Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата өңіріндегі қуғын-сүргін

0 354

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары Қазақстан үшін Ресей империясы сияқты, сонымен қатар жалпы әлем жағдайында қоғамдық-саяси процестердің шұғыл жеделдетілуімен сипатталады.

Санаулы жылдар аралығында, тіпті кейде бір жыл ішінде қоғам өзінің жаңа даму кезеңіне еніп, оны терең сапалық өзгерістермен өте отырып, келесі кезеңге көшті. Үш революция мен Бірінші дүниежүзілік соғыс артта қалып, қазақ халқының мемлекеттігі тарихи тұрғыдан қабылдауға болатын шекарада қалпына келтірілді. Алмасып отырған әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени жағдайларға сәйкес, қоғамдық, саяси және ұлттық сана формалары да өзгерді. Дәстүрлі әдет-ғұрып бүліншілікке ұшырап, жаңа түсініктер қалыптасты, ол өз кезегінде тіпті де жаңа түсініктермен ауыстырылған еді. Осындай жағдайда адам санасы өтіп жатқан өзгерістерді түйсініп үлгере алмауы себепті жылдам ауытқып отырған тұрмыс салтына ілесе алмады.
1918 жылдың көктемінде Кеңес үкіметіне өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету аса үлкен маңызға ие болған еді. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудың екі мүмкіндігі болды. Яғни не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі. 1918 жылдың 29 сәуірінде БОАК-тың мәжілісінде сөйлеген сөзінде Ленин: «Иә, майда шаруа қожалықтары, майда меншік иелері бізге, пролетарийлерге помещиктер мен капиталистерді құлатуға көмекке келуге даяр екені рас, бірақ біздің одан арғы жолымыз олардан бөлек. Олар ұйымдасуды, тәртіпке бағынуды ұната бермейді, олар – оның хас жауы. Дәл осы жерде біз осындай меншік иелерімен, осындай қожайынсымақтармен барынша ашық және аяусыз күресуіміз керек», – деген болатын.
Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін Азық-түлік халық комиссары дәл сол аудиторияда: «Мен барлық жауапкершілікпен мәлім етемін, сөз соғыс тұрғысында болып отыр. Демек, тек қолға қару алып қана азық-түлік мәселесін шеше аламыз», – деді. Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті. 1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде жылдың соңына қарай аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны Әулиеата уезінде – 44 307, Ақмешіт уезінде – 24 810, Түркістан- да – 12 296, Шымкент уезінде 33 618 еді.
1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Түркістанға Солтүстік Кавказдан, Россиядан, Сібірден тасылатын астық Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен теміржол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды. Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Осындай жағдайда ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған БОАК-тың 1918 жылдың 9 мамырындағы «Азық-түлік халық комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы» декретінің 7-бабында: «қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады», – деп көрсетілген. Осыдан кейін-ақ Түркістан Республикасы ОК төрағасы үшін Солькин, Түркістан Республикасы халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Колеев, Азық-түлік комиссары Казаков қолдарын қойған қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіні ескертіледі. Дегенмен негізгі құрбандығы – мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге құрамына бірде-бір жергілікті халықтардың өкілі енгізілмеген жаңа үкімет селқостықпен қарады. Тіпті жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған Азық-түлік комиссары Казаковтың кейіннен, Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұхарадан сатып алынған шайды 3 миллион сомға бұхаралық саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі туралы да айтылады.
Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата депутаттар кеңесі атқару комитетінің 1918 жылдың 7 қазанындағы Хмелевскийдің төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары (қазақтары) қырғыз (қазақ) депутаттар кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберілген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыл әскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқаны айтылады. Депутаттар сонымен қатар Айдаралы Берденовтің сол қызыл әскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) «егер 5 мың сом ақша берсеңдер, малдарыңа тимейміз» дегенін айтады». Бұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық.
Саяси күштердің аталған өзіндік ерекшеліктері, қоғамдық санада, әсіресе азамат соғысы тәжірибесінде, кез келген мәселе тек күш қолдану негізінде шешімін таба алады деген саяси түсініктің берік қалыптасуына алып келді. «Құқық күшін күштің құқына» айналдыру формуласы үстем болып шықты. Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады. Онда Әулие-Ата уезі Алмалы болысының бес тұрғы- ны – Нурманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбековтер уездік депутаттар кеңесіне: «Осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100-ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды», – деп арыз түсіреді. Бұл жерде арыз берушілер мәселесінің сиырқұйымшақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар, әрине, аз болған жоқ, оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың. Қазақстандағы жағдай мұнымен қатар басқа да факторларға байланысты күрделене түсті. Халықтың көпұлттылық құрамы ұлт мәселесін шешуде жаңа жолдар іздестіруді айқындаған еді, алайда оның орнына, ұлы державалық шовинизм мен ұлтшылдық пиғылдағыларды айыптаған делдалдық саясат біртіндеп үстем бола бастады.
Мұның өзі Қазақстанның геостратегиялық орналасуына, яғни оның территориясы арқылы өтетін жолдардың Шыңжаңға, одан әрі Британ империясының отарлық иеліктеріне баратындығына байланысты болса керек. Оңтүстік-батыс бағыттағы Орта және Таяу Шығыс елдері мен еуропалық аймақта «әлемдік революцияның» біртіндеп бәсеңдеуіне байланысты, Азия халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының маңызы арта түсті. Дегенмен билік басындағы партия мен үкімет Түркістан Республикасының ұлттық өлке ретіндегі тарихи-объективті жағдайын түсінбеді, негігі бағыт ретінде Орталық Россияда іске асырылып жатқан шараларды Түркістанда қайталау мақсатын таңдады. Түркістан коммунистік партиясының ІV съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов большевиктік партия мен Кеңес өкіметінің Түркістан өлкесінің жергілікті халықтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және діни өмірінің ерекшеліктерінің ескермей, ішкі Россияда іске асырылып жатқан шараларды мұнда да күштеп іске асыру саясатын ұстанғаны басмашылар қозғалысының өршіп кетуіне әсер еткендігіне тоқталады.
Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да, зерттеліп отырған кезеңде, оның Бірінші дүниежүзілік және азамат соғысы майдандарынан қашықтығына қарамастан, өте ауыр болды. Сол кезеңнің құжаттарының бірінде: Құбылмалы, тұрақсыз саяси жағдайға қатаң қысы мен құрғақшылығы қосымша болған 1917 жыл мен азамат соғысының аумалы-төкпелі 1918 жылы Түркістан қазақтарына жеңіл тиген жоқ. Осылай 1918 жылдың 30 қыркүйегіндегі Әулиеата уездік комиссарының баяндамасында уезд жағдайы мынадай мазмұнда беріледі: «Маған сеніп тапсырылған Әулиеата уезі төрт бөлімшеден тұрады: Таулық (Горный), Аса, Шу және Меркі, онда 43 қырғыз болысы мен 75 орыс селениесі олардың ішінде 21-і ескі, 54-і жаңа». Осы селениелердің 15-і жеке және 60-ы 12 болысқа біріктірілген; 5 селение неміс-менониттік, 4 селение түземдік, 2 поселок дүнген, 1 селение татарлардікі; барлығы жеке селениелер – 87. Қазіргі уақытта, шамалап есептегенде, халықтың саны 200 мың адамды құрайды. Аштықтан өлген түземдіктер қазіргі уақытта, яғни 1917 және 1918 жылдың алғашқы жартысында 60 мың төңірегінде; 1917 жылдың 1 қаңтарына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша халықтың саны 300 мың адам болған.
Бұл арада уездің саяси кеңістіктегі параметрі айқындалып-ақ тұр: көпұлттық құрамы, елді мекендердің көп екендігі сол кезеңді алғанда, жалпы халықтың санының көптігі, сонымен қатар большевиктер үкімет басына келуінің жергілікті халыққа бірден қырғын әкеліп, 60 мыңдай адамның аштан өлгенін де осы құжат көрсетіп тұр.
Әрі қарай баяндамада: «1) түземдік халықтан 1917 жылғы салықтың көлемі …. Барлығы – 297, 381 р. 79 к. 2) Биылғы жылға халықтан алынатын салыққа байланысты төлем қағаздары (окладные листы) таратылып берілген жоқ. Қаланың әртүрлі мекемелеріндегі қарыз – 100 мың рубль. Бұларды менің орнымдағылар қоғамдық қордан берген екен, қоғамдық қордың 4 кассасы босаған, ол әлі де бос». Берілген құжат уездегі экономикалық жағдайдың ауырлығын көрсетеді, мұның өзі тиісінше жаңа үкіметтің нығаю мүмкіндігін, оның беделге ие болуын тежеді, себебі олар өз іс-қимылдарын сүйкімсіз іс- шаралар- дан – өткен жылы төленбеген салымдар мен осы жылғы салықтарды жиюмен бастаған еді. Жергілікті үкіметтің «халықтың төленбеген салымдарын үш жылға соза тұру әрекеті» жүзеге аспай Ташкенттен тез арада төленбеген салымдарды да, сонымен қатар осы жылғы салықтарды да тез өндіру туралы нұсқау түсті. Түземдік және орыс халқының экономикалық жағдайы, 1917 жылғы егіннің болмауына байланысты, әсіресе біріншілерінікі өте ауыр, сондықтан олардың 1917 жылғы төленбеген салым мен осы жылғы салықты төлей ала ма, оны болашақ көрсетеді».
Бұдан соң құжатта рубльдің ең төменгі шегіне дейін құнсыздануы, осыған байланысты барлық қажетті тауарларға бағаның барынша көтерілуі, жәлдептіктің күшті етек алуы, малшылар шаруашылығын әбден титықтатып, өте маңызды шаруашылық өндірісі болып саналатын мал шаруашылығын, сонымен бірге олардың иелері, яғни көшпенділердің де іс жүзінде құрып кетуіне әкелуі әбден мүмкін екендігі айтылады. Жағдайдың өте қиын болғандығы көрініп тұр, осыған байланысты шұғыл іс-шаралар қабылдау керек екені де айқындалып тұрғандай.
«Әскери коммунизм» деген атпен белгілі экономикалық саясат Түркістан өлкесінде елдің орталық аудандарынан бөлек жағдайда жүзеге асырылды. 1918 жылдың 15 тамызындағы Азық-түлік комиссариатының бұйрығына сәйкес, «Республика ОАК және ХХК бекіткен, шұғыл өткізілген азық-түлік мәселесіне байланысты съезінің қаулыларына қосымша, өлкенің сауда жасау еркіндігіне тағы да айтарлықтай тыйым салынды. Нанмен сауда жасауға тек міндетті түрде кедейлердің пайдасына әрбір десятина жерден 4-10 пұт астық өткізген квитанциясы бар, өндірушілер ғана жіберілді. Нан өнімдері тек жергілікті азық-түлік ұйымдарының рұқсатымен ғана сатылатын болды, оны сататындардың тізімі де осы ұйымдарда бекітілді. Оның орындалуын бақылау «ақсақалдар мен милицияға» тапсырылды. Әр «нан жеушінің» бір жылдағы 10 пұт нормасы есепке алынып, осыдан бір айлық қажеттілігі өткерілді. Сонымен қатар «жаппай нан сатып алу мен тауар айналым мәселесі тек қана Өлкелік Азық-түлік директориясы агенттерінің құзырында болып, солар ғана өндірушілерге жергілікті жерлердегі жағдайға байланысты бағаны белгілеп берді. Бұл қаулылардың әлеуметтік әділеттілігін ескере отырып, дегенмен оның құқықтық мазмұнда болмағандығын айтуымыз қажет, әйтсе де мұның өзі бағаның өсуін, жәлдептікті уақытша жойып, халықтың біраз бөлігін аштықтан құтқарып қалды. Қаулыда: «Республиканың бірде-бір ұйымына нан өнімдерін оны өндірушілерден күштеп сатып алуына (реквизициялауға), оны пайда көру немесе жәлдептік мақсатта сатып алуға тыйым салынды, бұйрық орындалмаған жағдайда революциялық трибуналдың сотына тарту қарастырылды.
Әулиеата уезі қалалық кеңесі атқару комитеті президиумның 1919 жылдың ақпанындағы қаулысына сәйкес, аштарға көмек ретінде бірнеше іс-шаралар белгіледі. Әулиеата уезі капиталистерінің тізімі бекітіліп, оларға «227 000 рубль, 650 копеек ақшалай, 2 350 қой, 340 ірі қара мал» мөлшерінде контрибуция салынып, осыны Уезашкомға өткізу тапсырылды. Салынған контрибуцияны 3 күннің ішінде төлемеген жағдайда капиталистің мүлкі түгелдей есепке алынып, мемлекет қарамағына өткізілуге жатты. 1918 жылдың 31 қазанында Әулиеата уезінің атқару комитеті ашаршылыққа ұшырағандар туралы мәселені қарастырып, Таулы бөлімшедегі алыпсатарлардан қабылданған қойлардың 10 %-ын кәмпескелеп, оны аштарға көмектесу қорына өткізу, Меркі бөлімшесіндегі 900 қойды және Черняев уезімен шекарада реквизицияланған қойлардың 10 %-ын да осы қорға өткізу жөнінде қаулы қабылдады. Қаулының екінші параграфы «300 ірі қара малды қырғыздардың (қазақтардың) бақуат бөлігінен» кәмпескелеуді де көздеген еді. Атқару комитетінен комиссия тағайындалды: «Қожабергенов және Яцук жолдастар және уездің болыстарының мән-жайын анық білетін, қырғыз-қазақ конференциясының өкілі Жанұзақов…». Сонымен қатар «Таулы бөлімшедегі қойларды дұрыс реквизицияламағаны» туралы да мәселе қаралды. Малдарды саудаға түсетін және малда қалдырып өсімін алатындар деп екіге бөліп, атқару комитеті «сатылатын қойларды белгіленген бағамен өткізіп», кедейлер үшін қалада ет сататын лавка ашу» туралы қаулы қабылдады. «Өсім үшін» қалдырылған қойларды егелеріне қайтару көзделді, бірақ олардан аштар қорына көмек ретінде 10 %-дық төлем алынып тұру қарастырылды.
Азамат соғысынан кейінгі жылдары биліктің тікелей БК(б)П құрылымындағы бастауыш партия ұйымдары, партия ұялары, қоғамдық және басқа да әртүрлі ұйымдардың бастауыш бөлімшелеріндегі большевиктік фракциялар іс-қимылда болды. Осылай, Тұрар Рысқұлов, Түркістан ОАК-ның Әулиеата және Черняев уездері істері жөніндегі комиссияның төрағасы болып тұрған кезіндегі, 1919 жылы 7 тамызда Әулиеата партия ұйымының жетекшілерімен бірлесіп өткізген мәжілісте Әулиеата атқару комитетінің мүшелерін өз міндеттерін іске асыра алмағаны үшін қатаң сынға алып, бұл комитеттің таратылғанын жариялады. Олардың орнына 5 мүше кірген уездік уақытша Революциялық Комитет ұйымдастырылды. Мәжілісте сонымен қатар Т.Рысқұлов кедейлер комитеттерін (одағын) ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Большевиктер партиясының негізгі идеологиялық тұғырнамалары жергілікті «Әулиеата жаршысы» («Аулие-Атинский вестник») газетінде беріліп тұрды. БК(б)П қызметінде жергілікті халықты партия және кеңес құрылымдарының орталық деңгейіне тарту маңызды орын алды. Әулиеата уезінде «РК(б)П-ның Әулиеата уездік-қалалық мұсылман ұйымдарының бюросы» делінген қаланың өміріне белсенді араласып отырған мұсылман коммунистерінің ұйымы қызмет жасады. Осылай 1919 жылдың 20 қазанында Қошмамбетовтің төрағалық етуімен «Қазан революциясы мерекесіне арналған манифестацияға екі жауапты шешен тағайындау мәселесі тыңдалды. …Жауапты шешендер ретінде жол. Абланов, жол. Сармолдаев тағайындалсын». Осы мәжілісте Коллегияның халық шаруашылығы бөлімі бюросына өкіл ретінде Ж.Ж.Фахрутдинов пен Бабаназаров делегат ретінде жіберілді. Бюро түйткүл мәселелерді де, дәлірек айтсақ, ЧК(ТК) төрағасы Краснокутскийдің Шақпақ болысының төрт үй қырғызының 208 қойы мен 4 түйесін айдап кеткендігі туралы фактіні қарастырды. Бюро мынаны атап өтті: ТК, сонымен қатар Упрдот (уездік азық-түлік бөлімшесі) төрағасы ретінде кедей малшылардың соңғы жинап-тергенін тартып ала отырып, мұның ешбір заңдылыққа қиыспайтындығын айтуымыз керек, себебі малшының артық малын алу үшін оның 200 қойы мен 4 жылқысы болуы керек… Біздіңше, бұл жерде мал қорғаушысыз қырғыздардың қолынан тартып алынып отыр, себебі бюроға уездегі шаруалардың арасында мың қой және жүздеген ірі қара малдары бар адамдардың бар екендігі белгілі, әйтсе де ТК және Упрдот (уездік азық-түлік бөлімшесі) төрағасы ол бай шаруаларды білсе де (көрмегендей) білмегендей болған».
Осы орайда РК(б)П Әулиеата уездік комитетінің мына шешімі қызығушылық тудыратындай, онда Меркі ауылындағы Кеңестердің жергілікті атқару комитетінің құрамы туралы хабар берілген. «…Солшыл эсерлерден түземдік халықтың байлары пролетариат идеясын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр». Уком Кеңес құрамына кірген манаптар мен байларды қамап, Кеңестің өзін қайта сайлауға шешім қабылдады. Бұл факт тіпті азамат соғысы жағдайында, протокол 1919 жылдың қазанында жазылған, большевиктердің шектен тыс саяси іс-шаралар қолдануға дейін барып, олардың саяси шабуылды одан әріге өрістетуге мықтап бет бұрғанын көрсетсе керек. Басқа уездердің большевиктері де осындай позицияда болды.
БК(б) П-ның 1927 жылы Әулиеата қаласында өткен ХІІ уездік партия конференциясының баяндамасында: «Кеңестердің сайлауын өткізу кезінде байлар сайлау кампаниясы басталмай тұрып-ақ қамданып, кедейлерді өздері жағына шығару үшін жұмыс жүргізген болатын, ол үшін байлар кедейлерге уақытша материалдық көмек көрсеткенсіді, сайлау жүріп жатқан кезде оларға сауынға малдар берді, қарызға, негізінен қойлар және т.с.с. беріп отырды. Осындай әрекеттерімен байлар кедейлердің ішінен өздерінің айтқанынан шықпайтын, өздеріне тәуелді адамдарды Кеңестер құрамына өткізе алды. Бұл ауылдық кеңестің аты затына сай еместігі еді». Ары қарай пайдаланып отырған құжатта: «…Байдың кедейге материалдық көмек беруі арқасында Кеңесте өз адамдарын ұстап отыруы кереғар жағдай тудырып, кедей бай берген малды, неге Кеңес үкіметі бермейді деген екіұдай пікірде болды. Сонымен қатар құжаттар «Сайлауда жеңіліс тапқан жағдайда байлар кеңестерді өз жағына қаратудың басқа түрін де пайдаланды, яғни ауылдың әкімшілік құрамының басшыларын өз жағына қаратқысы келді. Мұндай оқиға Меркі болысының №2 ауылында болып, онда ауылдық кеңестің төрағасы сол ауылдың байынан сауын сиыр алып, осы арқылы өзін байға тәуелді етіп қояды». Бұл құжаттың 1927 жылмен белгіленгенін ескерсек, онда Кеңес үкіметінің жағдайы Қазан төңкерісінен 10 жыл кейін де қалыптасып болмағандығын айтуымызға болады. Қолда бар архив құжаттары айтылып отырған сайлауға байланысты, Әулиеата сайлау комиссиясына түскен осы мазмұндағы көптеген фактілердің болғандығын көрсетеді.
Осылай Аса болысының 73 адамы өз еріктерімен жиналған жиылыстарында «үкім шығарып, онда болыстық делегаттар өздерінің төрағасы П.Ақытаевтың мәселесін қарап, оның «…буржуйлар мен манаптардың жағында екендігі айтылады. Үнемі солардың мүдделерін қорғап, керісінше, кедейдің жалғыз атын тартып алып отырады және оны … (бәлкім, астық салғырты бойынша дайындау мекемелеріне өткізеді – автор.), байлардың жылқыларына тиіспейді де және осы үшін олардан қой алып отырады, тоқетерін айтқанда, байлармен ауыз жаласып, кедейлерді кемсітеді және оларды үнемі байларға жығып береді, осы үшін: болыс төрағасы Ақытаевты буржуазия жақтасы ретінде орнынан алып (қызметінен босатып), оның орнына бірауыздан болыс төрағасы етіп пролетариаттың қорғаушысы Қалабай Басеновты сайлауға» қаулы қабылданды.
Мұндай ауыл кедейлерінің қайсыбір сәттердегі бас көтерулері, жалпы алғанда, жағдайды өзгерте алған жоқ, ауылды кеңестендіру өте жай жүрді және кулактар мен феодал-бай элементтер өз ықпалдарынан айырылған жоқ.
Сондықтан соттан тыс экономикалық репрессияларды жүргізудегі ең бір ірі акциялар өңірдегі ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу мен жер аудару туралы қаулыны жүзеге асыруы болды. Осы мәселе бойынша декреттің жобасы 6-шы шақырылған Қазақ орталық атқару комитеті мен Қазақ халық комиссарлар Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы біріккен мәжілісінде Нұрмақовтың баяндамасы бойынша қарастырылған еді.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің профессоры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық жұмыс тобының жетекшісі

(Жалғасы бар)

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.