Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірде мемлекеттік жастар саясаты жүйелі жүзеге асуда

0 646

Жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жүргізуді және талдауды жүзеге асыру мақсатында өңірімізде түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Жастар саясатының мақсаты – жастардың азаматтық, тұлғалық қалыптасуын және олардың әлеуметтік, инновациялық салада дамуына жағдайлар жасау. Елімізде жастар халықтың едәуір бөлігін құрайды. Әрбір бесінші тұрғыны – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Жастардың жоғарғы жас шегі 35 жасқа дейін көтерілуімен еліміздің әрбір үшінші тұрғыны «жастар» санатына қосылмақшы.Бүгінгі жастар жаңалықты игеруге өте бейім. Олар жаңа нәрсені сынап көруден қорықпайды, өзіне не керегін біледі. Ақпаратты тез қабылдап, тез қорытыды.

Жастарды әлеуметтік тәжірибеге тарта отырып, оларға өзін-өзі дамытуда әлеуметтік мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, ғылыми, шығармашылық жағынан камтамасыз ету және кәсіпкерлік белсенділіктеріне қолдау білдіру – біздің міндетіміз. Осы орайда өңірдегі көшбасшылық дағдылары бар бастамашыл және талантты жастардың толық қалыптасуына барынша қолдау білдірілуде.
Жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер секілді қағидаттарға сүйенеді. Сондай-ақ жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасыдағы тәрбие кіреді. Қоғамның қозғаушы күші деп саналған жастарға мемлекет тарапынан түрлі бағытта жан-жақты қолдау мен демеу жеткілікті. Бүгінде оларға тиесілі түрлі нұсқада бағдарламалар мен жобалар дер кезінде жүзеге асуда.
Қазіргі таңда Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Қаламыздың 20,7% жастар. Қазіргі уақытта да мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік саясатына сәйкес жастардың білім алуы, баспанамен және жұмыспен қамтылуына қажетті бағдарламаларды қабылдады. Атап айтқанда, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» жобасы арқылы жастар жұмыс орындарына жолданып, одан әрі тұрақты жұмыспен қамтылуда.Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына барлығы 502 жас уақытша жұмыспен қамтылып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған болатын. Сондай-ақ біршама ауқымды жобалар да жүзеге асырылған болатын. Нақтырақ айтқанда, Тараз қаласындағы «Даму» оқыту орталығының қабырғасында қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асырылды. Ақпан айынан бастау алған жобаға «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарын қоса алғанда қала бойынша 100 бала тегін оқып, ҰБТ жоғары нәтижелерін көрсетті. Сондай-ақ жастар өздерін әртүрлі қырынан байқап көрсін, бейімділіктерін анықтап, әр салада сынап көруге арналған «Жас саясаткер», «Ақпарат алаңы», «Сана» сынды жобалар бастау алып, белгілі мемлекеттік қызметкерлермен, ораторлармен, қоғам белсенділерімен сабақ-тренингтер өткізіп, жастар арнайы тәжірибе алмасуға жіберілген болатын. Жастарды қоғамның өзекті мәселелерін шешудегі орны мен рөлін арттыра отырып, жаңа ұсыныстар мен тың идеялар туындатып, оны тиімді пайдалануға үйрету мақсатында «Тараз қаласына жаңа серпіліс» атты инновациялық жобалар байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Жалпы байқауға облыс және қала аумағынан 30-ға жуық команда қатысып, бақ сынасты. Жоба аясында жастар арасында сұранысқа ие және өз саласында тәжірибесі жоғары кәсіпкерлер мен менторлар, мемлекеттік мекеме өкілдерінен құралған спикерлер тобы қатысушыларға мобилография, SMM, бизнес жоба жазу және қорғау, ораторлық өнер бағыттары бойынша оқытылды. Сонымен қатар отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы», «Толағай» жас отбасылар байқауы, жас таланттардың өнерге қызығушылығын арттыру, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың өнерін шыңдау мақсатында ауқымды түрде «Біз таланттарды іздейміз» атты жас таланттар байқауы, «Taraz job» атты техникалық мамандықтар байқауын өткізген болатынбыз.
Сонымен қатар биылғы жылы өңір жастарын көптеген тың жобалар күтіп тұр. Атап айтсақ, жастарға патриоттық тәрбие беру, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытында «Бастау бизнес» жобасы арқылы біршама жастарды оқыту жоспарлануда.
Орталыққа қарасты «Құмшағал» алқабында «Қабілет», «Самал» ықшамауданында «Арай», «Астана» ықшамауданында «Азимут», «Бәйтерек» ықшамауданында «Бәйтерек» аула клубтары жұмыс жасауда. Аула клубтары жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған ойын құралдарымен, кітаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қазір елімізде бірнеше тілді меңгерген, заманауи ақпараттық технологияларды білетін белсенді, белгілі бір мақсатқа ұмтылатын жас ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұрпақты қолдап, әмбебап адами құндылықтар ұғымын қалыптастыру қажет екені рас. Сонда ғана белгілі бір топтардың, шектеулі адамдардың емес, жалпы қоғамның өркендеуіне мүдделі сауатты, өнегелі азаматтар өсіп шығады. Өз Отанын сүйетін, осы жердің тарихы мен тілін құрметтейтін, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сыйлайтын, бірақ ортақ құндылықтары бар екенін түсінетін, өзара сенім мен түсіністік рухында тәрбиеленген азаматтар әрқашан әлемге ашық, ізденімпаз, білім мен ғылымға құмар, жат қылықтардан аулақ және өз халқын шын сүйетін болады.
Жаһандану жағдайында әр елдің өзгеруі мен дамуы үшін жаңа күштер, жаңа идеялар, ізгі құндылықтар қажет. Олардың барлығына жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу арқылы қол жеткізуге болады. Өйткені жаһанданудың жағымсыз жақтары жастарды жарға жығуы да ықтимал. Қазіргі уақытта тәрбие беру процесі жастардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру ғана емес, заманның кері ықпалынан қорғауға да бағытталған. Жаһандану процесі кезеңінде уақыт ағымы жас ұрпақты қиын таңдау жасауға итермелейді. Буырқанған бұқаралық мәдениет жеке моральдық және рухани принциптерді шайып жіберіп, этикалық қағидалар жастарды рухани тәрбиелеуде бағдар бола алмай қалады. Әр елдің өз ұлттық мәдениетін нығайту, жергілікті дәстүр-салтын сақтау және жаһанданудың кері ықпалын еңсеру көптеген мемлекеттердің ішкі саяси бағытының басымдықтарына кіреді.
Мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру кезiнде жастардың қажеттiлiктерiн, мүмкіндіктері мен мүдделерiн ескере отырып, оларға жаңа әлеуметтiк жағдайлар жасау мақсатында жоғарыда аталған тенденцияларды ескеру қажет.

Абзал Есіркепов,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.