Қалалық қоғамдық-саяси газет

Танымы терең тұлға

0 227

Жамбыл облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мақұлбек Рысдәулетпен кездесу өтті.

Қаламгердің 70 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылған жиында көпшілік кеш кейіпкерімен ашық сұқбат құрып, риясыз әңгіме өрбітті. Ардагер журналист өзінің тілшілік қызметінде өткерген қызығы мен қиыншылықтары туралы баяндап берді. Қаламгерге көп қойылған сұрақтың басым бөлігі «Майдан хаттары» туралы болды. Мәселен, оның «Майдан хаттарын» зерттеуге көп көңіл бөлгендігі хақындағы сауалға қаламгер: «Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Тіліміздің құдіреттілігін келешек ұрпаққа көрсетуіміз керек. Ал ол үшін дәлел керек. Архив қорында ондай дәлел болатын құжаттар көп. Майдан хаттарының 90 пайызы өлең түрінде жазылған. Ол хаттарға қайтарылған жауаптар да дәл сондай. Бұл қазақ тілінің шешендігі, ұл-қызының сөз табу шеберлігінің үлкен дәлелі емей немене?! Мені қызықтырғанда сол еді», – деп қысқаша қайырды.
Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында бүгінгі күні құрметке бөленіп жүрген Мақұлбек Рысдәулет журналистік қызметінде табысқа жетуіне үлес қосқан асыл жары Дәметкен Мұхамеджанқызы жайында естеліктерімен бөлісті. Аяулы жарының көркем мінезін еске ала отырып, қазақ қыздарының да тәлімін тілге тиек етті.
– Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді. Менің Дәмекем де сол нағыз «қазақ әйелі» деген атқа лайық болатын. Сонау замандардан бері әйел затының, соның ішінде қазақ әйелдерінің өжеттілігі мен шыдамдылығы жайлы аңыздар өте жетерлік. Оған Сақ патшайымы Томиристі, Айғаным мен Зере апаларымызды, Отан үшін отқа түскен батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті, тәуелсіздік жолында желтоқсанда жанын қиған Ләззат пен Сәбираны айтып өтуімізге болады. Қазақ жігіттері аруларымыздың мықтылығын мойындауы керек. Қазақ қыздарын мақтан ету керек, – деп қаламгер жастарға ақылын айтты.
Әңгімелесу барысында алдағы уақыттағы жоспарлары туралы да біраз мәліметпен бөлісті. Биылғы жылы «Тараз мұралары» атты жинақпен 80 кітап шығару ісін қолға алыпты.
Мақұлбек Рысдәулет жайлы түрлі қызықты естеліктерімен бөлісу үшін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, драматург, театртанушы Әлібек Әмзеұлы да осы кештің төрінен табылды. Кездесуге келген оқырмандар екі бірдей ел ағасынан өмірлік маңызы бар өсиеттер алып қайтты.
Тәрбиелік-тәлімдік мәні бар ашық әңгімелесу жиыны құлақтың құрышын қандырар әсем әнмен жалғанды. Кеш соңында кітапхана қызметкерлері ардагер журналиске Алғыс хат тапсырды. Сонымен қатар кеш кейіпкері кітапхана қорына өз атынан 10 кітап сыйға тарту етті.

Аружан ТЫНЫШБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.