Бүгінде елімізде өңірлерді дамытуға ерекше күш салынуда. Әсіресе, ауыл тұрғындарын коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында инфрақұрылымын игілігін көрген шалғай елдімекен тұрғындарының қарасы артып келеді. Бұл – мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Осы орайда Т.Рысқұлов ауданында да ілкімді істер қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Жол – өңір тіршілігінің күретамыры
Жол – өңір тіршілігінің күретамыры. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан аудан тұрғындарына жайлы жағдай туғызу үшін жол үнемі қалыпты және сапалы болуы керек. Бұл сырттан келетін туристерге де жағымды әсер сыйлайды. Сондай-ақ көлік апаттарының басты себебі сапасыз салынған жолдар екенін арнайы зерттеулер де көрсетуде. Осыны жете түсінген Т.Рысқұлов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолдардың ағымдағы жай-күйін мұқият және егжей-тегжейлі зерделеп, кешенді шараларды қолға алуда. Соның нәтижесінде «жақсы» және «қанағаттарлық» жағдайдағы көше жолдарының үлесі 93 пайызға жеткен. Яғни бұл 316,95 шақырым 328 көше жолы жөнделгенін көрсетеді. Айталық, былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде және аудандық бюджет есебінен 26,2 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде аталған бағдарлама аясында 8, аудандық қаржы есебінен 11 жоба іске асты.
– Былтырға белгіленген «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі» түйінді индикаторын орындау мақсатында бірқатар бюджеттік тапсырыстар беріліп, республиканың қарауына ұсынылды. Атап айтсақ, әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес Қайынды ауылына кіре берістегі 0-5,12 шақырым жолға 115463,7 мың теңге, Ақыртөбе-Тереңөзек-Қайынды 0-15 шақырымға 341618,5 мың теңгеге аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге оң ведомстволық қорытынды алынды. Сонымен қатар, нақтылауға ұсынылған қосымша жобаларға қаржы бөлінгендігіне байланысты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» зертханалық сараптама қорытынды алу мақсатына қажетті қаржы есептері жүргізіліп, 12 миллион теңге қарастырылды. Бұған қоса аудандық бюджеттен 6 дана бағдаршамды күтіп-ұстауға 1300,0 мың.теңге бөлінді. Сонымен қатар, Құлан ауылының орталық Жібек жолы көшесінің, аудан ішіндегі елді мекен көше жолдарының, 38 мектеп пен 17 балабақша алдына жаяу жүргінші өткелдері мен жол сызықтарын жүргізуге 20,1 миллион теңге бөлініп, жұмыстар сапалы орындалды. Сондай-ақ, аудан аумағында жол белгілері орнату бойынша 7,9 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қаблет Абдирахманов.
Тіршілік нәрінен таршылық жоқ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деген болатын. Бұл тапсырма өңірлерде де жоғары деңгейде орындалуда.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы 42 елді мекеннің 32-де ауыз су жүйесі бар. Оның 27-і орталықтандырылған, 5-і ескі су жүйесі. Қалған 10 елді мекен тұрғындары құдықтан және ұңғымадан (артезиан) тіршілік нәрін алуда. Демек, өңірдегі 70048 адам тұратын 42 ауылдық елді мекеннің 95,5 пайызында ауыз су жүйесі тартылған. Оның ішінде 27 елді мекенде «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында жаңа ауыз су жүйелері құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Яғни өңір халқының 59 175 адамы немесе 91,7 пайызы таза ауыз суды тұтынуда. Атап айтқанда 2006 және 2013 жылдары Құлан, 2009 жылы Тереңөзек, Өрнек, Көгершін, 2010 жылы Шолаққайынды, 2012 жылы Көкдөнен, Жақсылық, Қарақат, Каменка және Абай ауылдық округінің Көкарық, Еңбекші ауылдары, 2013 жылы Көкарық, Қорағаты, 2014 жылы Д.Қонаев, 2015 жылы Қызылшаруа, 2017 жылы Қайыңды, 2018 жылы Луговой, 2020 жылы Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ, 2021 жылы Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарына ауыз су жүйесі берілген.
Ал өткен жылы Жаңатұрмыс, Қазақ және Сәлімбай ауылдарында ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда аталған ауылдарда жеке тұрғын үй аулаларына кіргізу жұмыстары жүргізілуде.
– 2021 жылы Шөңгер, Мамай, Сөгеті ауылдарына жаңа ауыз су жүйесін жүргізуге ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама алынды. Тиісті мемлекеттік сараптама қорытындысын, 2023-2024 жылдарға бюджеттік өтінім жолданды. Бұдан бөлек, тұрғындар саны 200-ден аспайтын Абылхайыр, Мамыртөбе, Тойқұдық, Аққайнар, Сұңқайты, Қосапан секілді елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттілігі туындауына байланысты алдағы уақытта қаралатын су тазарту құрылғыларымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландыруды 2023 жылға жоспарлануда, – дейді Қаблет Қанатұлы.
Халық көгілдір отынның қызығын көруде
Өңірлерді дамытудың ұлттық жоба-сының басым бағыттарының бірі – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Газдандыру ауылдардың бойына нәр жүгіртіп, дамуына серпін беруде. Әрине, Жамбыл облысы бойынша бұл мәселе толығымен шешімін тапты деуге келмейді. Десе де, біршама ілгерілеушілік бар екені айқын. Соның бір дәлелі – Т.Рысқұлов ауданында елдімекендердің 98,5 пайызы көгілдір отынның қызығын көруде. Айталық, жалпы саны 34 елді мекенге газ тартылған. Мәселен, 2021 жылы ауданда 10 ауылға, атап айтқанда Жаңатұрмыс, Каменка, Қазақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қорағаты, Байтелі, Д. Қонаев, Әбілхайыр, Шөңгер елді мекендеріне газ құбырлары жүргізілді. Үйге дейін газ кіргізу жұмыстары бойынша ауыл тұрғындары «ҚазТрансГазАймақ» ЖӨФ мекемесімен өзара келісіп, 150,0 мың теңгеден газ кіргізу жұмыстары ұйымдастырылған. Газ құбыры тартылмаған елді мекендердің жалпы саны – 8, оның ішінде газ кірмеген Шолақ-Қайыңды ауылын газдандыру жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім жолданған. Жоба құны – 186,7 миллион теңгені құрайды. Аталған елді мекен биыл жыл соңына дейін көгілдір отынмен қамтасыз етілетін болады. Қалған 7 ауыл газдандырылу ықтималдығы төмен аз қоныстанған және шалғай орналасқан елді мекендердің қатарында. Олар – Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қорағаты стансасы, Қосапан, Сұңқайты ауылдары мен Құмарық разъезі.
Оның ішінде Қорағаты станция және Сұмқайты елді мекендерінде биыл ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімге жолдау жоспарлануда.
Электр желілері жаңғыртылуда
Бүгінде ауданда электр желілері бойынша «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС қызмет көрсетеді. Өңірдегі 12 352 жеке, 480 заңды тұлға абонент тұтынушылар ретінде есептеу аспаптарымен қамтамасыз етілген. Иесіз трансформатор ретінде ЛЭП «Западная» тіркелген. Орналасқан жері – Құлан ауылдық округіне қарасты Шөңгер ауылының тау жақ беті. Бүгінгі таңда Құлан ауылдық округі әкімі аппаратына аталған трансформаторларды иесіз деп тану бойынша әділет басқармасына тіркеп, теңгерімге алу бойынша жұмыстар тапсырылды. Жалпы теңгерімге алу үшін әділет басқармасында иесіз деп 1 жыл тіркеуде тұру қажет және құжаттарды рәсімдеп сот арқылы теңгерімге алу жұмыстары ұйымдастырылады.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында Т.Рысқұлов ауданындағы «GoldenCompassCapital» АҚ «Тау-кен металлургия өндірісін электрмен жабдықтау», түзету, 2 кезекке бөлу, 1-кезектегі сметалық құжаттама» жұмыс жобасы бойынша 747,9 миллион теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл өтпелі нысан. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Тұрғындар тазалық жұмыстарынан шет қалмауда
Ауданда көктемгі, күзгі көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары да қарқын алуда. Аталған жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында 2022 жылдың 1 наурызы мен 1 мамыры аралығында аудан әкімдігінің арнайы қаулысы шығып, газет бетіне жарияланды. Соған орай комиссия құрамы бекітіліп, іс-шаралар жоспары әзірленді. Ауылдағы тазалықты қадағалау үшін ауыл-аймақтарға аудан активтері бекітілді. Аудандық бюджеттен 2022 жылы елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандаруға 10154,0 мың теңге, санитарлық тазалыққа 6747,0 мың теңге бөлінді. Аптаның жұма-сенбі күндері санитарлық тазалық күні болып белгіленді. Осы орайда сенбілікке 2 480 адам қатысып 27 техника жұмылдырылғанын айта кеткен абзал. Соның нәтижесінде ауылдық округ әкімдіктері, мемлекеттік кәсіпорындармен бірлесіп елді мекендерде 2000 тал-дарақтар, жас көшеттер отырғызылып, аудан бойынша 34 шақырым арық-канал, 245 шақырым көше тазаланды. Осылайша саябақтарды, скверлерді тазалау және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, 225 тонна қоқыс шығарылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын полигондар бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрмыстық қатты қалдықтарын басқару жөніндегі жұмыс- тарды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс- шаралар жоспары негізінде аудан бойынша барлығы 21 полигонды оңтайландыру үшін бір-біріне жақын елді мекендердің полигондары бір жерге шоғыр- ландырылды. Сондай-ақ экологиялық талаптарға сай 14 бірлік қалдық тастайтын алаң ашылып, 42 елді мекен толық қамтылды.
Жоғарыда айтылғандай тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын экологиялық талаптарға сай 14 алаң ашылып, яғни 42 елді мекен толық қамтылған. Алайда 2018 жылы Жамбыл облыстық аудан- аралық мамандырылған экономикалық сотының шешімімен Көгершін, Тереңөзек, Қарақыстақ, Көкдөнен, Құмарық, Өрнек, Жарлысу, Ақыртөбе, Малдыбай, Қорағаты, Қайыңды, Р.Сабденов, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигондары жерді рекультивациялау және қоршаған ортаға әсер ету мониторингі жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін тарату қорының болмауына байланысты тоқтатылған. Сонымен қатар Ақыртөбе және Өрнек ауылының шекарасының аумағында, яғни «Батыс Европа-Батыс Қытай» автомобиль жолының бойында орналасқан қоқыс полигонын басқа жерге орналастыру қажет. Осыған байланысты аталған елді мекендердің қоқыс тастайтын полигонын оңтайландыруға Өрнек ауылынан жер телімі анықталуда. Бүгінгі күні қазу және қоршау жұмыстарына қажетті қаражат ауданық бюджеттен қарастырылуда.
Тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде
Құлан ауылындағы И.Панфилов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерінің шатырына өткен жылы «Bat Consalt» ЖШС-нің басшысы Тельтаев Талғат Сәбитұлының демеушілігімен ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айта кететіні, 300-ге жуық тұрғыны бар бұл көпқабатты үйлердің іргетасы 70 жыл бұрын қаланып, 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген.
Ал биыл Панфилов көшесінің тұрғындарының сұранысы бойынша көппәтерлі 4 үйге де ауыл шырайын аша түсетін сәулеттік жобалардың бірі – «Тұрғын үйді модернизациялау» бағдарламасы аясында толығымен заманауи үлгіде жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша өңірде атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Өңірлерлерді дамыту бағытындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді.
Мөлдір Тастанбек,
журналист
Т.Рысқұлов ауданы