Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдардың түрленуі дамудың даңғыл жолына бастайды

0 779

Ауыл десе елең етпейтін қазақ жоқ. Себебі ауыл – кез келген қазақ баласы үшін қасиетті қарашаңырақ, кіндік қаны тамған киелі мекен. Ол – ұлтымыздың дәстүрі мен ділінің ордасы. Сондықтан ел ертеңінің жарық болуы үшін ауылдардың бойына нәр жүгірту аса маңызды. Ол үшін елді мекендерді бүгінгі заманның талабына сай көркейтуіміз қажет.

Әрине, кез келген ауылды инфрақұрылым өрістетеді. Осы бағыттағы қоғамның игілігіне бағытталған істердің нәтижесін халық көруде. Әсіресе, Байзақ ауданының тұрғындары бұл игіліктен кенде қалған емес. Осы орайда аталған аудан бүгінде көгілдір отынмен толығымен қамтылған облыстағы жалғыз өңір екенін ерекше атап өткен жөн.
«Жол қадірін жүрген біледі», – демекші кейінгі жылдары мемлекеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге көптеген қаржы бөлінуде. Мәселен, бұрнағы жылдарды айтпағанда 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша ауданға республикалық бюджеттен 959278,0, ал аудандық бюджеттен 111853,0 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға аудандағы жалпы көлемі 56 шақырымды құрайтын 53 көшені жөндеу жоспарланған болатын. Былтыр Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр, Қонаев көшелері жанындағы жаяу жүргінші жолымен қоса, Мырзатай ауылындағы 10, Сеңкібай ауылындағы 4, Дихан-2 ауылындағы 6, Абай ауылындағы 7, Көктал ауылындағы 11 үлкенді-кішілі көшелерді «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта жөндеулерден өткізді. Сондай-ақ 17 аудандық маңызы бар жалпы көлемі 2385 шаршы метр жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде Кеңес, Байзақ, Мәдімар, Ақшолақ, Аймантөбе ауылдарына кіреберіс жолдар да бар. Ауыл-ауылдар арасын жалғайтын жолдар да жөндеуден өткізіліп, қарым-қатынас жақсарды. Аудандық маңызы бар жолдарға «СМЭУ» ЖШС 33 дана жол белгілерін, 8 дана жасанды жол кедергісін орнатты.
Қазақта «Жолың жаман болса атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген жақсы сөз бар. Сол атаның да, атанның да сүрінбеуі үшін аудан аумағындағы жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табады. Айталық, ағымдағы жылы ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеуге арналған пилоттық жобаға енген Қостөбе, Түймекент, Үлгілі, Жалғызтөбе ауылдық округтері көшелерін жөндеуге басымдық беріледі деп күтілуде. Жолға биыл да аз қаржы қаралып отырған жоқ. Енді сол қаржыны тиімді пайдаланып, көше, ауыл арасындағы жолдардың өз уақытында, сапалы жөнделуіне мән беріледі. Бұл ретте қажетті орындарға қойылуы керек жол белгілері де ұмыт қалмауы керектігі белгілі.
Аудандағы 43 елді мекеннің 42-сі бұрнағы жылдары газдандырылылса, өткен жылдың соңғы күндері аудандағы соңғы ауыл Төрткүлге газ келіп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Ауыл тұрғындары ауыл көшелеріне тартылған газ жүйесін үйлеріне кіргізіп, көгілдір отынның рахатын көре бастады.
Аудандағы елді мекендердің барлығы да электр энергиясымен толық қамтылған. Байзақ аудандық электр жүйесі мекемесі аудандағы электр энергиясының тұрақты берілуін қатаң қадағалап отырады. 2019-2022 жылдары мемлекеттің «Ауыл-ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында бірнеше ауылдық округтердегі ескі электр желілері, бағаналар ауыстырылып, көше жарықтары орнатылды. Мәселен, өткен жылы Сарыкемер ауылдық округіне подстанция орнатуға 970,0 миллион теңге қарастырылса, Бурыл, Ақшолақ орта мектептерінің аумағын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

– Ауданда әлеуметтік мәселелерге де үлкен мән беріліп отыр. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Жолдар жөнделіп, ауылдарға ауыз судың тартылуы, жаңа мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар мемлекеттік бағдарламалар аясында салынуда. Ауданымыз облыс көлеміндегі елді мекендері 100 пайыз газбен қамтылған жалғыз аудан екенін мақтан етуге болады. Айта берсек мұндай жетістіктеріміз аз емес. Бір сөзбен айтқанда ауданымыз өзінің 85 жылдық тарихында дамудың даңғыл жолына түсті. Ал мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданымыздың абыройы асқақтай беретініне сеніміміз мол.
Ауданымызда игілікті істерді мойымай, абыроймен атқарып жатқан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын еселеп өсіруге үлестерін қосып жүрген еңбек адамдары аз емес, – дейді Байзақ ауданының Құрметті азаматы, қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев.
Байзақта тұрғын үй мәселесі де өте өзекті болып отыр. Себебі аудандағы халық саны жыл өткен сайын көбеюде. Бүгінде тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 1990 азамат кезекте тұр. Олар кезекке Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы отбасылар, оралмандар (қандастар), зейнеткерлер, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер болып бөлініп қойылған. Мәселен, 2022 жылы тұрғын үй кезегіне 258 азаматтан өтініш түссе, олардың арасынан 87 азаматтың құжаттарын зерделегенде тұрғын үй кезегіне тұруға сәйкес емес екендігі анықталып, өтініштері қайтарылған.
Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз етуді көздеген түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Шындығында баспана – қоғамның ең күрделі проблемаларының біріне айналып отыр. Әсіресе ел Тәуелсіздігін алып, өмірге нарық енген жылдары шалғай ауылдарда тұрғандар базар жағалап, күнкөрістің қамымен қала, қала маңындағы аудандарға үдере көшкенін де жақсы білеміз.
Өңірде өткен жылы басқалармен бірге құрылыс саласында да ауқымды жұмыс- тар атқарылды. Ауданға жыл сайын көшіп келушілер саны артып, оларды баспанамен қамту жұмыстары негізгі проблемалардың біріне айналды. Осы мәселені алғашқы кезекте шешу үшін Сарыкемер ауылының бекітілген бас жоспарына сәйкес және типтік үлгі бойынша көп қабатты 38 тұрғын үй соғу жоспарланған. Биылғы жылы 4 үйдің құрылысы басталып, республикадағы қаражат тапшылығына байланысты жұмыс әзірге тоқтап тұр.
Дихан-2 ауылында 98 гектар, Базарбай ауылында 47 гектар, Жетібай ауылынан 50 гектар тұрғын үй алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал бұл аталған алқаптарға 1000 азамат өздерінің жеке тұрғын үй құрылыстарын салуға мүмкіндік алғанын білдіреді. Сарыкемер ауылындағы 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға электр, газ, су, кәріз жүйесі, тағы басқа да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізілуде. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демекші, аталған осындай жүйелі жұмыстар арқылы аудандағы үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу жоспарланып отыр. Өз басында үйі жоқ азаматтың еңбекке де ынтасы болмайтыны, отбасында да жылылық сезілмейтіні айтпаса да түсінікті.
Бұлардан басқа 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бурыл және Құмжота ауылдарының 807,88 гектар құрылыс аймағының жер асты және жер үсті инженерлік-коммуникацияларға түгендеу жұмыстары аяқталды. Үлгілі, Аймантөбе ауылдарында тиісінше 28,9 және 10 гектар тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дамытылды.
Кейінгі жылдары қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының шапағатын көріп отыр- ғандар да аз емес. Мәселен, өткен жылы осы жоба аясында Қостөбе, Темірбек, Сазтерек, Жаңатұрмыс, Жалғызтөбе, Ынтымақ ауылдық округтерінде тұратын тұрмысы төмен, көп балалы, аз қамтылған, жалғызбасты 6 азаматқа ауылдастары көмектесіп үй салып берді. Сондай-ақ Ботамойнақ, Бурыл, Суханбаев, Бәйтерек ауылдық округтеріндегі осындай асарлатып салынып жатқан 4 үй өз иелеріне тапсырылды. Бұдан бөлек Көктал, Диқан, Түймекент, Үлгілі ауылдық округтерінде салынып жатқан 4 үйдің кілті өз иелеріне биыл берілмек. Ауыл халқын ұйымшылдыққа, мейірімділікке баулитын мұндай игілікті істер ауданда алдағы жылдары да жалғасын таппақ.
Сарыкемер ауылындағы құны 855,945 мың теңге тұратын, қуаты 2х 16000 квтВл 35 кв 35/10 кв екі тізбекті желілі подстанция құрылысы қараша айында басталса, биыл аяқталады деп күтілуде. Түймекент, Ақжар ауылдарындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп пен «Ақжар» балабақшасы ғимараттары газға қосылды. Жақаш ауылында қызметтік тұрғын үйімен қоса жергілікті полиция пунктінің құрылысы өз мезгілінде соғылып, пайдалануға берілді. Ал Тегістік ауылындағы құны 118,829 миллион теңге тұратын 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Құны 71975 мың және 34604 мың теңге тұратын көше жолдарын мердігер «РадугаСтрой КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, келесі жылдың маусым айында пайдалануға береді. Міне мұның барлығы айтуға оңай болғанымен көп күш-жігер, қомақты қаржыны қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал бұған кейінгі жылдары құрылыс материалдарының күн санап қымбаттап бара жатқанын да қосуға болады.
Биылғы жылы Көкбастау ауылына дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына, Дихан-2, Жетібай, Базарбай, Қостөбе ауылдарының тұрғын үй алқабына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында газ желісін тарту, тас жол салу, су желісін жүргізуге, Үлгілі, Жаңатұрмыс ауылдарының бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.
Былтыр БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов халықты көп толғандыратын мәселенің бірі коммуналдық шаруашылық саласы екенін ашып айтқан еді.
— Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін сапалы ауыз су мен көгілдір отынға қол жеткізу бағытында атқарылатын жұмыс бағытымызды айқындадық. Бүгінде облыстағы ауылдық елді мекендердің 269-ы (622 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл тағы 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Сондай-ақ, биыл қосымша 17 елді мекендегі 10 мың үй газға қосылады. Осылайша даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады,-деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Бұл межеге қол жеткізу үшін 62 ауылға су құбырын тартып, 40 ауылдың ауыз су жүйесін жаңғыртып, 31 ауылға су тазалау блок модулі орнатылады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыстағы 36 елді-мекенде ауыз су кестемен беріледі десек, биыл аталған ауылдардың саны 30 пайызға дейін қысқармақ. Сонымен қатар, 15 елді мекенге газ тартып, 50 елді мекенге табиғи газ жүйелерін тарту арқылы және 2 автономды газ тарату станциясының құрылысы жүргізіліп, бұл мәселе де оң шешімін табатын болады, – деген аймақ басшысы 2025 жылға дейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5 пайызға, елді-мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 94,1 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырғанын да баса жеткізген болатын.
Байзақ ауданында да ауыз су мәселесі жұртшылықты біраздан бері толғандырып келеді.
– Ауыз су аудандағы күрделі мәселелердің бірі. Солай болғанмен оны шешу бағытында мемлекеттің «Ауыз су», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» тәрізді бағдарламаларының аясында аудандағы 43 елді мекеннің 30-ы ауыз сумен қамтылған. Олардың 27-не «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, 3 елді мекенге «Теміржол су» ЖШС-і қызмет көрсетеді. Өткен жылы Аққия, Сарыбарақ, Ақтөбе, Ботамойнақ, Қосақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік ауылдарына республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаражаттар бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар биылғы жылға өтпелі болғандықтан қайта жалғасатын болады. Аудандағы Төрткүл, Қайнар, Жаңасаз ауылдары халық саны аз елді мекендерге жатады. Осыған сәйкес бұл ауылдарға суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланып отыр. Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауыз сумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бақтияр Сыдықов. Осылайша, мемлекеттен мол қаржы бөлініп, елді мекендердің барлығына орталықтандырылған ауыз су жүйесі жыл сайын рет-ретімен тартылып, пайдалануға берілуде.
Тал-дарақтар егу жұмыстары – бүкіл өңірді көгалдандыруға бағытталған шара. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтайды. Көктемгі екі айлық аясында ауыл тұрғындары аулаларына, мекеме, ұйым қызметкерлері ғимарат маңына сәндік ағаштар мен раушан гүлдерін егіп, ауылды көркейтуге үлестерін қосуда.
Алдағы уақытта өңірде Ақтөбе ауылындағы Қарабақыр көшесіне, Жаңасаз елді мекеніндегі Ақтерек, Көктерек көшелеріне асфальт төсеу және ауыз су жүйесін жүргізу, Абай ауылындағы Б.Момышұлы көшесін орта жөндеуден өткізу, Ақтөбе және Жаңасаз ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізу, Абай ауылында спорттық-жаттығу залына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, кіші футбол алаңшасын салу, округке қарасты шаруа қожалықтардың егістік жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Демек, енді қазақтың құтты мекені саналатын ауылдарға деген қамқорлық бұрынғыдан да арта түспек.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.