Өрт – аса қатерлі тілсіз жау. Сондықтан оған бейжай қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан сақтану – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Сондықтан қай кезде де тілсіз жауға тосқауыл қажет.
Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде өңірде 71 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 адам қаза тапса, тағы 2-інің денесін күйік шалды. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 10 миллион 109 мың теңгені құрады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 39 пайызға көбейіп, келтірілген материалдық шығын 35 пайызға артқан. Тілсіз жаудан қаза болғандар саны да өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Жыл басынан бері өрттердің шығу себебінің басым бөлігі тұрғындардың отпен абайсыз болуынан шығып отыр. Айталық, соның салдары- нан – 14, электр тоқ сымдарының қысқа тұйықталуынан – 45, балалардың отпен ойнауынан – 3, қасақана 3 өрт оқиғасы орын алған. Өкіншке орай, жылыту пештерін қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу 100 пайызға көбейген.
Есепті мерзімде тұрғын үй секторында 39 өрт тіркелген. Сондай-ақ тілсіз жау мемлекеттік өртке қарсы қызметінің бақылауындағы объектілер сауда, өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарда автокөліктердің өртенуі ашық алаңдарда орын алған. Жалпы қала аумағында өрттердің басым көпшілігі жеке тұрғын үй секторларында тіркеледі. Атап айтқанда, шаһар аумағында орналасқан «Шөлдала» және «Құмшағал», «Қант зауыты», «За линией» алқаптары мен шаһардың орталық аймақтарында болуда. Осыған байланысты ҚР ӘҚБ Кодексінің 336 және 410/1 баптарына сәйкес, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынып, олар толығымен өндірілді.
Қала аумағында өрттердің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында осы жылы 4 ай ішінде басқарма қызметкерлерімен және де мүдделі мамандарымен бірлесіп шаһар аумағындағы тұрғын үй секторларында, қаланың көпқабатты тұрғын үйлері мен жатақханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау, жылыту пештерін, газ қондырғысын пайдалану кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 153 551 тұрғын үй араланып, 170 879 тұрғынға өрт қауіпсіздік тақырыбында жадынама, ескертпелер таратылды. Нәтижесінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау ережелерін түсіндіру жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тұрғындармен жылыту маусымында тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыптарында 506 жиын мен кездесулер өткізіліп, жалпы саны 6 690 адамдарға жадынамалар мен ескертпелер таратылды.
Бұған қоса жалпы білім беретін мектептер мен гимназияларда және бөбекжайларда «Өрт қауіпсіздік айлығы», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Көпқабатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері», «Есте сақтаңыздар, тұншықтырғыш газ өте қауіпті!», «Улы газдан сақтан!», «Балалардың отпен ойнауы» тақырыптарында 221 сабақ, викторина, конкурстар өткізіліп, 7 451 адам қатысты. Сонымен қатар «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбында тақта арқылы бейнефильмдер көрсетіліп, 7 000-нан астам жадынама таратылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінде орта мектеп оқушыларын шақыра отырып, ашық есік күндері де өткізілді. Одан басқа басқарма қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы белгісіз адамдардың, тұрмысы нашар жалғызбасты зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға рейдтік іс-шаралар өткізіліп, жалпы саны 8 400 адамға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге сауда үйлерінде, базарларда жеке кәсіпкерлер, газ шаруашылығы, жобалау ұйымдары, көше және тұрғын үй кооперативтер төрағалары, қала әкімінің бас инспекторлары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, көліктік инфрақұрылым өкілдерінің қатысуымен тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша дөңгелек үстелдер өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Осы орайда ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Тараз қаласы гарнизонының жеке құрамы өрт қауіпті маусымын өткізу үшін күшейтілген қызмет өткеру режиміне көшірілді. Бүгінде күнделікті жауынгерлік есепте 11 техника және 45 жеке құрам қызметкері бар.
Қала тұрғындарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзекті мәселелер де баршылық. Айталық, шаһардағы 4 жатақхана орталық газ жүйесімен жабдықталмаған. Яғни тұрғындар пәтерлерінде газ баллондарын қолданады. Ал мұның соңы ірі жарылысқа соқтыруы әбден мүмкін. Сонымен қатар шаһардағы 28 метрден асатын көпқабатты тұрғын үйлердің меншік иелерінің болмай отыр. Осы себептен басқарма қызметкерлері тарапынан өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес не тексеріс жұмыстарын жүргізуге, не әкімшілік шара қолдануға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ кейбір көпқабатты үйлердің ауласына тұрғындардың темір және бетон қоршауларын орнатуы да біздің жұмысымызға кедергі келтіруде. Ал бұл тілсіз жау орын алған кезінде өрт сөндіру техникаларының от ошағына тез арада жетуге мүмкіндік бермейді. Бұл мәселелер алдағы күнде өз шешімін табады деп ойлаймын.
Облысымызда тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ екені айдан анық. Сондықтан қоршаған ортаны тілсіз жаудан сақтауға өңіріміздің әрбір азаматы жауапты болуы тиіс.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ