Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандағы үздік ауыл әкімдері анықталды

0 330

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесті деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы өткізілді. Конкурстың мақсаты – үздік ауыл әкімдерін анықтау және насихаттау.

Кездесу барысында агенттік төрағасы үздік ауыл әкімдерін өз қызметінде халықтың сұранысына сай ашық, адал әрі әділ болу маңыздылығына тоқталып, аталған байқаудың ауылдарды дамытуға және де осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Өз кезегінде, ауыл әкімдеріне Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында көшбасшылық, сөз сөйлеу, дағдарыстық коммуникация және т.б. дағдыларын шыңдауға арналған арнайы тренингтер өткізілді.

Атап өту керек, конкурсқа қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері өтінім берді. Облыстардың арасында Қостанайдан – 14 әкім, Солтүстік Қазақстаннан – 12 , Жамбыл облысынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.

Байқау екі кезеңде өткізілді: өңірлік және республикалық.

Өңірлік кезеңге қатысушылар ауылдық жерлерде халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды қорғап, экономикалық және әлеуметтік әсері бар ауылды дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді. Екінші кезеңде ауыл әкімдерінің проблемалық жағдайлар бойынша ситуациялық кейстерді шешу қабілетіне баға берілді.

Конкурс қорытындысы бойынша, Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрсейтов Нұрбақыт Дәулетбекұлы «Үздік ауыл әкімі» атағын иеленді.

Екінші орынға Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровск ауылдық округінің әкімі Вячеслав Николаевич Симоненко, үшінші орынға Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанұлы Әбшанов ие болды.

Сондай-ақ Шығыс-Қазақстан облысы Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Агланбеков Арыслан Орынбасарович – «Үздік шаруашыл әкім», Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Муханалиева Зауре Казанбаевна – «Ашық әкім», Солтүстік-Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Добромирова Гульмира Оразбаевна – «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларының иегерлері атанды.

Байқау жеңімпаздары мен номинация иегерлері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамотасымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.