Қалалық қоғамдық-саяси газет

ТМД-дағы тұңғыш желілік кампус

0 356

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында ТМД елдерінде тұңғыш жүзеге асырылатын желілік кампус жобасының таныстырылымы өтті.

Бұл – Дулати университеті, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. Қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампустың таныстырылымы Химия өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.
Жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылатын, алғаш рет жұмыс беруші тарапты да бірге қамтыған желілік кампустың таныстырылымы барысында арнайы көрме де назарға ұсынылды. Ол негізгі ғалымдардың еңбектері мен жобалары, жастар ұйымдарының жасаған жұмыстары секілді үш бағытты қамтиды.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Ғани Тоқсанбаев қатысты.
Сондай-ақ Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің ғалымдары мен «Қазфосфат» ЖШС өкілдері, ұстаздар қауымы да білім беру ісіндегі бірегей жобаның ашылу сәтіне куә болды.
Еркін Үйсімбаев шараға қатысушыларды құттықтап, бұл бастаманың тек облыс үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жоғары білімге қолжетімділік мәселесі өзекті болып қала беретінін айтып, беделді шетел университеттерінің бес филиалын ашуды тиісті министрлікке тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алғашқылардың бірі болып Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі жұмыс берушісі «Қазфосфат» ЖШС арасында «Қос диплом» бағдарламаларын іске асыру бойынша білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Бірлескен келісім оң нәтиже беретініне сенімдімін, – деді Е.Үйсімбаев.
Аталмыш жобаның дамуына облыс әкімдігі де өз үлесін қосуда. Келер оқу жылына жергілікті бюджет есебінен 55 білім гранты бөлінсе, оның 25-і «Химиялық инженерия және процестер» мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған.
Биыл желілік кампус аясында «Бейорганикалық заттар технологиясы» атты алғашқы қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылады. Негізгі бағыты – тыңайтқыштар өндіру. Жаз айында бағдарламаға алғашқы қабылдау өтеді. Сонымен қатар Қазақстанның басқа университеттерінен бағдарламаның бірінші курсына да, екінші және үшінші курсына да түсуге болады. Мәселен, бірінші курс студенттері үшін 175 орын, екінші және үшінші курстарға 150 орын қарастырылған.
Айта кетейік, түлектер М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Менделеев университетінің қос дипломын алып шығады.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.