбыл совхозының бастауыш ұйымы 1938-ші жылдың маусымында жалпы партия жиналысында 2 ком-мунисті қатарынан шығарады, олардың бірі 1918-ші жылдан ҚК(б)П мүшесі Семенова, шаруашылық меңгерушісі (завхоз) және екінші қоймашы болып жұмыс істеген … осы жолдастар жұмыстарынан алынды… шығарылғанына 3 ай толмай жатып… жиналыстың шешімі партияның аукомына бекітілуге де берілмеген… жолдастар 3 ай бойы жұмыссыз жүр, олардың партияда қалу мәселесі де шешілмеген». Бұл жерде «жоғарыдағылардың» мүмкіндік бергеніне қарамастан «төмендегілердің» немкеттілік көзқарасы анық көрініп тұр.
Аймақ бойынша қорытынды статистикалық мәліметтер мынадай: 1.09.1938 жылға дейінгі қарастырылмаған апелляциялардың саны – 724, олардың ішінде партияның аудандық комитеттері шешімдерінің қайта қаралғаны – 631, партияға қайта қабылданған коммунистер саны – 292, кандидаттыққа ауыстырылғаны – 10, тілектестер (сочуствующих) қатарына – 14, шығарылғандығы мақұлданғаны – 310, қарастырылмай қалғаны – 93…
….БК(б)П қаңтар пленумының қаулысы баспасөзде жарияланған кезден бастап партия ұйымы облыстық комитетінің тіркеу бөліміне 26.01.38 жылға дейін 179 апелляция 5.09.38 жылға дейін 623 апелляция, барлығы 802 апелляция түссе, өткен 7 ай ішінде оның тек 88 апелляциясы немесе 11%-ы қарастырылған, қайтадан партия қатарына және кандидаттыққа 68 адам қабылданып, облыстық партколлегияға 438 және партияның аудандық комитеттеріне 200 апелляция тапсырылған. Осы және осыған дейінгі цифрларды және бұдан кейінгілерін де, саяси тарих тіліне аудару тіпті де оңай емес. Алдымен «марксизмнің бөтен туының» астында, кейіннен одан да бөтен большевиктердің туы астында, одан кейін тіпті де бөлек сталинизм туының астында болған аймақтық саяси элита өзінің барынша дәрменсіз екендігін көрсетіп «ағыс аққан жаққа қарай» жүзуге дайын болып, болып жатқан оқиғалардың мән-мағынасын түсінуге тырыспай, Орталықтан келер нақты бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыланды. Тіпті ол бұйрықтарды қабылдай отырып, онда аздаған қауіптің барлығын сезсе, онда оны аяғына дейін орындауға да дәрмені жетпеді.
Осындай және осыған ұқсас іс-әрекеттердің нәтижесінде Қазақстан Коммунистік (б) партиясы мүшелері санының 1933-1940-шы жылдарғы динамикасы (өсу деңгейі) мынадай болды. 1933-ші жылы, жаппай партиялық тазалау басталмай тұрып оның қатарында 101 мың 486 большевик болды. Олардың 48 594 партия мүшелері 52 892 мүшелікке кандидаттар еді. Жаппай партиялық тазалау мен алғашқы саяси процестерден кейінгі 1936-шы жылы 47 988 адам қалды, тиісінше 29 474 партия мүшелері және 18 514 кандидаттар. Көбірек кеткені партия мүшелігіне кандидаттар болды. 1937-ші жылы саны көбейіп, 51 881 адамға жетті: 32 629 мүшелері мен 19 252 кандидаттар. 1938-ші жылы ол қайтадан 48 322-ге төмендей- ді – 30 120 және 18 202. 1937-ші жыл мен 1938-ші жылдар арасындағы цифрлар айырмасын репрессияға ұшырағандардың саны ретінде қарастыруға болады – барлығы 3 559 адам, олардың коммунистері 2 509, кандидаттары – 1 050. Партия қатарының ұлғаюы 1939-шы жылы басталады – жалпы саны 65 465 және 1933-ші жылғы деңгейге 1940-шы жылы жетеді – 108 705 партия мүшелері мен кандидаттары, яғни 1933-ші жылғы деңгейден сәл асып тұр.
Партиядан шығару фактісінің өзі, ол тіпті салыстырмалы түрде тыныш жылдары – 1934-ші жылы 31 885-ке, 1935-ші жылы тағы да 8 765-ке, 1936-шы жылы 12 224-ке жетіп, яғни 1938-ші жылға дейін, жалпы алғанда, 53 164 коммунист, репрессияға ұшырау қаупінде болды. Сондықтан да, жиналып қалған апелляцияларды тезірек қарау туралы ұсыныс жағдайдың түзеле бастағанын көрсеткенімен, аукомнан обкомға дейінгі аймақтық деңгейдегі партия органдарының апелляция істерін қарап, партқұжаттарды берудегі сылбырлығы қорқыныштың, күдік пен сенімсіздіктің сейіле қоймауына әсер еткен еді. Ал бұл жағдайдың тек республика партия ұйымында ғана емес, оның барлық аймақтық бөлімшелерінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да түзелуіне кедергі жасады.

Сейдахан Бақторазов,
Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін
зерттеу орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.