Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сұңқар өсірген серіктестік

Өңірге келген инвестиция игілігін неге пайдаланбаймыз?

0 4  305

Қазақ жері – Ұлы Даланың ұлы мұрасы табиғаттың төл тумаларына бай мекен. Бауырымен жорғалағаннан бастап, көгінде самғаған құстарына дейін қазына. Бірі ерекше қорғалуға алынса, енді екіншілері Қызыл кітапқа енген. Міне, сондай құстың бірі – сұңқар. Араб елдерінің ерекше қызығушылығын тудыратын қыран құсты бүгінде Жамбыл жерінде өсіру қолға алынуда. Мұндай ауқымды жобаны Біріккен Араб Әмірлігінің шейхы қаржыландырып отыр.

Сарысу ауданындағы «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығы өзгелерден аң-құстарының санымен ерекшеленеді. Шаруашылық сайын даланың 210 702 гектар алқабын алып жатыр. Ал, ең бастысы, 2013 жылы мұнда «Агентство Миллениум Сокол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, бүгінде сұңқар өсірумен айналысуда.
«Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-нің бас директоры Еркін Оспановтың айтуынша, бүгінде тәлімбақта 121 құс қолға үйретілуде екен.
– «Жайлаукөл» аң шаруашылығы 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен құрылған. Сол жылы «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-нің де іргетасы қаланды. Шаруашылықтың өзінде 8 маман жұмыс істесе, тәлімбақта 10 адам еңбек етуде. Жиырмаға жуық техникамыз бар. Тәлімбақтағы қызметкерлер тұрғын үй, жуынатын орын, асхана сынды қажеттінің бәрімен қамтылған. Тәлімбақ аумағында қыран құстардың жеміне қажетті бөдене, кептер, тышқан өсіреміз. Былтыр Кувейт мемлекетінен жорға дуадақ құсын әкеліп, бұл шаруашылықты да қолға алудамыз.
Тәлімбақтың құрылтайшысы – Біріккен Араб Әмірлігі елінің азаматы Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери. Сол кісінің қаржыландыруымен ең алғаш 2017 жылы елімізге 10 сұңқар құсын әкелдік. Қазіргі таңда олардың саны 121-ге жетті. Құстардың ішінде ителгі, лашын, сұңқар да бар. Алайда басым бөлігі – ақ сұңқарлар. Аталған құс елімізде жойылып кету алдында тұрғандықтан, бұл шаруашылық Қазақстан үшін үлкен олжа болып тұр. Себебі Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери тәлімбақта өсірілген құстардың 40-50 пайызын бостандыққа жіберу туралы келісімшартқа отырған, – дейді серіктестіктің бас директоры.
Шынында, Біріккен Араб Әмірлігі елінің азаматы құйған инвестициясы – табиғат үшін толайым қазына. Алайда Еркін Оспановтың айтуынша, түрлі қиындықтарға байланысты серіктестік жұмысын жүйелей алмай отыр екен.
– Араб елінің азаматы Жайлаукөл жерін бекер таңдап алып отырған жоқ. Бұл елді мекен «Құс жолы» бойында орналасқан. Сондықтан Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери дәл осы аймақтан тәлімбақ ашуға қызығушылық танытты. Өйткені оның Марокко, Кувейт, Баку, Абу-Даби сынды елдер мен қалалардағы тәлімбақтары Жайлаукөл сынды ерекше аймақтарда орналасқан.
Негізі, арабтар бір жерге қаржы салмас бұрын оны жан-жақты зерттейді. Ал Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджеридің ата-бабалары құс өсірумен айналысқандықтан, олар текті сұңқар қай жерден шығатынын біледі. Сондықтан Жайлаукөлден 25 гектар жер алып, үлкен тәлімбақ ашып тастады. Алайда сұңқар құсы ерекше күтімді қажет ететіндіктен, жоспарлы жұмысымыз межелі көрсеткішке жете алмауда. Егер сұңқарлар жылына 60-70 балапан басып шығаратын болса, оның 50 пайызына дейін бостандыққа ұшырамыз деп көздегенбіз. Алайда алғашқы екі жылда құстар жұмыртқа тумады. Одан кейін құстар біртіндеп жерсініп, жұмыртқа басты. Бірақ бүркіт сияқты сұңқарлар да 6-7 жұмыртқа басса, соның үшеуін ғана шығарады екен. Сондықтан 40 балапандай ғана жұмыртқа жарып шықты. Олардың өзінің 6-7 айға дейін күтімін жасамасаң, қанаты қатайып кетуі қиын. Сондай-ақ жұмыртқа басып жатқан құсқа арнайы жем алып беру үшін қиналдық. Дәрумені бар біздің елдегі жемдер жарамады. Ал шетелден алдыру әлемдік пандемияға байланысты мүмкін болмады. Осылайша тығырыққа тіреліп, жұмысымыз жоспардан ауытқыды, – дейді Еркін Оспанов.
Тағы бір айта кетерлігі, ақ сұңқарлар өте қызғаншақ болады екен. Балапан басып жатқан құсқа бөтен адам кіретін болса, ол жұмыртқаларын қанатының астына қысып алып, оны шұқып жарып та тастайды. Сондықтан балапан басқан құсқа жем-суын тек бір ғана адам береді. Бірақ құстың жайын білетін білікті мамандар да табыла бермейді. Жергілікті жердің жігіттерін шейх Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Біріккен Араб Әмірлігінде тегін оқытуға уәде етсе, шетел асып білімін шыңдауға ниетті бірде-бір азамат табылмапты. Серіктестік басшылығы бір жасты арнайы дайындаса да, олда кейіннен сөзінен тайқып кеткен екен. Осылайша серіктестік маман тапшылығын сезінуде. Ал шетелден құстың тілін білетін мамандарды шақырайын десе, оның машақаты аз болмауда.
– Негізі, инвестор маман жіберуге қарсы емес. Алайда біздің елдің заңы бойынша оларды Жамбыл жеріне кіргізу қиын болуда. Әйтеуір заң шеңберіндегі шектеулер көп. Содан Германия мен Оңтүстік Кореядан алдырған инкубаторды да қолдана алмай отырмыз. Құстардың өздігінен балапан басуы қиын болғандықтан, инкубатор әдісін пайдалануды ойлағанбыз. Алайда жұмыртқаны инкубаторға салу үшін оның қабығын жұқарту, күн сайын шайқап тұру сынды техниканың тілін әлі күнге біле алмай келеміз. Сұңқар құсының балапаны тауықтың балапаны сияқты өздігінен жұмыртқаны жарып шыға алмайды. Сондықтан жұмыртқаның өзіне ерекше күтім қажет. Соны үйренуге шетелге маман жіберейік десек, бәрі ат-тонын ала қашуда.
Мамандарымыз орта есеппен 150 мың теңге айлық жалақы алады. Егер техниканың тілін үйреніп келсе, шейх жалақысын еселеп өсіруге дайын. Алайда біздің жігіттер тегін оқудан қашып отыр. Кейінгі жастарға ішімнің қынжылатын же-рі – осы. Бірдеңені біліп, үйренейін деген құлық жоқ, – дейді серіктестік директоры.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери Жайлаукөлге 10 күнге келіп кеткен екен. Алайда ел қазынасына қаржы салып отырған инвесторға жергілікті билік тиісті деңгейде құрмет көрсете алмапты. Еркін Оспановтың айтуынша, шейх тозығы жеткен Жайлаукөлдің жолына жаңа жабынды төсетіп, мешітке де қомақты қаржымен көмек көрсеткен екен. Сондай-ақ 50 пайыз тұрғыны көшіп кетіп, мектебі жабылу алдында тұрған Қамқалы мен Жайлаукөл ауылының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтыған. Соған қарамастан жергілікті билік шейхқа аңшылық жасауға рұқсат бермей қойыпты.
– Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджериден келіп жатқан пайда болмаса, зиян жоқ. Тәлімбақты толықтай өзі қаржыландырып отыр. Айына шамамен кемі 15-16 миллион теңге инвестиция құюда. Тәлімбақтағы құстар да, техника да соның меншігінде. Алайда жылына бір рет келетін шейх аңшылық жасайтын құсын да, оған қажетті аңын да өзімен бірге алып келсе де, аңшылық шаруашылық былай тұрсын, тәлімбақтың аумағының өзінде билік аңшылық жасауға рұқсат бермеуде. Оған себеп – елімізде сұңқармен аңшылық жасауға рұқсат жоқ екен. Таңғалатыным, бүркітпен аңшылық жасауға болады да, неге сұңқармен жасауға болмайды? Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери аңшылық билетінің құнын төлеп, өз құсы мен оған салатын аңын да өзімен бірге әкеліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, біздің табиғатқа келіп отырған еш зиян жоқ. Алайда біздің билік соның өзінде рұқсат бермеуде.
Бір таңғалғаным, арабтар рұқсат бермесе, одан әрі қазбаламайды екен. «Бәрі заң шеңберінде болсын» деп қоя салады. Бірақ Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджери тәлімбақты құстарды қонақтатып қою үшін ашқан жоқ қой. Ұшпай отырып қалған құс ертең бойына ет жинап, мүлде қанат қаға алмай қалатын күйге түседі. Ал ондай құс арабтарға қажет емес. Содан ел қазынасына құйылып жатқан миллиондаған қаржыдан қағылып қаламыз ба деп отырмын. Одан, ең біріншіден, тәлімбақтан нәпақасын тауып отырған халық жапа шексе, екіншіден, елімізде жойылып бара жатқан сұңқар құсының санын көбейтеміз деген үміт те үзіледі, – дейді Е.Оспанов.
Серіктестік басшысының сөзі орынсыз дей алмассың. Елге келіп тұрған инвестицияны тиімді пайдаланбау ақылға сыйымсыз. Орта есеппен айына 15 миллион теңгеден құйылып жатса, жылына 200 миллион теңгеге жуық қаржы келіп жатыр деген сөз. Оған қоса егер аңшылық жасауға рұқсат берсе, шейх инвестиция көлемін тағы өсіруге ынта танытып отырғанын серіктестік басшылығы айтып отыр.
Негізі, арабтар үшін сұңқар ерекше құс саналатындығы байырғыдан белгілі. Сондай-ақ шейхтар саятшылық құрып, аңшылық жасауды ата-баба салты санайды. Сондықтан қазақтың да қанымен біте қайнасқан саятшылық құруға инвесторға рұқсат беріп, миллиондаған қаржысын ел игілігіне жаратсақ, одан ұтылмасымыз анық.
Еркін Оспановтың айтуынша, сұңқар құсы үшін арабтар миллион доллар шығындауға да дайын екен. Олар құстарды сатып алмай, тарту ретінде берген жанға қазақы салт сынды миллион долларын көрімдік ретінде үлестіреді. Тағы бір қызықты жайт, сұңқар құсының әрбір қауырсынына арабтар айрықша мән береді.
– Егер сұңқардың көзінің тұсында домалақ емес, төмен қарай сырғыған сызық болса, араб шейхтары ол құсты көк тиынға бағаламайды. Себебі төмен түскен қара сызық олар үшін көздің жасын білдіреді. Ал дөңгелек қара оймақ көздің айналасында болса, ол шейхтар үшін құстың тектілігін аңғартады. Егер құстың қауырсыны аппақ болып, төс жағында бір-екі қара дақ болса, оны да шейхтар құс ретінде көрмейді.
Арабтар құстың қасиеті мен киесін терең түсінетін халық екеніне көзім жетті. Сондықтан тәлімбақтағы құстарды барынша текті қылып өсіруге тырысудамыз. Алайда бізге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз. Қарапайым орталықтандырылған ауыз су мен жарық желісін жүргізіп беруді жергілікті биліктен сұрап жүргенімізге бес жыл болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инфрақұрылым мәселесін шешіп беруге әкімдер уәде еткенімен, аяқсыз қалуда, – дейді серіктестіктің бас директоры.
Осы орайда Сарысу ауданы әкімдігіне хабарласып, инфрақұрылым мәселесі не себепті шешілмей жатқанын білген едік. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, биыл Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарына ауыз су құбыры тартылып жатыр екен. Жыл аяғына дейін жүргізіліп бітетін тіршілік нәрінің шарапатын «Агентство Миллениум Сокол» серіктестігі де жуырда сезінетініне жергілікті билік уәде етуде. Ал жарық мәселесіне келсек, серіктестік тапсырыс берсе, жауапты мекемелер ертең-ақ электр жарығын жүргізіп беруге дайын екенін айтуда.
Жергілікті билік өкілдері мәселенің оңтайлы шешілетінін айтқаннан кейін, бәлкім, аңшылық жасауға рұқсаттама да оңай беріліп қалар деген оймен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына хабарластық. Алайда ондағы мамандардың айтуынша, шетел азаматтарына елімізде қыран құспен аңшылық жасауға мүлдем рұқсат жоқ екен. Рұқсат берілгеннің өзінде ол тек Үкімет қаулысымен заңдастырылады. Сондықтан жергілікті орман шаруашылығы мамандары қолдарынан келетін шара жоқ екенін айтуда.
Қалай дегенде де, «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-н мемлекеттік деңгейде қолдау қажет. Өйткені бұл, ең бірінші, елге келіп жатқан инвестиция. Екіншіден, тәлімбақта өсіріліп жатқан құстардың 50 пайызы бостандыққа жіберілетінін ескерсек, ертең сұңқардың саны қазақтың сайын даласында еселеп көбейеді деген сөз. Бұдан табиғатқа пайда келмесе, зиян келмейтіні анық.
Биыл Өзбекстан мемлекеті Халид Насер Муткер Альшафи Альхаджериге өздерінің елдерінен тәлімбақ ашуға ұсыныс білдірген екен. Есесіне олар сұңқар құсымен жерлерінде аңшылық жасауға рұқсат беретіндіктеріне уәде етіпті. Демек, көрші мемлекеттің билігі бұл инвестициялық жобаның ертеңі баянды болатындығына бек сенімді болып отыр. Жамбыл жерінен ашылған тәлімбақты өзгелер алып кетіп, өзегімізді өкініш өртесін демесек, сұңқар өсіру шаруашылығына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлген жөн. Бұл Үкімет үйінде отырғандардың құлағына алтын сырға болсын.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.