Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аумақтық комис- сияның отырысы өтті.
Әуелі сөз алған қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Тукибаев шаһар аумағындағы көпқабатты жатақханалардың жай-күйі туралы кеңінен баяндады.
– Шаһарда тұрғын үй мәртебесін алған 37 бұрынғы жатақхана орналасқан. Олар кондоминиум нысаны ретінде әділет басқармасында тіркелген және жеке тұрғын үй қорының құрамына кіреді. Жалпы осы жатақханаларда 4 мыңға жуық халық тұрады. Бүгінде Төле би көшесінде орналасқан №4, №8, №11, №11«А» жатақханалары газдандырылмаған. Тұрғындар газ баллондарын ғимараттан тыс жапсарлас салынған құры- лыстарды қолдануды қарастыратын тиісті инфрақұрылымның болмау себебінен, өздерінің пәтерлерінде пайдалануға мәжбүр болып отыр, – деген Асанәлі Әбдімүтәліпұлы бұл бойынша бірқатар олқылықтар бар екенін жасырмады.
Келесі кезекте Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әскер Сарбатов сауда орындарындағы өрт қауіпсіздігіне тоқталды.
– Бүгінде шаһардағы базарлар мен сауда орталықтарында өрт оқиғаларының орын алмауы үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, басқарма тарапынан жүргізілген тексеріс барысында аталған сауда кешендерінде және базарларда 142 бұзушылық анықталды. Осыған орай сауда кешендері мен базар иелеріне өрт техникалық тексеру нәтижесі туралы актісі ұсынылды.
– Сонымен қатар Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасымен қала аумағында орналасқан 17 базар мен 33 ірі сауда үйлеріне өрт қауіпсіздігін сақтау және нысан басшыларының ғимараттар мен құрылыстардың электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті сақтау бойынша ұсыным хаттар жолданды. Сондай-ақ «Омар Ата», «Ауыл-Береке» және «Бек» базарларында 3 өрт тактикалық жаттығуы өткізілді, – деген Әскер Сексенғалиұлы адамдар жаппай көп шоғырланатын кейбір нысандарда өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей отырғанын тілге тиек етті.
Бұдан кейін қала әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімінің басшысы Айдын Алтай да сауда орталықтарындағы тілсіз жаудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы аталған мәселенің аса өзекті екеніне назар аударды.
– Алдымызда жаз айлары келе жатыр. Бұл – өрт оқиғаларының өршитін мезгілі. Сондықтан оқыс оқиға орын алмай тұрып, алдын алу шараларын қолға алуымыз қажет. Тиісті жұмыстарды қазірден жүргізу қажет. Баяндамашылардың мәліметінде көрсетілгендей, базарлар мен жатақханаларда өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмай отыр. Сол үшін базарлар мен ірі сауда орталықтарына зерделеу жұмыстарын жүргізуге тиіспіз. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты бөлім басшыларына 1 айдың ішінде жатақханалардағы газ мәселесін шешу бойынша тиісті ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.
Құрмаш Қаптағай