Бұл күні қоғамды алаңдатып отырған ең нәзік тақырыптың бірі – патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту. Кез келген мемлекетті алға сүйрейтін, көркейтетін – білімді, білікті, еңбекқор мамандар. Ал жалқаулар мен масылдарға қоғамды алға сүйреу, елдің дамуына үлес қосу деген ұғымдар жат екені анық.
«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»,– деп абыз Абай атамыз толғаса, Ахмет Яссауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген екен. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі де аса қауіпті. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға қосылу, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну сынды әрекеттер не істерін білмей, бос сандалып жүретіндердің арасында жиі кездеседі екен. Ең өкініштісі, күн өткен сайын бұл қатарды толықтырушылар саны көбейіп келеді. Аталған жайттың Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмауы көп жайтты аңғартса керек. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып өтті.
– Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы көп көзіне көрінбесе де, республикалық және жергілікті бюджет қаржысынан масылдық көңіл-күйді азайтуға аз болса да қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысы сынға алып отырған жайт сол қаржының дұрыс игерілмеуінен туындап отыр. Жұмыссыздықты азайту үшін түрлі оқу орындары жеңілдетілген, тіпті бюджеттік бағдарламалар арқылы маман даярлайды, жұмыспен де қамтылады. Бұл істі жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдіктің жүктемесі еселеп артады. Мәселен, болжамды түрде мәселенің түйінін тарқатып көрелік. Масылдық көңіл-күйге әсер ету үшін аталған санатқа жататындар жиі шоғырланған аудандардан жұмысты бастаған жөн. Бұл саланы зерттеп жүрген азаматтар мемлекет көмегімен масылдық көңіл-күйді түбегейлі болмаса да, айтарлықтай деңгейде жеңуге болатынын айтады.
Осы орайда Мемлекет басшысы: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, «әлеуметтік жеңілдікке ие болсам» деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», – деп тиісті тапсырманы жүктеген еді.
Соған сәйкес, облысымызда жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, өткен жылы Жамбыл облысында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адамды тарту жоспарланыпты. Аталған жоспар 152,7 пайызға орындалып, 75 565 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша облыста 6,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал бүгінгі күнге облыста 15,4 мың жұмыс орны құрылған.
– Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 33 879 адам болса, есепті кезеңге 48 944 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 144,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар 35 590 адам тұрақты жұмысқа тұрған. Ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 1 168 адам жолданды, оның барлығы жұмысын аяқтап, 1 100-і немесе 94,2 пайызы тұрақты жұмысқа тұрды, – дейді Еркін Егембердіұлы.
Соңғы кездері қит етсе «мемлекет халықтың несиесін төлеп берсін» деп орынсыз бастама көтеріп жүргендер де жетерлік. Бұл жүйенің дұрыс еместігін, ешқашан жекелеген адамдардың алған несиесі, қарызға алған тауарының ақшасы мемлекет есебінен өтелмеуі керектігін сарапшылар мен экономистер қанша рет айтса да, Үкіметтен «қармақ емес, балық сұраған» масылдардың талабы толастар емес. Тіпті наразылық шеруін ұйымдастырып, халықты соған шақырғандардың басты талабы мемлекеттің несиені өтеп беруі екені ақылға сыймайды. Ал олардың ертеңгі күні тағы қарызданып, «тағы төлеп бер» деп шу шығаруы әдетке айналмасына кім кепіл? Қит етсе қарызын өтеп беруді талап етіп, шу шығару бұзық балалардың қоқан- лоқысындай қалыпқа айналып кетпей ме? Сондықтан халықты мұндай жаман әдетке үйретпеудің жолдарын қарастырып, масылдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшеюі тиіс.
Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық жас азамат жұмыссыз деген дерек бар. Бұл өз кезегінде NEET санатына жатқызылады. Жалпы облыста 258 мыңнан астам жас бар. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша уақытша бос жүрген жастардың үлесі 7,1 пайыз, яғни 18 329 жасты құраған. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың сөзінше, уақытша бос жүрген жастардың базасын жүйелендіру және жұмыс сапасын тиімді ұйымдастыру мақсатында басқарманың ұсынысымен республика көлемінде алғаш рет бос жүрген жастардың автоматтандырылған электрондық деректер базасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде екен.
– Жастар саясатын институционалды дамыту, ғылыми-зерттеу және әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында басқарма тарапынан уақытша бос жүрген жастармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулық анықтамасы, есептеу әдістемесі, жұмыс алгоритмдері 500 данада әзірленіп, Тараз қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтарына жолданды. Жастардың әлеуметтік жобаларын, жастар бастамаларын қолдау және дамыту мақсатында облыстық орталықта арнайы бөлім ашылды. Бөлімнің қолдауымен 50-ге жуық жас түрлі бағытта жоба жазуға оқытылып, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының 300 және 500 мың теңгелік республикалық шағын гранттарына қатысты. Оның ішінде жамбылдық 15 жас грант иегері атанды. Аталған жобалар қазіргі уақытта іске асырылып, аяқталды, – дейді басқарма басшысы.
«Алма піс, аузыма түс» деп қарап отырмай, мемлекет тарапынан берілетін осындай қолдауды пайдаланып, кәсіп бастап «Супер келіндер» дүкенін ашып отырған қос абысын Жансая Үсенова мен Әсел Әлиасқарованың тірлігі көпке үлгі.
– Біздің әулетіміз салт-дәстүрді қатты ұстанады. Абысыным екеуміз салт-дәстүрден аттаған емеспіз. Күнделікті өмірде ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүрдік. Туған күндерде, мерекелік іс-шараларда да қазақша нақыштағы киімдерді тіктіріп кие бастадық. Елдің барлығы қызыға қарады. Сол кезде маған «Неге біз Қазақстанда тұрып, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, өзіміздің ұлттық нақышты дамытпасқа?» деген ой келді. Мұны абысыныма айтып едім, ол бірден келісті. Сөйтіп, ұлттық нақыштағы, денсаулыққа еш зияны жоқ қуыршақтар тігуді қолға алуды жоспарладық. Бұл ойымызға отбасыларымыз да қолдау танытты. Бизнес жоспарымызды әзірлеп, абысыным 1 миллион 275 мың, мен 3 миллион теңге мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алдық. Қазіргі таңда дүкенімізде 1 тігінші және абысыным Әсел екеуміз жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта қызметкерлер санын ұлғайтуды да көздеп отырмыз. Көпбалалы аналарға 20, зейнеткерлерге 10 пайыздық жеңілдіктер жасаймыз. Осы орайда еңбек етемін деген жандарға мемлекет әрдайым қолдау көрсетеді. Бастысы – кәсіптің көзін тауып, жалқаулыққа салынбау. Ол үшін табандылық пен төзім керек, – дейді жас кәсіпкер Жансая.
Әрине, жұмыс істеуге ниетті азаматтар ешқашан қолдаусыз қалмайды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамасын арттыру және қолдау мақсатында шағын несие де берілетін болды. Ауыл шаруашылығы саласында да жастарды қолдаудың тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыс әкімінің бастамасымен өңірімізде іске асырылып жатқан пилоттық жоба аясында әр ауданның бір ауылында мал шаруашылығымен айналысамын деген 18-60 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген тәртіпте несие берілуде.
Негізі, елімізде масылдық тақырыбы осыдан 4 жылдай бұрын қозғала бастады. 2019 жылы 5 ақпанда Астанадағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласы опат болған еді. Сол түні балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені белгілі болды. Осылайша көпбалалы жанұялардың тұрмысы төмен, жәрдемақысы мардымсыз, ата-аналары күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр екені қозғалған еді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер биліктен жәрдемақыны көбейтуді талап етіп наразылық шеруін үдете түсті. Сәйкесінше халықтың үніне Үкімет құлақ түріп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек белгіленді. Алайда сол ақшаға сеніп кейбір отағасылардың жұмыстан бас тартуы, енді жәрдемақыдан соң тегін пәтер, басқа да көмек түрлерін сұраушылар да көбейді. Өйткені баланың несібесіне ортақтасып, үйінде жұмыссыз отырған әкелердің көбеюі, оларға Жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмыстардан бас тартуы еріксіз биліктің күдігін туғызып, масылдық туралы ойдың туындауына ықпал етті. Әрине, мұндай әрекет шын мұқтаждарға да кесірін тигізуде. Тіпті сондай масылдардың өздеріне жалған құжаттармен заңсыз жәрдемақы тағайындап алуы қоғамымызда заңсыздықтарға жол ашуда. Соңғы жылдары осындай заңсыз тағайындалған көптеген жәрдемақылардың құқық қорғау орындары тарапынан анықталып, кейін мемлекетке кері қайтаруға міндеттелге- ні – соның айғағы. Қазір еліміздің бірнеше облысында отбасылар масылдықпен заңсыз алған жәрдемақыларын қайтаруда. Осылай мемлекет мүмкіндігінше масылдармен күресуде. Шын мұқтаждарды анықтауға да өз әрекетін жасап жатыр. Сондықтан елімізде алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Әлеуметтік кодекс әзірленуде. Алдағы уақытта масылдықтың жолын кесіп, шын мұқтаждардың мемлекеттің қолдауынсыз қалмауы үшін қазірдің өзінде нақты шаралар жасалуда. Алдағы уақытта сол шаралар масылдықтың жолын кесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бағытталған көмектің тиесілі жерге жетуіне мүмкіндік туғызса, еңбектің ақталғаны болмақ. Осы орайда «Масылдық неге өршіп кетті?» деген сауал төңірегінде экономист-сарапшы мамандарымызды да сөзге тартып көрген едік.
– Соңғы жылдары елімізде түрлі қайырымдылық шаралары көбейіп кетті. «Мектепке жол» секілді республикалық деңгейде барлық мектеп, түрлі мекемелер жаппай мұқтаж жандарға киім-кешек, оқу құралдарын тарататын қайырымдылық шарасы, жылыту маусымы келсе, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж жанұяларға газдарына тегін дабыл қаққыш орнатады, тағы біреулер көмірін түсіріп береді, азық-түлік таратын тағы бір топтар бар. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де баланың еміне, жоқ баспанасына, тіпті несиесін төлеп беру үшін блогерлер қайырымдылық шараларын да ұйымдастырып жатады. Мешіттер де осындай істерді әдетке айналдырды. Менің ойымша, мұндай қаптаған қайырымдылық шаралары халықты масылдыққа үйретеді. Бір жерден азық-түлік, енді бір жерден киім-кешек, мемлекеттен жәрдемақы алған соң, тегін дүниеге бойы үйреніп кетеді. Масылдыққа, қайыр сұрауға, тіленуге бейім тұрады. Бұл – өте жаман нәрсе. Көршісінің тегін нәрсемен өмір сүріп жатқанын көрген келесі бір көрші отбасының психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Содан соң жаппай қоғамда масылдық пайда болады. Ең өкініштісі, қазір көпбалалы отбасылар осындайға үйренбесе екен деймін. Себебі кішкентай кезінен тегін нәрселерге бойы үйреніп қалған бала өзі де болашақта жалқау, өз ортасына масыл адам болып қалыптасуы мүмкін. Сондықтан «артық қыламын деп, тыртық қылып алмаудың» жолын іздеуіміз керек. Қаптаған қайырымдылық шаралары қоғамды масыл қылып алмауы қажет. Жұмысқа жарамды адамның еңбек еткісі келмеуіне жол бермеуіміз керек. Қара жұмыс істеуге намыстанатын, ал бала-шағасының аш, өзінің қол қусырып бос отырғанына, үйінде бос жатқанына намыстанбайтын отағасылардың ұятын оятуымыз керек, – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Алмакешов.
Расымен, «дайын асқа – тік қасық» дейтіндер көбейіп кетті. Бұл әрекет «психологиялық заңдылық» деп көзді жұмып қарауға болмайды. Қазіргі кезде «Үкімет маған не береді?» деп қол жаймай, керісінше, «Еліме мен не бере аламын?» деген ойды санаға бай- лау – адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді. Сөзімізге тұздық ретінде Абай атамыздың: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған үшінші қара сөзін мысал ретінде алуға болады. Әрине, кәсіп істеуге ынталы адам сылтауға бой алдырмайды. Бұл күнде үйде отырып та жұмыс істеп ақша табатын нәзікжандылар аз емес. Солардың бірі – бала күтімі бойынша демалыста отырған ана Гүлбақыт Әбсат.
– Мен қазір декреттік демалыстамын. Бос уақытымда қосымша ақша табайын деген оймен әсіп жасап жүрмін. Әсіп – ол халқымыздың ұлттық тағамы. Кей жерлерде шыж-мыж деп те атайды. Әсіп жасап сатайын деген ой жоқ еді бастапқыда. Алғашында қазы жасағаннан артылған ішек пен өкпе-бауырдан әсіп жасап бердім отбасыма. Сосын қонақ шақырған сайын осы асты әзірледім. Сөйтіп жүргенде туыстарым, көршілерім тапсырыс бере бастады. Солай ойда жоқта осы істі бастап кеттім. Қазір қымбатшылық уақытта әркім қолынан келгенін істеп, табыс таппаса, қиын болып кетті емес пе? Бір айлыққа қарап отыру мүмкін болмай барады. Ақша құнсыз, азық-түліктен артылмайды. Оның арасында той-томалағымыз бар дегендей. Ал енді «қымбат, сұмдық, масқара» деп отыра берсек, біреу бізге бір нәрсе әкеп бермесі анық. Әрекет ету керек, еңбектену керек. Аз ұйықтап, көп ізденіп дегендей. Сонда ғана ісіміз нәтижелі, берекелі болады деп ойлаймын. Мен бұл істен жақсы қаражат тауып отырмын дей алмаймын. Десе де жоқтан жақсы. Бала-шағамның нәсібіне қарай азын-аулақ табыс тауып отырған жайым бар. Кез келген қыз-келіншек бұл іспен айналыса алады. Еш қиындығы жоқ. Сәл еңбектенсе болғаны. Жалпы қазір адамдар бір ғана емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүруге бейімделу керек сияқты. Бұл – үлкен қалаларда қалыпты жағдай. «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбекпен тапқан теңгеңнің де қадірі жоғары бола- ды, – дейді көпбалалы ана.
Ал танымал психолог Анна Құдиярова масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептермен түсіндіреді.
– Масылдық пен әлеуметтік инфанти-лизм – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден ересек болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды. Мысалы, бала қыңқ етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпештейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сондықтан мұндай балалық психология әрқайсысымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен масылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам, бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы – психологиялық заңдылық, – дейді психолог.
Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі. Әлем толассыз дамыған өркениет көшін қалыптастырды. Әр адамның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды жақсарту – отбасындағы әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бостан-босқа қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артуда. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында тасыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі, қолынан іс келетін адамды жұмыс өзі іздеп табуда. Сондықтан да жағаға жармасқан жалқаулықтан арылып, табанды еңбек ету – заман талабы.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ