Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыл азамат адамдықтан айнымас

0 2  704

Айтулы қолбасшы Александр Македонскийдің әскері кезекті бір жорықтан қайтып келе жатқан сәттердің бірінде «Бүгін түнде алдымызда тұрған таудың ең биік шатқалына табан іліктіреміз. Сол кезде қараңғылыққа қарамастан әркім өзінің табан ұшы тиген тас түйіршіктерін  қол дорбасына жинап сала берсін» деген тосын бұйрық беріледі. Онсыз да соғыс пен жол азабынан қалжыраған сарбаздарға бұл бұйрық қисынсыз сезілгенімен, бірақ қалай болғанда да, бұйрықтың аты бұйрық. Сонымен біреулер тапсырманы қалтқысыз орындауға тырысып тасты молырақ жинауға әрекеттенсе, кейбіреулер  азын-аулақ қана алып қоя салады. Содан ағарып таң атқан кезде «енді аялдап, әркім түндегі жиналған тастарын қарап, тексерсін» деген бұйрық келеді. Қараса, түндегі тас деп жинағандары табиғаттың тылсым құдыретімен сомдалып шығатын самородный сары алтын болып шығады. Ал түндегі тау биігінде жүріп өткен жол  алтынды алқап болған екен…

 Әрине, бұл баянжайдың өмірде болған, болмағандығы беймәлім, әрі ол соншалықты маңызды да емес. Мәселе бізге тәмсіл түрінде жеткен философиялық мазмұндағы ой астарының тағылымдық мәнінде. Расында да, мұнаралы мақсаттар мен асқақ армандардың жетегінде желіп өте шығатын адам-жолаушының өмір-жолы да сол алтынды алқап дерлік. Сондағы ғұмыр бойына жоқ іздеумен уақыт оздырып, табан тоздырғандағы табатын асылымыз  – адам екен.

 Халық даналығында «Жолың болсын – жолдасың қыдыр болсын» деген өсиет сөз бар. Осындағы қыдырды біз өзіміздің жетпіс жыл бойына дағдыландырылған материалистік ойлау дәстүрімізге сай   мифтік бейнедегі адам образында пайымдаймыз. Басына дағарадай аппақ сәлде ораған, шапаны жер сызып, аппақ сақалы омырауын жапқан алып тұлғалы, аса таяқты қария секілді. Ал шындығында бұл атау сөздегі ой төркінінің адами-заттық бейнеге ешқандай қатысы жоқ. Асылында бұл «нұрлы ақыл» (Абай) деңгейінде қалыптасатын кісілік кемелділікке тән болмысы физикалық деуге келетін, шапағатты өріс-қуат, орысша айтқанда положительная энергетика. Оның адами жаратылыстағы түп қайнары – ниет. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», «Жақсыға жанастыр, жаманнан адастыр» т.б  дегенде қазақ даналығы осы энергетикалық өрістің жайын меңзеген. Адамның ішкі ниет пейілі арқылы таралатын шарапатты немесе, кесапатты энергетикалық заряд, яғни өріс-қуат міндетті түрде оның айналасындағыларға электр тогы секілді әсер етіп, үнемі қозғалыс күйінде болатындығы себепті «қыдыр» етістігі атау сөз орнына қолданылған.

  Демек төңірегіндегілерге тек оң әсерімен шапағатын тигізетін кісіні азамат деп ардақтаудың астарында қыдыр дарыған дейтін ұғымның жатқандығы түсінікті болды. Азамат – қазақ  ұғымында биіктік, өрлік, кеңдік, тереңдік, ірілік, кесектік т.б ұлық қасиеттердің . Осы қасиеттердің барлығы тұлғаның бойында тұтаса жинақталған жағдайда ол азаматтық болмыстың асыл қырлары ретінде айшықталады.  Елдіктің сәні мен салтанаты – елім деп еміренген ерлердің азаматтық қарым-қуаты арқылы сезіліп тұрады. Тектілердің төрі, тұлпарлардың тұрағы болған Тараз өңірі ұрпақтар сабақтастығы барысында жалғасын тауып келе жатқан тәлім мен тағылым өрісінің тұма қайнары. Сол өрістің арнасын кеңітіп, ағысын жалғауда еселі еңбегімен, ұлан істерге ұйтқы болып жүрген ел азаматтары елдігіміздің тұтқасы, өсер ұрпақтың өнеге тұтар бойтүзері. Туған өлкемізді өркендету жолына өлшеусіз қызмет қылып, перзенттік парызын білек сыбана атқарып жүрген аға буынның ұлағаты кейінгілерге үлгі…

Арман құсын қанат қылып, болашаққа бет түзеген балаң шақтардың қызығымен қатар өзіндік қиындықтарының да болатындығы заңды. Әсіресе, жастық шақтағы асау өмірдің түрлі сынақтарымен тайталастағы тәжірибенің әлсіздігі көп ретте белгі береді. Оның үстіне жоғарғы оқу орнын жаңадан тәмамдап еңбек майданына жаңадан аяқ басқан сәттердегі жалақының төмендігі мен бұрын соңды етене араласып көрмеген «үлкен ортаның» эмоционалды-психологиялық атмосферасы, моральдық-этикалық нормалары т.б  барлығы өзіндік салмағын сезіндірмей қоймайды. Міне осындай «үзеңгіге аяқ салған» сәттегі ұжым басшының қамқорлығына көп нәрсенің байланысты екендігін өмір барысында ұшырасып келеміз. Осындай сындарлы сәттерде аға буынның бір ауыз ыстық лебізінің өзі адамға мотивация беретіндігін… әттең қазіргі адами құндылықтан, ақпараттық құндылықты жоғары бағалайтын басшылар сезіне білсе ғой…

  Жамбыл университеті кезінде Жамбыл университетінің филология факультетіне Асқар Бегәділұлы Абдуалы декан болып келді. Келген бетте оқу-тәрбие процесіндегі  мәселелерді бүге шігесіне дейін тексеріп, бар мен жоқты тегіс бағамдап шыққан тынымсыз да, талапшыл декан факультеттің бұған дейінгі біртоға тіршілігін жаңа тыныста түлетті. Ең алдымен жаңа деканның қолға алуымен атқарылған заманауи талаптағы жөндеу-безендірулерден кейін оқу ғимараттарының сән салтанаты арта түсті. Оқу ғимараттарының ішкі жасау-жабдығымен қатар, сыртқы аулаға дейін абаттандырылу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Сөйтіп Асқар Бегәділұлының бастамасымен отырғызылған жасыл желектер мен көгалдандырылған гүлзарлар университет ауласын құдды бір демалыс саяжайына айналдырып жібергендей жағымды әсерге бөледі. Көптің игілігіне арналған осындай игілікті шаруаларды жүзеге асыруда Асқар Бегәділұлы ұжым мүшелерінің бір кісідей атсалысуына ерекше мән беруі себепті,  әдетте оқу-тәрбие процесінде қаға беріс қалып қоя беретін ұжымдық еңбек мәдениеті жанданыс тапты. Факультеттегі жас мамандардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселесіне әсіресе қолдау танытылуы, жастар жағын қанаттандырып, идеяларын ортаға салысуға құлшыныстары арта түсті. Сол жылдарда факультеттің жас мамандар тобы университет ішілік, қалалық, облыстық жарыстардан жүлдеді орындар иеленіп, студенттер арасында тұңғыш КВН тобы құрылды. Осылардың барлығы тікелей декан Асқар Бегәділұлының тікелей ықпал етуімен жүзеге асқан жағымды жаңалықтардың қатарына жатады.

    Ұлттық модельдегі білім беру жүйесін жаңғырту проблемасы жергілікті ғалымдарды күнілгеріден толғандырып келе жатқан тақырып. Құрылғалы бергі елу жыл бойына жергілікті ғалымдар тарапынан сөз жүзінде қозғау салынғаны болмаса, осы бір соқталы мәселеге қатысты нақты қадам жасауға ешбір басшы жете мән бермеген екен. Осының қоғамдық, ғылыми, интеллектілік дамудағы ролін өзі де қоғамдық ғылымдардың белді өкілі ретінде жете сезіне білген Асқар Бегәділұлы бұл бағытта да тартынып қалмады. Талай жылғы тоңтеріс мәселені кие жарып, талайғы тілектің жүзеге асуына нақты қадам жасады. Нәтижесінде ТарМУ-дің филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиетінің әдістемесі» өз алдына жеке кафедра ретінде бой көтеріп, жаңашыл ізденіс, іргелі жұмыстарға жол ашылды. Кафедраға білікті де, тәжірибелі мамандармен қатар жас мамандардың да көптеп қамтылып, кадрлық саясаттың жандануына осы жолы да мәселеге жан-жақтылықпен қарай білетін басшы   ретінде баса көңіл аударды. Сөйтіп сол жылы университетті үздік бітірген бірқатар студентті кафедраға жұмысқа алып қалды. Іс келсе жасқа дегендей, жаға толқын университеттің   жаңашыл бетбұрыстар жолындағы ізденістеріне еркін қол артып, соңыра көпшілігі университет жанынан құрылған асприрантураға түсіп, ғылым жолын бетке алды. Сол жылдары Асқар Бегәділұлынан қолдау тапқан жас толқынның арасында мен де бармын. Бүгінде абайтану атты қазақ әдебиетіндегі іргелі ғылым саласының құдығын қазып жүрген жайымыз бар…

 Кафедраның қрылуына ғана атсалысып қоймай, Асқар Бегәділұлы оның жұмыс өрісінің де нығаюын тікелей қадағалауында ұстады.  Мектеппен байланыс күшейтіліп, білім беру ісіндегі білгірлігімен, жетістігімен, тәжірибесімен, жаңашылдығымен танымал әдіскер-мамандармен қарым қатынастың жолға қойылуына, мағыналы жұмыстардың жүзеге асырылуына ықпал жасап отырды. Оқытушының ізденуіне, ғылыми-әдістемелік тәжірибеде шыңдалуына жағдай жасалынғандықтан Асқар Бегәділұлы басшылық жасаған тұста оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары да көп жазылғандығын ерекше құрметпен айтамыз. Сол жылдарда Қапаш Тасболатұлының, Рахым Садықбековтың,  Ахан Бодықованың, Сейсекүл Исматованың, Баян Мұртазаеваның оқулықтары мен оқу әдістемелік құралдары айналымға ендірілді. Міне осы аталған жетістіктердің жүзеге асып, ғалым-педагогтардың шығармашылық ізденіске еркін құлаш ұруда жағдайын жасап, қолдау таныта білген декан Асқар Бегәділұлының қатысы жоқ емес.

Факультет тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылған осы бір игі бастамағ яғни әдістеме кафедрасының ашылуы бағыт-бағдары тұрғысынан тек ғылыми-әдістемелік қана емес, қоғамдық мәні мен ұлттық сананы жаңғырту жағынан да зәрулігі орасан.   Отандық білім беру жүйесінде басшылыққа алынып жүрген батыстық модельдегі білім беру технологияларының кері салдарлары мен тиімсіздігі бүгінде белгілі болып отыр. Себебі, ұлттық ойлау жүйесі, тарихи өткені, табиғи болмыс-бітімі, дүниетанымы, дәстүр-салтына қарай әр ұлттың өзіне тән қайталанбайтын болмысының болатындығы мәлім. Оның үстіне тәуелсіздікке дейінгі тарихи бел белестерінде сыртқы жаулар тарапынан рухани өрісі барынша тарылып, күштеп бұрмаланып, терістелген біздің ұлт үшін білім беру жүйесін өзінің ұлттық мәнінде қалыптастырып алудың зәрулігі айқын. Осыны дер кезінде-ақ тереңінен сезіне білген ғалым-басшы ретінде Асқар Бегәділұлының бастамасымен ашылған кафедраның соңыра жабылып қалуы әрине өкінішті.

   Асқар Бегәділұлы өзімен қоса өзгелерге де тыным бермейтін талапшылдығымен студент жастарға тек басшы ғана емес, сондай-ақ ағалық өнегенің үлгісінде таныла білген жаны ізгі азамат екендігін көпшілік ауыздан естиміз… Асқар Бегәділұлының тәлімін алып, сол кісінің тәлім мектебінен түлеп шыққан талай шәкірт қазіргі таңда қоғамдағы танымал тұлға, ел-жұртына еңбектерімен елеулі азаматтар. Атап айтқанда қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен Америкада білімін ұштап жүрген Наужан Дидарбекова, қаламыздағы беделді балабақшаның меңгерушісі Шарапат Жұматаева, телевидение саласының танымал мамандары Жасұлан Абдиманапов, Алпамыс Қазыбаев, ел өміріндегі өзекті тапқырыптарға қозғау салумен ерекшеленетін журналист Есет Досалы, қалалық маслихат депутаты Эльмира Мырзағали т.б. Бірде бір топ студент жастар факультет аралық өнер сайысына қатысып бас жүлдені жеңіп алды. Үлкен додода асықтары алшысынан түскен жастар тобы қуаныштарымен бөлісу үшін Асқар Бегәділұлының кабинетіне қарай бет түзеді. Сол кезде студенттердің өз кабинетіне қарай бет алғанын байқаған ағай есігінің алдына шығып, құдды бір әлемдік чемпионаттан жеңіспен оралғандай құрметпен күтіп алды. Сөйтіп табан асты ұлан-асыр дастархан жайып жіберіп, еңбектеріңнің құрметіне деп жастарды тәтті-дәмділермен силап, көңілдерін марқайтқаны бар. «Әңгіме етте емес, ниетте» дегендей, өсем деген өренді қолтығынан демеп, кісілігін кішілігімен, кеңдігін бала демей, шаға демей өзімен тең дәрежеде силап, құрмет көрсету арқылы таныта білудің өзі қазіргі щаманда ілуде біреудің бойынан табылар қасиет емес пе? Сол тәлімнен нәр алып, тәрбие көрген талай жас бүгінде осы бір ізгілік дәстүрін өз ісімен ұластырып жүрнегдігіне сеніміміз мол.

Парасаттылықтың пернесін сөзімен емес, ісімен дөп басып, өзінің айнымас жол, азаматтық позициясынан ауытқымай келе жатқан ағамыз Асқар Бегәділұлы қалың елдің өзіне деген ыстық ықыласының арқасында басшылық қызметтің биіктерін бағындырды. Ректорлық қызметте жүрген кезінде де ата салтын ардақтаудан танбаған ағамыз қарт кісілердің алдында балаша бәйек болып жүретіндігіне талайлар таңқалалатын. Ата салты демекші… түркі халқының жаңа жылы – Наурыз мейрамының өзіндік шарттары болатындығы белгілі. Бұл күні хан мен қараның теңесетін күні деседі бұрынғы соңғылар. Міне осы құндылықты да ағамыз өзінің ізгі амалдарымен насихаттаушы деп айтуымызға болады. Бір жылдары Сатпаевадағы оқу ғимаратының алдында наурыз мейрамы тойланып жатты. Сол кезде Асқар Бегәділұлы мерекенің құрметіне арнап жайылған дастарханның төріне алдымен жасы үлкен қарияларды, одан төменірек  студенттерді жайғастырды. Сөйтіп университеттің әкімшілік бөліміндегі басшылармен қоса, атпалдай ректор басымен өзі зыр жүгіріп қонақтарына қызмет көрсетіп көптің бастасын алғаны бар.

Жастарға жол сілтеп, үзеңгіге аяқ салған кейінгі толқынға қамқорлығын таныту Асқар Бегәділұлы тұлғасының басты қасиеті. Байқап отырсаңыздар, бұл ерекшелікті қасиет деп атаудың  өзіндік сыры бар. Өмірдің өр-шығдарында шама шарқымызға қарай біз де біраз  белестерді еңсеріп келеді екенбіз. Сондағы бір байқалатыны белгілі бір жетістікке (көбіне басшылық қызметке) қол артқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың өзінен кейінгілерді қалайда алдыға оздырмай, жолын қақпайлап, пендещілікке бой алдыруы. Өрескел де болса айтылуға тиісті тағы бір мәселе – жүзге бөліну. Кезінде отаршылдық жүйенің ықпалымен ой-санамызға күштеп орнықтырылып,  күні бүгінде барынша асқынып кеткен бұл сана дертінің (трайбализм) кері салдарлары қоғамда түбегейлі  жойыла алмай отыр. Өссем екен, өнсем екен деп талпынған талай жастың жолы қиылып, жігерінің жасып қалуына әкеп соқтырған рухани сана дерті ушыққан кеңестік қоағамның тәрбиесін көрген Асқар Бегәділұлының өз бойын осы нәрседен  аулақ, асқақа ұстай білуі кездейсоқ болмаса керек. Өйткені ол отыз сегізінші сөзінде Абайдың  «Ғылым – Алланың бір сипаты» деп айтқанындай, азаматтық жолын ғылымме ұштастырған жан. Тарихтың терең қойнауларын қалтарыстарын жаңғыртып, кезінде кеңестік тарихтану ғылымы қасақана қағаберіс қалдырған тақырыпқа бару Асқар Бегәділұлының ғылыми жолына да, азаматтық позициясына да, адами ұстанымдарына  игі әсерін тигізгені анық. Қазақстан мен Хиуа хандығы арақтынасындағы ықпалдастық жайына кең масштабта зерттеу жүргізген ғалым архив қойнауларында қозғалыссыз жатқан тарихи маңызды құжаттарды ғылыми айналымға ендірді. Жаттың қолымен жазылған төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын қайта түзеуде Асқар Бегәділұлының Байзақ датқа тұлғасына қатысты зерттеу еңбегінің де үлесі теңдессіз. Өзіміздің өткенімізге өгейсіне қарап, тарихи тұлғаларымыздың қайраткерлік қырларын таза мәніндегі ұлттық көзқараста талдап, танытуда аталған еңбектерден алар мәлімет, табылар таным түйіндері жаңашылдығымен, тарихи шынайылығымен бағалы. Жамбыл жеріндегі айтулы жоғары оқу орнының атақты тарихшы, түркі жұртының мақтанышы М.Х.Дулати атымен аталуына байланысты игі істің басы қасында да Асқар Бегәділұлы қатысы орасан. Бабамыздың Кашмир өлкесіндегі мазарына ел азаматтары атынан барып зиярат етіп, тарихи еңбегінің елге оралуына ықпал еткен зиялы топтың арасында жүрген Асқар ағамыз соңыра университеттегі «Дулаттану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмысының ілгерілеуіне де еселі үлесін қосты. Тарихы тоналған, ғылымы бұрмаланған қазақ секілді қайсар халықтың келешек бағдарының тура жолдан айнымауы әрине, ұлттық сана тегеурініне байланысты. Қарап отырсақ осы қажеттіліктің жайын күйттеуде өзінің табанды ізденістерге толы ғылым жолын азаматтық жолмен ұштастыра білген Асқар Бегәділұлының жетпіс жылдық саналы ғұмыры кімге де болса үлгі. Айта берсе таусылмайтын асыл қырлары Асқар ағамыздай кесек тұлғаның болмысын Ұстаз деп ұлықтауға толық негіз болса керек. Әдетте ұстаз деп, білім саласының мамандарын атаймыз. Ал Абай кемеңгер анық-танығын түйіндеп беріп кеткен бұл ұстаз ұғымының мән мазмұны да тереңге бойлап жатыр.

 Асылында, өзгенің емес, ең алдымен өз бойындағы мінін тексеріп, өзін-өзі тәрбиелеудің ғылыми концептуалдық жүйесі «Толық адам» ілімі барысында тұжырымдалған. Абай кісі бойындағы қайрат-физикалық, ақыл – интеллектілік, жүрек – рухани қндылықтардың ұштасуынан келіп шығатын «Толық адам» тұлғасын «Ұстаздық қылған жаңылмас, үйретуде балаға» деп түйіндейді.  Сөйтіп дала данышпаны ұстаз ұғымының ұлттық мәнін жаңа қырынан талдап, тарқатады.  Қысқасын айтқанда ҰСТАЗ – өзін өзі тәрбиелеу арқылы кісілік кемелділіктің қалыбын тапқан адам. Ондай рухани кемелденген адамның бой басы, жүріс-тұрысы, ізгілік амалдары, өмірлік ұстанымдары, қоршаған ортасына қатысты парасатты қарым-қатынастары арқылы өзгелерге тәлім көрсетіледі. Қазақы дүниетанымда тәрбиенің сөз жүзіндегі теориямен емес, нақты амал әдісінде жүзеге асырылуы оң бағаланады. Оған «Әке көрген оқ жонар…», «Ұяда не көрсең…» т.б деген мақалдарымыз дәлел. Демек, өмірде өзін-өзі тәрбиелеп, адами қасиеттер тұрғысынан жетіліп және күнделікті өмір барысында сол ізгілік қырларынан танылған адамды – ұстаз деп бағалағанымыз абзал болатын болса, өзін тәрбиелеу арқылы, өзгелерге азаматтықтың үлгісін таныта білген Асқар Бегәділұлын аса мәртебелі Ұстаз деп ұлықтаймыз! Ұстаз –  «нұрлы ақылдың» қуаты дарыған, Қыдыр қонған азамзаттың асылы!

Рахат САЛАМАТОВА,
М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.