Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бізді шатастырмау үшін білезік тағып қоятын»

0 814

Бір баланы армандап жүргенде, қос сәбидің шат күлкісі қатар естілсе, бұдан артық бақыт жоқ шығар?! Дәл осындай шарапаты мол шаттық жамбылдықтарға аты мәлім өнер иелері Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенованың шаңырағына ұлдары Бағлан мен Жасұлан жарық дүние есігін ашқанда жеткен еді.

Шын ғашықтар қосылады дегенге дәлел іздесек, есімізге ең алдымен осы жұп оралады. Олар үш жасында Үшаралдағы балабақша есігін бірге ашып, мектеп табалдырығын да бірге аттапты. Мектеп қабырғасында 10 жыл бірге оқыған олардың арасы тек студенттік кездерде ғана ажыраған екен. Өйткені Үміт Қыранқызы арман қуып шырайлы Шымкентке аттанса, Ербол Дәулетұлы білімін Таразда жалғастырады. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандарды тағдыр Үшаралдағы орта мектепте әріптес ретінде тағы да тоғыстырады. Осылайша олар 1988 жылы 19 мамырда отау құрады.
– Өмірде де, өнерде де жұбымыз жазылмай, балалықтан басталған достықтың даңғыл жолы бізді махаббаттың мәңгілік мекеніне алып келеді. Осынша уақыт бойы жұбайым жүрегімнің жебеушісі, өнерімнің демеушісі, еңбегімнің елеушісі болып келеді, – деп ағынан жарылды Ербол Дәулетұлы.
Онымен әңгіме арасында қос перзенті өмірге келген алғашқы минуттарда болған қызық жайтты естіп, күліп алдық.
1989 жылғы 30 желтоқсан күні тұңғыштарына аяғы ауыр әйелі Үміт толғатып, аудан орталығы Ақкөлдегі перзентханаға жеткізіледі. Ол кезде УЗИ деген жоқ. Жаңа жыл қарсаңындағы қарбалас кезі. Көп ұзамай ауылға, мектепте жұмыста жүрген Ерболға телефон соғылады:
– Алло, бұл Қамбатыров Ербол ма?
– Иә.
– Сүйінші, келіншегіңіз ұл тапты!
– Ой, рақмет, сүйіншіңіз дайын!
Ұжымдастары жуысты бастап жатқанда, телефон тағы да шырылдайды.
– Алло, бұл Қамбатыров Ербол ма?
– Иә, мен.
– Сүйінші, әйеліңіз ұл туды!
– Ой, рақмет, сізге де сүйіншіңізді берем, бірақ жаңа сіздің алдыңыздағылар хабарласып қойды.
– Жоқ, сіз түсінбедіңіз, келіншегіңіз тағы біреуін босанды!
Қос ақынның тұла бойы тұңғыштары Талас топырағында осылай өмірге келіпті.
Үміт Битенова бір өлеңінде «бір қолым қазан қақпағын ашып, қаламсап ұстап бір қолым» деп жырлайды. Өзі айтқандай, бесігін тербетіп, балаларын бағып та үлгеріп, нәсібін тауып, шәкірттерін тура жолға салып та үлгеріп, ой көкжиегіндегі қаламын ойнатып, ас үйіндегі қазанын қайнатып жүріп-ақ, ағайын-туыспен берісіп-алысып, қарасып, алыс-жақын, жуықпен араласып, жарасып жүріп-ақ Алла арқылы ғайыптан берілетін сөз құдіретінің тылсым күшіне талпынуын тоқтатқан жоқ. Өткен күндерді ол былай деп еске алады.
– Перзенттерім 1989 жылдың желтоқсан айының 30 жұлдызында өмірге келді. Олар құжат бойынша 1990 жылдың 1 қаңтарында туған деп жазылған. Екеуінің арасы – 17 минут. Бағлан өмірге бұрын келгендіктен болар, ширақтау. Сыңары Жасұлан сол Бағлан ағасына қарап өсті, Бағлан бірінші не қылық көрсетсе, Жасұлан соны айна-қатесіз қайталайтын. Егіздердің «біркіндік», «қоскіндік» деген түрлері болады екен. Менің ұлдарым «қоскіндік» екен. Өң-түсінен бір-бірінің айырмашылығы білініп тұрады. Ерекең: «Егер ұл тусаң Жасұлан деп қоямын, қыз тусаң өзің қоясың», – дейтін. Егіз болған соң Ерекеңнің Жасұлан деген дайындап жүрген есіміне ұйқастырып, Бағлан деп атадық екіншісін. Перзентханада босандырып жатқан дәрігер қыздар: «Тұқымдарыңызда егіз бар ма еді?», – деп сұрағанда, есім шығып жатса керек: «Жоқ», – дегенмін. Кейін ойыма түсті. Туған нағашыларым Асан-Үсен егіздер еді. Олар анамның інілері. Демек, біздің тегімізде бар болып тұр ғой. Қазір егіздерімнің ізін басып бір бауыры өсіп келеді, – дейді Үміт Қыранқызы.
Егіздердің есімін Бағлан, Жасұлан деп қойғанын нағашы апасы естіп: «О несі? Одан да пайғамбарымыздың егіздерінің атын, яғни Асан, Үсен деп қою керек еді», – деп ренжіген көрінеді. Сөзге шешен Үміт орынды жауап тауып: «Апа, біз орыс емеспіз ғой, «Иван Иванович Иванов» деп бір есіммен үрім-бұтағын атай беретін. Асан, Үсен деп қалай қоямыз, өзіңіздің ұлдарыңыз, яғни менің туған нағашыларымның есімі сондай болса? – деген уәжімен анасы Күләштің ренішін басқан екен.
Мінез-құлық жағынан егіздердің ұқсастығы көп. Бірі ауырып қалса, екіншісінің де мазасы кете бастайтын көрінеді. Жасұланның салмағы да артып, бойы да етжеңді болып өскендіктен, жұрт әкесінен аумай қалған десе, өңі жұқалау Бағланды шешесіне ұқсатады екен. «Екеуіңді де ренжітпеген, егіздерің екеуіңе тартыпты» деп қалжыңдайтын көрінеді достары.
Ата-анасы оларды мүмкіндігінше тең ұстауға тырысыпты. Бірдей киім кигізіпті. Бала кезіндегі қан құю операциясынан кейін екеуі екі түрлі өсіп, дами бастайды. Сондықтан киім өлшемдері әртүрлі болыпты. Бірдей түсті бірден таба алмай, базарды көп аралап, әбден қиналады екен. Олар бір-біріне бауырмал болып өскен. Мектепте өте жақсы оқыған егіздер 9-сыныпқа көшетін жылы Тараздағы көпсалалы колледжде «Актер өнері» мамандығын оқимыз деп талаптанады. Сондай үйдегі үлкендер: «Қабілеттерің жетіп тұр, ең болмаса біреуің басқа мамандық таңдаңдар. Бәріміз өнер қуып, өлеңдетіп жүреміз бе, «Мы бродячие артисты» деген әндегідей…», – деп ой тастапты. Анасының арманын орындағысы келген Бағлан: «Бала кезіңізде заңгер болуды армандадым деуші едіңіз ғой. Онда мен сол сіз аңсаған мамандықты оқиын», – деп «құқықтану» бөліміне оқуға түсіпті. Ал Жасұлан әртістік мамандықты тәмамдаған.
Өзге салада қызмет етсе де, Бағлан да өнерден мүлдем қол үзіп кетпеген. Қаннан келген өнердің арқасында өңірімізге айтыс ақыны ретінде танылды. Тіл мен сөз өнері байқауларының да республика көлеміндегі бірнеше рет жеңімпазы атанып та үлгерген.
Бағлан мен Жасұланның қанша дегенмен тегінен келген текті сөздің қайнары бар ғой, айтар ойыңды айтқызбай біледі екен.
– Екеуміздің атымызды атауда да қызық болыпты. Сонымен, бұрын туған мені Жасұлан деп, кейін өмір есігін ашқан інімді Бағлан деп атай бастапты. Бізді перзентханадан шығарып, үйге келген соң, қызықтап, көріп кетуге келген нағашы ағамыз Мұрат:
– Бағлан деген ерте туған қозы емес пе, үлкенінің атын Жасұлан деп атағандарың сәл қисынсыз, – деген соң, ата-анамыз «жарайды, сенікі дұрыс екен» деп біздің есімімізді керісінше атай бастапты. Олар бізді шатастырып алмау үшін қолымызға белгі ретінде білезік тағып қояды екен.
Өзіңіз білесіз, әке-шешеміз келелі кездесудің басы-қасында жүреді. Сондай кештердің бірінде әкем: «Біз Үміт екеуміз де үш жастан бастап балабақшада бірге тәрбиеленіп, одан мектепте он жыл бірге оқыдық. Біздің аналарымыз да бірге өсіп, он жыл мектепте бірге оқыған екен. Біздің тұңғыш балаларымыз да он жыл мектепте бірге оқыды». Тыңдап отырғандар түк түсінбей аңтарылып қалса керек. Сонда әкем: «Өйткені олар егіз ғой», – деп жұртты ду күлдірген екен, – дейді Жасұлан Қамбатыров.
Екеуі студент шақтарында «Егіз-лебіз» дуэті атанып, талай конкурстан жүлделі орындарға да ие болған. Бағланның айтуынша, сыңары Жасұлан сөзге шешен болып өскен екен.
– Бала кезімізде есік алдында ойнап жүрген балалар бірінен-бірі асып мақтана бастады. Бірі «менің әкем мәдениет үйінің директоры» десе, біреуі «менің әкем мектептің директоры» деп желпінді. Сонда біз де есемізді жібергіміз келмей, «біздің көкеміз тойдың директоры» деппіз. Әкеміздің асаба екенін меңзеген түріміз ғой. Екінші сыныпта оқып жүрген кезімізде мұғалім үй тапсырмасына мысық туралы шығарма жазып келуге тапсырма берді. Ертеңіне сабақта шығармаларды оқып, тексеріп отырып ұстазымыз: «Бағлан, Жасұлан, неге екеуіңнің жазғандарың бірдей?», – деп сұрағанда Жасұлан: «Әпкей, бізде үйде бір-ақ мысық бар ғой, оның қылығы мен тірлігі екеумізге де ортақ», – деп жауап беріп бәрімізді бір күлдіргені бар, – дейді Бағлан Қамбатыров өткен күндерге көз жіберіп.
Бала шақтан болашаққа бірге қол ұстасып, қанат жазған қос ақын бүгінде көпке үлгі. Әлбетте, олардың махаббатының жемісіндей болған егіз ұл да осал болмаса керек. Олардың биік белестерден көрінуі – осы сөзіміздің дәлелі.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.