Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеюде

0 855

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесіне басымдық берді.

Себебі бүгінгі қазақ қоғамында күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе – осы қазақ тілінің қолданылу аясы. Бұған қатысты Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында да ерекше тоқталып: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деп жазған болатын.
Ал Президент Жолдауда: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деп мемлекеттік тіл төңірегіндегі дауға нүкте қойды. Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал сөз байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Сондай-ақ ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақ тілі қазіргі таңда, Президент атап өткендей, бір орында қалып кеткен жоқ. Заман талабына сай жаңа технологиялар ағымына ілесіп алға жылжуда. Мәселен, 2011 жылдан бері курс арқылы қазақ тілін оқыған адамдардың жалпы саны 700 мыңнан асқан. Ал 2022 жылы қазақ тілі курстарын 41 325 адам тәмамдаған. Сондай-ақ қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Qazonline», «Ana tili» қосымшалары жұмыс істейді. Шет мемлекеттер де мемлекеттік тілді білуге ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Құнды құжатта Мемлекет басшысы: «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңымыз бойынша, оның қолданысын шектеуге болмайды. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін меңгерсе, еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасатпен қарауымыз қажет», – деді. Әрине, бұл ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тәмсілімен ұштасып тұрғаны анық. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап өзге халықтардың дініне, салтына, тіліне құрметпен қарап келеді.
Бәсекеге қабілетті жастардың қатарында боламыз десек, бірнеше тілді жетік білгеніміз дұрыс. Заман талабына сай осылай ғана алға ұмтыла аламыз. Президентіміздің өзі де көп тілді жетік меңгерген. Осының өзі бізге үлгі. Келешекте жаңа технологияларды меңгерген қазақ жастары кем дегенде үш тілде емін-еркін сөйлейтіндей деңгейге жетеді деген сенімдемін.

Қымбат Шәріп,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.