Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбегіміз елеусіз қалмады

0 442

Тәуелсіздік десе, ең әуелі ойымызға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы еске түседі. Сан ғасыр бойы бабалар аңсаған азаттықтың бастауында сол күні алаңға шыққан батырлар тұр. Оларға бүгінде лайықты құрмет көрсетілуде.

Соның жарқын дәлеліне жуырда қалалық әкімдікте куә болдық. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев бастаған азаматтардың қатысуымен өткен салтанатты жиын көпшіліктің көңілінен шықты. Әуелі Бақытжан Әмірбекұлы жыл ішінде шаһарда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ізгі лебізін жолдады. Бұдан кейін шаһар басшысы «Желтоқсан 86» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерін марапаттады. Атап айтсақ, қала әкімінің Құрмет грамотасына бірлестік төрағасы Мұрат Бердалиев, орынбасары Талғат Кешкінбеков, мүшесі Жарылқасын Өнетаев, Алғыс хатына төрағаның орынбасары Сәкен Мырзабай, мүшесі Жеңісбек Қалмырзаев ие болды. Ал Жалғат Әбілдаев, Ералы Сұлтан сынды бірлестіктің өзге мүшелері Тараз қаласының Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Аталған марапатқа ие болғандардың қатарында өзімнің де болғаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
Осы сәтте қазақтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзі еріксіз еске түседі. Желтоқсан ардагерлерінің қоғамдық өмірде де атқарып жатқан ілкімді істері аз емес. Оның бәріне жұртшылық куә. Осы орайда еңбегімізді елеп-ескеріп, құрметке бөлеген қала әкіміне, мәслихатқа, өзге де осыған мұрындық болған азаматтарға желтоқсаншылар атынан айтар алғысым шексіз. Есігімізден енген қоян жылы құт-берекесімен келіп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын. Киелі Әулиеата өңірі дамудың даңғыл жолынан таймай, өсіп-өркендей беруіне тілекшімін.

Дүйсембек Тауасаров,
«Желтоқсан 86» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.