Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбек қауіпсіздігі – өнімді жұмыс кепілі

0 446

Нарықтық экономикадағы еңбек жекелеген адамдардың, сонымен бірге тұтастай қоғамдастықтарды немесе, жалпы алғанда, бүкіл мемлекеттің өмірінде өзінің әлеуметтік маңыздылығы бойынша ерекше орынға ие. Адамдары өз өмірінің басым бөлігін өз әл-ауқаттарының көзі болып табылатын дәл осы еңбекке арнайды.

Еңбекті қорғаудың, яғни нормативтерге сай шарттарының қамтамасыз етілу деңгейі өндірістік жарақат пен кәсіби аурулардың төмен көрсеткіштері көбінесе қоғамның өзінің осы категорияға деген көзқарасына байланысты болады. Сонымен бірге еңбекті қорғаудың жалпы алғандағы қоғамның жай-күйіне айтарлықтай әсер ете алатындығын ерекше атап өткен жөн. Еңбектің қажетті жағдайларымен қамтамасыз етілмеген қызметкерлер үнемі шамадан тыс жұмыс істеудің, шаршап-шалдығудың және қызметпен байланысты мәселелер ауыртпалықтарының салдарынан өз денсаулықтарына әрі тек тәндік қана емес, сонымен қатар моральдық жағдайына да көңіл бөле алмайды.
Еңбекті қорғау қоғам өмірінің әр алуан салаларында бой көрсетеді. Мысалы, экономикада еңбекті қорғау қаржыландыру нысаны ретінде қарастырылады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шығындарға арнайы баптар да көзделген. Сондай-ақ ол медицинамен де аса тығыз байланысты. Ұйымдағы еңбекті қорғаудың жай-күйі қызметкердің денсаулығына тікелей әсер етеді. Медицинада қызметкерлердің денсаулық жағдайына қандай да бір өндірістік факторлардың жасайтын ықпалына, кәсіби аурулардың немесе жарақаттардың белгілі бір өндірістегі еңбек үдерісімен байланысына назар аударылады.
Конституциялық құқықтың еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтін нормаларының қатарына Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының қауіпсіздік пен гигиенаның талаптарына сай болатын еңбек жағдайларына құқықты белгілейтін нормалары жатады. Ата Заңға сәйкес, адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғау конституциялық құрылыстың негізі саналады. Әркім өзінің еңбекке деген қабілетін еркін басқаруға, қызмет түрі мен кәсіпті таңдауға құқылы. Сондай-ақ 29-бапқа сәйкес, азаматтардың денсаулығын еңбек қызметі барысында қорғауға толығымен мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтың бүкіл жүйесінің қалыптасуы бастау алатын негізгі заң болып табылатындықтан, онда еңбекті қорғаудың көрсетілуі үлкен маңызға ие. Себебі еліміздің басты заңында жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізін құрайтын, адам мен азаматтың ең негізгі, аса маңызды құқықтары бекітілген. Басқа жағынан алып қарағанда, негіз қалаушы құжатта еңбекті қорғауға құқықтың көрсетілуі заңды. Өйткені қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін олардың еңбек қызметі барысында қорғау әлеуметтік мемлекеттің адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің құрамдас бөлігі және конституциялық-құқықтық деңгейде регламенттелмей қалуы мүмкін емес өте маңызды категория болып табылады.
Сондықтан жұмыс берушілер мен қызметкерлер процесс барысында еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау талаптарын басты назарда ұстағаны жөн. Себебі бұл – сіздердің денсаулықтарыңыз бен отбасыларыңыздың берекесінің кепілі.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен әрбір жұмыскерге бiрдей еңбегi үшiн қандай да болмасын кемсiтусiз бiрдей ақы алуға кепілдік берілген. Сондай-ақ қызметкерге еліміздің нормативтiк-құқықтық актiлерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң келісімшарттарында көзделген жалақы мен өзге де төлемдердi уақытылы және толық мөлшерде төлеу жұмыс берушіге міндеттелген.
Жалпы еңбекке ақы төлеу мөлшерi мен өзге де шарттары міндетті түрде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалған еңбек шартының мазмұнында көрсетілуге тиісті. Сондықтан әрбір адам жұмысқа орналасу барысында жұмыс берушімен еңбек шартын жасасуда еңбек шартының мазмұнына өзінің жұмысына төленетін жалақы мөлшерінің нақты көрсетілуін талап етуі қажет.
Жалақы мөлшерінің еңбек шартында көрсетілуінің өзі әсіресе жұмыс беруші тарапынан келісілген төлемі дұрыс немесе уақытылы төленбей жатқан кезде, арада туындаған дауды шешу үшін тиісті органдарға шағымдану барысында бір дәлелді құжат ретінде пайдаланылады.
Жалақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 113-бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес, еңбекақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төленуі тиіс. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетіледі. Сонымен бірге жұмыс берушi әрбiр жұмыскерге тиiстi кезеңдегi тиесiлi жалақының құрамдас бөлiктерi, жүргiзiлген ұстап қалулардың мөлшерлерi мен негiздерi туралы, оның iшiнде ұстап қалынған және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, сондай-ақ төленуге тиiстi жалпы ақша сомасы туралы мәлiметтердi жазбаша түрде ай сайын хабарлауға мiндеттi.
Жалақы төлеу күнi демалыс немесе мереке күндерiне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргiзiлуі қажет. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақыны және жұмыскермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдердi төлеу кешiктiрiлген кезде, жұмыс берушi жұмыскерге берешек пен өсiмақыны төлейдi. Өсiмақы мөлшерi жалақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасын негiзге ала отырып есептеледi және төлем жүргiзiлуге тиiстi күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептеледi және төлем жасалған күнмен аяқталады. Егер де қызметкермен еңбек шарты тоқтатылса, жұмыс берушiден тиесiлi барлық сомаларды төлеу шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиіс. Яғни шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күні ішінде қызметкерге тиісті төлемдер төленуі қажет. Сонымен қатар жалақыдан ұстап қалу мәселесіне тоқталатын болсақ, ол Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 115-бабына сәйкес сот шешiмi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргiзiледi. Еңбек заңнамасының талабына сәйкес, жұмыскердiң өзi жұмыс iстейтiн ұйымға берешегiн өтеу үшiн оның жалақысынан ұстап қалу қызметкердiң жазбаша келiсiмi бар болған кезде, жұмыс берушiнiң актiсi негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Жалпы ай сайынғы жалақыдан ұстап қалудың жалпы мөлшерi қызметкерге тиесiлi жалақының 50 пайызынан аспауы тиіс. Осы мақсатта күн сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді.
Еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, азаматтарымызға қалаған кәсібімен еркін айналысатындай жағдай жасалуда. Алайда сол еркіндік дегенімізді әркім әртүрлі түсініп, кейінгі кезде азаматтарымыздан жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамаларын бұзуына байланысты көптеген арыз-шағымдар да түсуде. Бұл жұмыс берушімен қатар жұмыскердің де еңбек қатынастары кезінде өз құқықтарын тиісті деңгейде қорғай алмауынан, яғни білмеуінен туындайды.
Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасымен Қазақстан Республикасының Еңбек және Кәсіпкерлік кодекстері негізінде жасалған тексерулер, азаматтарды жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын жасамай жұмысқа жіберу, жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімінің сақталмауы, мейрам күндері жұмыс істеген уақыттарына жалақының төленбеуі, жұмыскерлердің жұмыстан заңсыз босатылуы және т.б. заң бұзушылықтардың көптеп кездесетіні белгілі. Ал мұндай жайттар орын алғанда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болатыны анық. Мысалға айтар болсақ, жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сондай-ақ жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі 30 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептiк көрсеткiшке дейін айыппұл салу қарастырылғаны мәлім. Ал биылғы жылы АЕК 3 063 теңге мөлшерiне тең келетінін ескерсек, ол аз сома болмайтыны анық. Сондықтан еңбек заңнамаларының талаптарын сақтау бәріміз үшін міндетті болғандықтан, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының инспекторлары түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әрдайым дайын.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттерінің бірі – жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету. Осы мақсатпен облыстың мемлекеттік еңбек инспекторларымен ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 135 тексеріс жүргізіліп, 172 еңбек заңнамасын бұзушылық фактілерін анықталды. Оның бүгінгі күні 159-ы орындалған немесе заңға сәйкестендірілген. Сондай-ақ тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге 67 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, аталған заң бұзушылықтар бойынша, жұмыс берушілерге жалпы құны 5 622 185 теңгені құрайтын 20 айыппұл салынып, 4 ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.
Жұмыстарды атқару барысында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жөніндегі талаптарды орындау мен бақылау тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауы өндірістік жарақаттануға әкеп соғуда. Мәселен, есепті мерзімде облыс ұйымдарында 28 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, 35 адам зардап шегіп, оның 12-і адам өлімімен аяқталды. Әлеуметтік әріптестер мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде 1 632 жұмыс беруші 47 515 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 32,8 пайызға арттырды. Қазіргі таңда кәсіпорындар мен мекемелер арасында жалақы көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесіне қатысты биылғы жылдың 10 айында 1 647 жұмыс берушідегі 7 004 жұмыскер- дің еңбек қатынастары заңдастырылды. Яғни көлеңкелі экономикадан шыға-рылып, еңбек құқықтары қалпына келтірілді. Осылайша әлеуметтік тұрғыда да, медициналық әлеуметтік сақтандыру, бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының қатысушы ретінде еңбек өтілін есептеуге мүмкіндік алып отыр. Оның 666-сы тойханалардың, 3 996-сы қызмет көрсету орталықтарының, 2 342-сі ауыл шаруашылығы саласы-ның жұмыскерлері. Олардың еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттар қабылдау мәселесі де қатаң бақылауда. Бұл көрсеткіш облыс бойынша 91,4 пайызды құрап отыр.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқар-масының ресми сайты жұмыс істейді. Мұндағы құқықтық көмек үшін «сұрақ-жауап» айдары арқылы еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарға жауап алуға болады.
Еңбек инспекциясы жоғарыда көрсетілген бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеруді үнемі жүргізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.

Адина ИСАТАЙ,
Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы
басқармасының баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.