Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дүлей дауылдың салдары жойылуда

0 386

Жамбылдықтар жаңа жылды алай-дүлей дауылмен қарсы алды. Табиғат танытқан тосын мінезден Тараз қаласымен қатар бірқатар аудан тұрғындары зардап шекті. Қатты соққан желдің салдарынан халық жарықсыз қалып, үлкен тас жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды. Қар құрсауында қалған жүздеген адам құтқарылды.

Ең әуелі Тараз қаласына тоқталсақ, «Құмшағал» мен «Көлтоған» алқаптарына шығатын Пригородныйда жарық апаттық жағдайда өшкен. Сондай-ақ қатты жел салдарынан «Зеленый ковер» алқабы аумағындағы 628-ші трансформатор торабы істен шыққан. Жалпы желден қаладағы 8 билборд пен «Көне Тараз» кешеніндегі баннерлер және Тұңғыш Президент саябағындағы Мемлекеттік Ту жыртылған. Сондай-ақ бірқатар ықшамаудандағы тұрғын үйлер жарықсыз қалған. Алайда абырой болғанда адам шығыны жоқ.
Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және желдің салдарын жою бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Айталық, электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қала тұрғындарынан 43 өтінім түскен. 1-і кабельдің үзілуі бойынша, 3 трансформатор сақтандырғышы жанып кеткен, сондай-ақ 1 электр желісінің тұйықталу салдарынан қосалқы станцияда авариялық ажырату болған. Қалған 38-і жеке сипаттағы өтінімдер.
Бүгінгі таңда 36 өтінім жойылды. Қалған 7-і апаттық бригадалармен пысықталып, қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Тиісті жұмыстарға 24 адам – 6 бригада және 6 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды.
Жамбыл ауданы аумағындағы «Қазфосфат» желісіндегі кабельдің үзілуіне байланысты «Победа» және «Юбилейный» және «Дорожник» саяжайларында апаттық ажырату орын алды. Аталмыш орынға авариялық топ шығып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қазір аталған саяжайлар электр желісіне қосылды.
Қалада газ және жылу беру тиісті деңгейде. Білім беру және денсаулық сақтау объектілерінде авариялық ажыратулар болған жоқ. Жұмыс штаттық режимде. Дауылдың салдарынан «Бәйтерек» ықшамауданының №36 және 37 үйлерінде (13) парапет пен сайдинг бұзылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құлау орындары арнайы қоршалған. Сондай-ақ қалада 3 бағдаршам зақымданды. Бүгінгі таңда 2 бағдаршамның жұмысы қалпына келтірілді. Біреуі электр энергиясына байланысты жұмыс істемеуде. 4 қаңтарда қалада 2 ағаш құлаған. Төле би даңғылы №67 мекенжайында құлаған ағаш көлікті басып қалған. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қатты дауылдан Тараз қаласы бойынша екі адам зардап шекті. Біреуі кәмелет жасқа толмаған бала. Анығы, 2013 жылы туған жасөспірім. Алдын ала мәлімет бойынша, өзі тұратын үйінің қақпасы үстіне құлаған. Қазір науқас облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем алуда. Баланың жағдайы орташа деңгейде. Ал екінші адамға медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық жағдайда үйіне ем алуға жіберілген. Екі науқас та жедел жәрдем қызметіне хабарласпаған.
Аудандардағы жағдай да тұрақталуда. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында желдің екпіні 30 м/с дейін жеткен. Нәтижесінде моноқаладағы 20 электр бағаны құлап қалған. Желдің жылдамдығы бағандарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бермей, «ЖаңатасСуЖылу» мекемесінің жеке генераторларының айналым-сорғыларының жұмысы үшін қуаты жетпеген. Бұдан бөлек, «Шахан» қосалқы станциясында қондырғылардың салқындауы орын алып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызуға тура келген. Жергілікті биліктің ұйымдастыруымен үш мектепте жылыту пункттері дайындалып, халық ыстық тамақпен қамтылған. Осылайша Сарысу ауданы әкімінің өкімімен елді мекен аумағында төтенше жағдай жарияланған.
Дауылдың салдарынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы жабылып, қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруға арнайы техника мен мамандар жұмылдырылған. Нәтижесінде 60-қа жуық көліктен 300-ге тарта адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Оның 65-і балалар.
Жолда қалған 21 адам тәртіп сақшыларының қадағалауымен Шымкент қаласына жөнелтілсе, 95 адам Тараз қаласы бағытына пойызбен жіберілген. Сондай-ақ 108 жолаушы Түркістан облысына теміржол арқылы жеткізілген.
Талас ауданы Қаратау қаласы бойынша да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда желден қатты зардап шеккен 8 көпқабатты үй мен әкімдік ғимаратының шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ электр желілерін қайта іске қосу үшін 7 техника мен 21 адамнан құрылған 4 бригада жұмылдырылған.
Моноқала тұрғындарының жылу көзі болып табылатын «Игілік» орталықтандырылған қазандығы да қайта қалпына келтіріліп, Қаратау қаласының ішкі көшелері құлаған тал мен бұтақтарынан тазартылуда.
Ауа райының нашарлауына байланысты кеше Қордай асуының айналма жолының 159-238 шақырымында автокөліктің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Ал Сарысу ауданында бір түнде түскен қардың биікті 21 сантиметрге жетіп, 48 көшені қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. 4 жедел жәрдем көлігі тәуліктік кезекшілікке қойылған.
Дауылдан ең көп зардап шеккен Жаңатас қаласына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те арнайы барды. Аймақ басшысы ең алдымен «ЖаңатасСуЖылу» мекемесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, құлаған электр бағандарын жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырмаларын берді. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы Д.Қонаев атындағы орта мектепке ат басын бұрып, білім ордасын жылыту үшін генераторларды тиімді пайдалануды жүктеді. Бұл мектеп жылыту пункті ретінде дайын тұруы да аса маңызды.
Ал «Шахан» қосалқы станциясына барған өңір басшысы қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керектігін жеткізді. Бұл жұмыстар жақын күндері аяқталуы тиіс.
Бүгінгі күні «ЖаңатасСуЖылу» МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасуда. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Жаңатас қаласына электр энергиясы беріліп үлгерді. Ендігі кезекте орталық қазандықтың жұмысын толығымен жандандыру бойынша шаралар қолға алынуда.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.