Жамбыл облысында етті-жүнді мал басын көбейтуге, асылдандыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта Шу ауданында асыл тұқымды қошқарлардың көрме-аукционы өтті.
Көрмеге өңірдегі шаруалар 200-ден аса бас асыл тұқымды қошқар әкелді. Қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына қарай баға берді.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қой шаруашылығы – өңірде мал өсірудің басты салаларының бірі. Саланы дамытуды облыс әкімі басты назарға алып отыр. Мал тұқымын асылдандырумен айналысатын ғылыми зерттеу институттарымен жұмыс жүргізуге облыс бюджетінен арнайы қаржы берілді, – деді Қ. Мәдібек.
Айта кетейік, аймақта қой өсіретін 1500-ден аса шаруашылық бар. Онда 3,5 млн. бас қой бар. Бұл шаруашылықтарда еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, меринос, қаракөл және де басқа тұқымдары өсірілуде.