Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барлық салада нәзікжандылардың рөлі артуда

0 551

«Гендер» биологиялық емес, бірақ әлеуметтік жағдайларға тәуелді әйелдер мен еркектер арасындағы айырмашылық деген ұғымды білдіреді. Бұл – ер мен әйел арасындағы дене бітімінің ғана айырмасы емес, екеуіне тән болмыстың әлеуметтік тұрғыдан қалыптасқан өзіндік ерекшелігі деген сөз.

Қазақстандық психологиялық әдебиеттерде «гендер» термині өте сирек кездеседі. Өйткені бұрынғы кездері көбінесе әйел адамды тек «шаңырақтың сақтаушысы», «бала күтушісі» ретінде қарап, қоғамдық жұмыстарға кеңінен араластырмаған. Ал қазіргі таңда бұл жағдай өзгеріп барады. Әсіресе гендерлік зерттеулер адам жайлы ілімнің барлық негізгі аймақтарына кіре бастады. Біреулері гендерлік зерттеулерді әйелдердің мүддесі үшін солардың зерттеуі деп түсінеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Қазіргі заманда нәзікжандыларды қоғамдық жұмыстардың барлық саласында, яғни билік басында да, ғылымда да, жеке кәсіпкерлікте де, әскери істе де кездестіруге болады. Ресми дерек бойынша, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына 9,7 миллион әйел айтарлықтай үлес қосып, олардың өндіргені жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құраған. Алайда әйелдердің айлық табысы әлі күнге ерлердікінен 33 пайызға кем екен. Барға шүкір, азға қанағат етіп дағдыланған бұрымдыларымыз тұрмыстың тауқыметіне қарамастан бала тауып, отбасының берекесін кіргізіп отыр. Әсіресе пандемия тұсында көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қамтып, жоқтан бар жасап, бала-шағасын асырау үшін қолынан келген істі табысқа айналдырды. Тоқсаныншы жылдардың тығырығында ала дорба асынып, саудаға бет бұрған қазақ әйелдері қазір интернет кеңістігін игеріп, әлеуметтік желі арқылы пісірген тәтті тоқаштарын, тіккен көрпе-жастығын, киім дейсіз бе, тұрмысқа қажетті заттар дейсіз бе – бәрін-бәрін «Инстаграм» парақшаларында алып-сатып күн көруде.
«Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады, жаман әйел жақсы еркекті ада қылады» деген дана бабамыз отбасын айрандай ұйытатын да, жылуымен үйдің ішін жарық қылатын да әйел екенін айтып кеткен. Қырықшырақтыларына деген құрмет пен қамқорлық ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі еді. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған қазақ бүгін сол құндылықтарын сақтап қала алды ма? Анасын ардақтап, жарын аялап, қызын мәпелеп отырғандар ортамызда бар шығар. Бірақ статистикалық мәліметтер жан түршігерлік. Өкінішке орай, біздің еліміздегі қылмыстың үштен бір бөлігі нәзікжандыларға қарсы жасалған болса, оның 83 пайызы жыныстық зорлыққа жатады екен. Әрине, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі – тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті проблема. Дегенмен жақсысын асырып, жаманын жасыруды кішкентайынан бойына сіңіріп өскен біздің қыздарға жаның ауырып, кейде қынжыласың. Көбіне жарияға жар салып айтуға ар-ұяты жібермейді. Алайда аталған әлеуметтік проблеманы шешу үшін әлеумет болып ашық талқылап, көп болып күресуіміз қажет. Отбасылық құндылықтарды насихаттау жеткіліксіз, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құқықтарының тапталуына жол бермеу керек. Бұл тұрғыда қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңды қабылдаудың маңызы зор. Өйткені жаңа заң жобасында ұтымды өзгешеліктер жетерлік. Мәселен, бұрын себеппен емес, салдармен күресіп келсек, енді мәселенің алдын алуды ерте кезеңнен бастау көзделіп отыр. Сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет бұл сұрақпен тікелей және кешенді түрде айналысатын уәкілетті орган құрылды. Ең маңыздысы, отбасының шырқын бұзар агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу қолға алынбақшы. Тағы бір жетістік – ендігі жерде айыптыға қатысты шараларды қолдану үшін тек жәбірленушінің арызы немесе хабарламасы ғана емес, отбасы мүшелерінің, көршілерінің, білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті басқару органдарының хабарламасы да негіз бола алады. Жаңа заңнамаға енгізілетін бұл өзгерістер қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастыратын бірден-бір құрал болмақ.
Бұл мәселеге қатысты облыстық іскер әйелдер қауымдастығы да аз жұмыс атқарған жоқ. Мәселен, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Отбасын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Отбасын қолдау мектебін» ашты. Есепті мерзімде аталған мектепке 50-ден аса әйел қайырылып, оларға заңгерлік, психологиялық кеңестер берілген. Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің әйелдер құқығын қорғау бөлімшесінің қызметкерлерімен, отбасылық психологтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға көмек көрсету облыстық әлеуметтік орталығының мамандарымен бірігіп онлайн-семинарлар өткізілген. Оған Тараз қаласы мен аудандардан 360 әйел қатысқан болатын.
Қазіргі заман әлемде әйел бейнесін қайта қарауды талап етеді. Ол үшін гендерлік қатынастарға қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтар жүйесін, еркек пен әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі туралы түсініктер жүйесінің эволюциясын зерттеу қажет. Ал енді сол мәселенің түп тамырын білу үшін жалпы гендер деген не, ол қайдан шықты және оның қазақ қоғамындағы болып жатқан үрдістерге әсері қандай екенін де саралаған жөн.
Жалпы Қазақстанның халықаралық құқық пен міндеттемелердің жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын орындауы – бұл мемлекеттік гендерлік саясаттың міндеттерін іске асыру және қоғамның барлық салаларындағы ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдікті сақтау құралдарының бірі.
Қазіргі қазақстандық қоғамда гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, қоғамды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі деуге болады. Гендерлік саясатты жүзеге асыру демократияға жетудің негізгі факторларының бірі екенін де ұмытпаған абзал.
Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Бүгінгі әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен бірге еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп, еліміздің дамуына, сонымен қатар отбасының жарасымдылығына үлестерін қосып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал, істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес», – деген болатын. Бұл пікірдің дұрыстығына күнделікті тұрмыста үнемі көз жеткізіп келеміз. Әрине, халқымыз қашанда аруларды жоғары бағалап, төрден орын берген. Ел өмірінде елеулі орын алған әйелдер аз емес. Олардың есімдері тарих беттерінде сайрап жатыр. Бүгінде солардың ізін басқан аруларымыз да жетерлік. Бастысы, олардың еркіндігі мен құқығын алдыңғы қатарға қоя білсек, дамудың даңғыл жолына бет түзеген еліміздің гендерлік саясаттағы ең үлкен олжасы осы болмақ.

Лаура Абайқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.