Оңласын Есіркепов,
Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы
Шешендік – қадірлі өнер. «Өнер алды қызыл тіл» деп бабаларымыз бекер айтпаған.Қоғам тарихына көз салсақ, қай халықтың болсын мемлекет қайраткерлері, қолбасшылары, мәмілегерлері, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болғанын байқаймыз. Әр қоғамның өзіне лайықты қарым-қатынасы қалыптасатыны сияқты ойлау, сөйлеу мәдениеті, озық ойлы, шебер тілді адамдары да болғаны даусыз.Алайда, шешендік өнер ғылым ретінде біздің жыл санауымыздан бес-алты ғасыр бұрын шығып, қалыптасқан. Мәселен, шешендік өнер ең алдымен ежелгі Грекияда өріс алған.
Шешендік сөздер үш түрлі болады.Олар – кеңесу, билік және салтанатты сөз.Ал құрылғысы жағынан кіріспе, баяндау және қорытынды сынды үш бөлімнен тұрады.Шешендік сөздердің қалыптасуы мен дамуы шешендермен, олардың сөздерімен белгіленеді.
Шешендік сөз мынадай талаптарға жауап беруі керек:
1.Белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпты қозғайтын және шаршы топ алдында ауызша айтылған сөз болуы;
2.Әңгіме өзегінің дәлелі (аргумент) болуға тиіс, соның арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан соң ойлантып, ақырында белгілі бір харекетке ұмтылдыруды көздеуі қажет;
3.Тыңдаушыларға жақсы әсер етіп, құлақ құрышын қандыратын, сүйсіндіретін эстетикалық қасиеті болуы игі.
Қазақ жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Шешендігінен бөлек ақындығы тағы бар. Билік ету, шешендік, күйшілік өнер сияқты өзге жұртта кездесе бермейтін қазақ халқының арасында тамырын тереңге тартқан үрдіс, дәстүр орныққан.Ел басына күн туған шақта би-шешендер елшілік қызмет те атқарған.Майқы би, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би секілді дуалы ауыз данагөйлерге халқымыз еш кенде болмаған. Шоқанның Уәлихановтың жазуынша, оларды өздері қалап, би атап отырған.Ешқандай арнайы сайлау, үкімет тарапынан тағайындау болмаған. Ал, би болып белгіленген кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген.Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен ақылгөй болған.Ал, би, шешендер даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Яғни ешқандай хатсыз, қағазсыз, ауызша жүзеге асқан. Демек сол замандағы бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полцияның да қызметін атқарған. Бұл жөнінде кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» деген болатын.
Шешендік сөздердің ерекше қасиеті – тыңдаушысын толғандыру, соған иландыру, бұдан кейін еліктіріп әкету, ақырында дәлелді уәжге бас қойдыру. Мұндай қасиет шешендік сөздерді көркемдігіштік, тілдік тәсілдеріне жатады. Айтулы орны мен мақсатына, атқарған қызметіне қарай шешендік сөз «төбе сөз» деп, оны айтушыларды «төбе би» деп атады.
Шешендік өнердің екі түрлі формада – ауызша және жазбаша түрде жүзеге асатынын қазіргі шешендік те танытады. Радио, теледидар арқылы сөйлеген немесе мәжілістегі, конференциядағы, парламент сарайлары мен сот залдарындағы шешендік ауызша орындалады да, газет-журнал беттеріндегі, ғылыми басылымдардағы шешендік жазбаша жүзеге асады.
Шешендік сөз дегеніміз – тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретінданалық сөз, қиялға әсер етіп, сезіміңізді қозғайтын көрікті де, әсерлі сөз, бұра тартпас дәлелімен тамсандырып, таңдай қақтыратын білгір-білімді сөз, өтіп кеткен не өтіп жатқан оқиғаны жанды суреттен көз алдыңа алып келетін сөз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз. Ал шешендік өнердің қайта жаңғыруы – қоғамдық қажеттілік.
Шешендік өнер жанр ретінде қазақ қоғамында ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында соңғы би-шешендермен бірге жоғалды. Себебі, қазақ даласында сөз бостандығына тежеу салынған еді.Оның есесіне жоғарыдан үстемдік ету күшейді.Енді шешендік өнердің міндетін поэзия мен проза атқарды.Еліміз тәуелсіздік алып дербес мемлекет болған осы тұста шешендік өнердің қажеттілігі күн санап артып келеді.
Елдің тәуелсіздігі өзімен бірге ойлау, санадағы, танымдағы тәуелсіздік пен тіл тәуелсіздігін ала келді. Зайырлы қоғам өмірдің барлық саласында сөйлеу еркіндігін қамтамасыз етіп, дін тақырыбында шешіліп сөйлеуге мүмкіндік берді.Еліміздің Конститутциясында қазақ тілі мемлекеттік тілі болып қабылдануына байланысты сот істері қазақ тілінде жүргізіле бастады.Осының бәрі қазақ тілінде шешен сөйлеу талабын күшейте түсері сөзсіз.
Шешендік өнер ХІХ ғасырға дейін халықтың, әлеуметтік өміріне, саяси-экономикалық жағдайларына байланысты дамып, кемелденіп отырған.Шешендік өнердің тарихына көз жіберсек, ол тәуелсіздік жолындағы күресте өте-мөте белсенді қызмет атқарған.Қазір ақпарат заманы. Яғни ақпараттық қоғам өмірде жаңа үрдістерге жол ашты, шешендіктің жаңа түрін туғызды.Бүгінгінің басты міндеті – ұлттың рухани мәдениетін бойына сіңірген, қоғамдағы өзгерістерді ақыл-ой зердесінен өткізіп, ой қорытындысын жасай білетін, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, көпшілік алдында шығып шешіліп сөйлеп, өз пікірін саналы қорғай алатын, жұртшылыққа ой тастап, іске жұмылдыра алатын қабілетті адамдарды қалыптастыру.Қазіргі шешендік әдеби тілдің сөз байлығын өмірдің барлық саласында қолдана білуге, жұртшылықты этика нормаларына баулуға, сөз мәдениетін жетік меңгеруге, ұнамды да сенімді сөйлей білуге үйретуі тиіс.
Зайырлы қоғамда дұрыс сөйлеу әрекеті адамның қоғамдық табысының критерийі.Шешендік – зайырлы қоғамның әлеуметтік және экономикалық өсуінің кілті.Қай кезде болса да шешендік өнердің қызметі – қоғамды басқару, мораль қалыптастыру, этика мен адамгершілік, стиль қалыптастыру, сөйлеу әрекетін жандандыру болған.
Қазіргі шешендік көш басшысы деп белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлын айтуға болады. Не туралы жазса да, кім туралы толғанса да кемеңгер тұлға халықтың мәселелерге соқпай кете алмайтын.Жанамалап болсын, сөз арасында болсын, тікелей болсын жазушы әлеуметтік мәселелерді асқан білгірлікпен талдап, ақыл-кеңесін аяған жері жоқ.Кемеңгерлігі де сонда, кемел шешеннің мемлекет мүддесінен басқа, халық тілегінен басқа тілегі жоқ болатын.
Әлеуметтік-тұрмыстық мазмұндағы сөзді заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке де соқпай талдау мүмкін емес. Оның лекция оқу шеберлігін сөз еткен ғалымдар оның шешендігін де тамсана айтады. Мұхтар Әуезов ғылым-білім мазмұнда лекция оқып тұрып шәкірттерін ләззатқа бөлеген.Мұхтар Әуезовтен лекция тыңдаған Зейнолла Қабдолов «Мұхандай шешен адамды өз басым ғұмырымда көріп-білген емеспін.Мінбеде, не кафедрада күркіреген өзенше тасып, яки толасыз сіркіреген ақ жаңбырша төгіліп тұрушы еді, және бір кереметі – Мұхаңды енжар тыңдау мүлде мүмкін емес», – деп еске алады. Ұстазына таңдана таңдай қаққан Зейнолла Қабдоловта бүгінгінің танымал шешендердің қатарына жатады.
Сондай-ақ, саяси-әлеуметтік тақырыптарда толғана жазған және жазып жүрген шешендер де баршылық, Шерхан Мұртаза, Салық Зиманов, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсын Жұртбай, Қайнар Олжай, Арғынбай Бекбосын, Асанбай Асқаров, Жандар Кәрібаев, Әлмұхан Исақов, Мұхтар Құл-Мұхамет, Қойшығара Салғарин сияқты жазушы, журналистер, қоғам қайраткерлері мен саяси шолушылар аз емес.
Әр елдің, әр рудың өз шешендері, билері болғандығы ақиқат.Қазақтың шешен билерінің сөз саптауы, ой қозғауы, өздеріне тән өнеріде болады.Би үшін ең әуелі елдің тарихын, дәстүрін, әдет ғұрпын және халықтың басынан бұрын-соңды өткен оқиғаларды біліп, танып, жүйелеп отыру бірден бір ауадай қажеттілік.Би болғысы келген адам біріншіден, ол атақты шешендер мен ойшылдардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет.Екіншіден, абыз ақсақалдың батасын алып, өзіміздің ісімізбен, сөзімізбен, ағартудың, заң мен ғылымның, қоғам басқарудың ең бір пәрменді құралына айналды.Сонымен қатар, шешендік – ауызша жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарының бірден-бір құралы.Жиналыс, конференция, семинар, дөңгелек стол, диспуттарда да шешендік өнер өте-мөте керек.Ежелден келе жатқан аталы дәстүріміз – шешендік өнерді қайта қалпына келтіріп, оны жаңа талап, жаңа мақсат-мұратқа сай игілігімізге айналдырып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне, болашақ мүддесіне пайдаланған жөн.