Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нәубетті жылдар жаңғырығы

0 285

XX ғасырда халқымызға қасірет пен қайғы әкелген 1932 жылғы ашаршылыққа биыл 87, ал 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге 81 жыл толды.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Атаулы датаға орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» мекемесі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Осынау зобалаң жылдардағы қуғын-сүргін кезінде ұлтымыз біртуар қайраткер тұлғаларынан айырылып, сан мыңдаған жазықсыз жандар жапа шекті. Сол кесірлі кезеңді еске алу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға түрлі этномәдени бірлестіктің өкілдері, университет ғалымдары мен профессорлар қатысып, тың тақырыпта баяндама жасады. «Қазақстан халқының жады мен бірлігі – қоғамдық келісімді нығайтудың негізі: депортациялаудың тарихи сабақтары» атты келелі кездесуде 1930-1940 жылдары елімізге күштеп қоныс аударған этнос және этникалық топтардың мәселелері де кеңінен қаузалды. Жиынды ашып, жүргізген тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Сейдахан Бақторазов Әулиеата өңіріндегі зұлматты жылдарға кеңінен тоқталды. Одан өзге, конференция барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Режеп Баярисов Қазақстанда 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылықтың себептері мен салдары жайлы баяндама жасаса, еңбек ардагері, өлкетанушы, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы Кеңесбек Нуридинов «Арманда кеткен әкелерге ескерткіш болсын!» тақырыбында мардымды дәріс оқыды.

dav

Көпшілік назарына ұсынылған әр баяндама нәубетті жылдардың құрбанына айналған түрлі ұлттың ауыр тағдырынан сыр шерте білді. Мәселен, онда қарашай-балқарлар туралы да тарқатып айтылды. Аталған халықтың тағдыр таразысына түскен бұл жылдар туралы қарашай-балқар этномәдени орталығының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов зобалаң жылдардағы қарашай ұлтының қызы, туған анасының көрген қасіретті жылдары туралы естелігімен бөлісті.

– Мен қуғын-сүргінді, зобалаңды көрген жоқпын. Менің анам Муслимат – қарашай ұлтының қызы. Ол маған 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударғаны жайлы жиі айтатын. Анам жер аударғанда 19 жастағы естияр жаста еді, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті. Шырт ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятып, үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицер мен автомат асынған төрт солдат қоршап алған. Айтылған талап «ең керекті заттарды алыңдар» деп бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша станциясына, (қазіргі Черкасск қаласы) жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып, белгісіз жаққа ала жөнелді. Ер азаматтар соғысқа кеткен, қарттар мен жас балалар, сәбилер жолды көтере алмай өліп жатты. Төрт тәулік есікті ашпай жүріп келіп, Волга өзенінің көпіріне келгенде есікті ашқанда, вагондағы бірталай адам лап ете кірген таза ауадан есінен танып құлап түсті. Қайтыс болғандарды бұрышқа бірінің үстіне бірін жинап қойған еді, соларды «өзіміз жерлейміз» деп түсіріп алды. Есіктер жабылған сәтте пойыз жүрмей жатып әскерилер мүрделерді аяқ-қолынан ұстап Волга суына лақтырды. Шулап жылаған халық жақындарынан осылай айырылып кете барды. Неткен қасірет?! – деп күрсіне еске алды.

Демін ішіне тартып тұрған қасіретті жылдардың қайғылы естеліктері залдағы көрермендердің де көңілін босатты. Ғылыми жиын соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.