Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көшеттердің күтіміне кім жауапты?

0 435

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз бар. Осыны берік ұстаным еткен Үкімет соңғы онжылдықтың бедерінде қалалар мен ауыл-аймақтарды көріктендіріп, тал-дарақтарды отырғызуды мықтап қолға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді», – деген еді.

Осы бағытта облысымызда да бірқатар жұмыстар атқарылды. Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Гүлмира Жабағиеваның айтуынша, кешенді жоспарға сәйкес, былтыр 5 220 гектар жерге 15 миллион 387,6 мың дана ағаш көшетін отырғызу және 2021 жылы отырғызылған орман екпелерінің 250 гектар учаскесіне толықтыру жоспарланыпты.
– Басқарманың алдына бүгінде орман қорын тиімді пайдалану, ұлғайту, қорғау сынды жауапты міндеттер қойылған. Осыған орай облыс көлеміндегі мемлекеттік орман қоры жерлері, басқармаға бағынысты 15 орман шаруа- шылығы мекемелерінің иелігіне бекітіліп берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары ел аумағында егілуі тиіс 2 миллиард ағаштың 140 миллионы Жамбыл облысына тие- сілі. Айталық, былтыр орманды алқаптағы 8 190 гектар учаскеге сексеуіл ағашының тұқымын себу жоспарланып, толығымен орындалды. Сондай-ақ өткен жылы жүргізілген күзгі түгелдеу шараларының қорытындысына сәйкес, 1 жылдық 9 220 гектар аудандағы орман екпелерінің шығымдылығы 53,6 пайызды құрайды. Ал биыл 5 670 гектар аумаққа 16 миллион 655 мың дана көшет отырғызу, былтырғы 350 гектар орман екпелерін 322 мың дана көшетпен толықтыру көзделуде, – дейді Гүлмира Рысқадырқызы.
Таразда да соңғы жылдардың бедерінде бұл мәселеге ерекше мән берілгені белгілі. Әсіресе ықшамаудандар мен саябақтардың аумағын жасыл желекпен көмкеру қарқын алды. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Соның аясында көктемгі мезгілде ортақ қолданыс- тағы жерлерде 550 түп қылқан жапырақты ағаш түрлерін, 7 900 түп қарағаш, үйеңкі көшеттері отырғызылыпты. Онымен қоса, күзгі мезгілде Айша бибі көшесінің бойында, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіші маңында, «Энергетик» скверінде, «Көне Тараз» этномәдени кешенінің аумақтарында 1 300 түп ағаш және «Біз біргеміз» монументінің жанындағы 3 гектар жер телімінде 1 144 түп ағаш егілген. Ал «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 48 гектар жерге 55 мың тал көшеттерін отырғызу көзделген. Биылдың өзінде 17,4 миллион теңгеге 15 мың тал көшеті егілмек.

Әрине, біз жоғарыдағы сандарды бекер келтірген жоқпыз. Шынында, бұл деректерді оқыған адам Таразды көк желек көмкерген иранбағы ретінде елестетері сөзсіз. Алайда қазынадан қыруар қаржы бөлініп, жас өскіндер егілгенімен, оның өсімі қаншалықты көңіл көншітеді? Тіпті бір кездері жауаптылардың салғырттығынан отырғызылған ағаштар қурап, құр бұтағы қалғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған. Мұның себебі суару жүйесінің дұрыс жүргізілмеуінде жатқаны белгілі.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тағы бір дерегінше, «Энергетик» сквері, «Көне Тараз» этномәдени кешенінің аумағы және «Біз біргеміз» монументінің жанында отырғызылған ағаштарға жаңбырлатып суару жүйесі ұйымдастырылыпты.
– «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2021 жылы Төле би даңғылының соңындағы 10 гектар жер телімінде 12 500 түп, «Шөлдала» алқабында 12 гектар жер телімінде 15 мың түп қарағаш, үйеңкі көшеттері отырғызылды. Аталған алқаптарда суару жүйесі қарастырылмаған. Суаруға қажетті су көлемі көлікпен тасымалданады. Бұдан бөлек, былтыр күзгі мезгілде «Құмшағал» алқабындағы Бас су тоғанының санитарлық қорғау 10 гектар аумағында 12 500 түп қарағаш, үйеңкі көшеттері отырғызылған. Алқап бұрынғы егістік алқабы болғандықтан, ағынды арық суымен суарылуда, – деп жауап берді бөлім мамандары. Ал «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі болса, кейбір көшеттердің өспей қалуына табиғаттың тосын мінезін кінәлайды.
– Ағаштарды сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қазан айларында суарып, тыңайытқыштар сеуіп, күтім жұмыстарын жүргіземіз. Олардың көктем-күз мезгілінде балақтаймыз. Суарумен айналысатын 6 дана 7 тонналық су таситын көлігіміз бар. Әрине, ағаштардың 70-80 пайызы өніп шығады. Кейде қала жастарының немқұрайлылық танытып, сындырып кететін сәттері де аз емес. Оларды анықтасақ, заң аясында шара қолданып, бүлінген көшеттердің орнына басқасын егеміз. Пандемия мен ауа райының да ағаштарға тигізген зияны аз болған жоқ. Мәселен, пандемия кезінде қылқан жапырақты ағаштар ауруға көп шалдықты. Жаз айларында ауа райының +45-50 градусқа жетуіне байланысты да осы мәселелер кездесті. Мұндай кезде түн салқын болғандықтан, көшеттер тез ауырады. Айталық, 2021 жылы қыс жылы болып, ағаштар ерте бүршік атқан болатын. Алайда ізінше бірден ауа температурасы төмендеп, олардың бәрін үсік шалды, – дейді мекеменің көгалдандыру учаскесінің бас агрономы, бөлім басшысы Жасұлан Молдабаев.
Әрине, қураған көшеттерді күтіп-баптау жалғыз «Жасыл Ел-Тараздың» ғана жауапкершілігі емес екені белгілі. Еңбек ардагері Серікбай Асановтың да пікірі дәл осыған саяды.
– Көктем жеткен соң жер-жерде тал-көшеттер отырғызылып жатқаны туралы жаңалықтарды жиі көзіміз шалады. Осы қаланың тұрғыны әрі экологияның жанашыры ретінде бұған қуанамын. Алайда сол ағаштардың шамалы уақыт өтпей-ақ қурап, мүлде көктемей қалғанын жиі көремін. Әрине, барлық жерде сондай жағдай деп байбалам салудан аулақпын. Мәселен, «Қарасу» ықшамауданындағы «Денсаулық» саябағы ашылғалы бері ол жаққа қаншама тал-көшет егілді. Қазір ондағы ағаштар жайқалып тұр. Себебі күнде таңертең осы саябақта сейілдегенде оларды тиісті адамдардың үнемі суарып тұратынын көремін. Ал «Жеңіс» саябағында жағдай мүлде басқаша. Айталық, саябақтың ішіндегі «Даңқ» залының алдына осыдан біраз уақыт бұрын ағаштар отырғызған болатын. Қазір барып қарасаңыз, сол жерде көктеген көшеттердің саны саусақпен санарлық қана. Тіпті сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде отырғызған ағаштың өзі сусыз қалып, қурап кеткені туралы ақпарат желіде желдей ескені жұртшылықтың жадында. Сондықтан бұл орайда бар жауапкершілікті бір ғана адамның немесе мекеменің мойнына артып қоюға болмайды деп ойлаймын. Бұған округ инспекторлары да барынша атсалысқаны жөн. Қарап отырсаңыз, бұл ағаштарға мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалды. Егер олар құр босқа қурап кете берер болса, бұл мемлекеттің қазынасының желге ұшқаны емес пе? – дейді зейнеткер.
Әрине, көгалдандыру жұмыстары экологиялық ахуалдың да жақсаруына септігін тигізері сөзсіз. Алайда күтімі жоқ көшет қайдан өнсін? Күні кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те осы мәселеге ерекше екпін түсіріп, бұған округ инспекторларын да жұмылдыру керегін баса айтқан болатын. Сондықтан алдағы уақытта бұл түйткілдің де түйіні тарқар деп үміттенеміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.