Қалалық қоғамдық-саяси газет

12 қару мен 100-ге жуық оқ-дәрі тәркіленді

0 296

Жамбыл облысында үш тәулік ішінде 12 қару мен 100-ге жуық оқ-дәрі тәркіленді.

Ағымдағы жылғы 28-30 қараша аралығында «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында жамбылдық полицейлер 12 бірлік қару мен 100-ге жуық түрлі калибрлі патрондарды тауып, тәркіледі.
Аталған іс-шараның мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, жолын кесу және ашу.


Тәркіленген қарулардың ішінде 2 ұсақ калибрлі «ТОЗ-16» және «ТОЗ-8» мылтықтары, «ИЖ – 56 Белка» қос ұңғылы шолақ аңшы мылтығы, 2 шолақ және 7 тегіс ұңғылы мылтық бар.
Мәселен, қала шетіндегі аумақтан полиция қызметкерлерімен зауыттық нөмірлері механикалық жолмен өшірілген оқ-дәрісіз, калибрі 12 миллиметр «МР-153» маркалы өздігінен оқталатын тегіс ұңғылы мылтық табылды.
Сонымен қатар 2022 жылғы 29 қарашада Сарысу ауданының Ә.Бүркітбаев ауылынан 10 шақырым жердегі шаруа қожалығы аумағында орналасқан сарайдан 5,6 калибрлі «ТОЗ-16» маркалы мылтық, калибрлі «ИЖ-18Е» маркалы бір оқпанды аңшы мылтығы, 19 патрон және 58 гильза табылып, тәркіленді.
Сол күні Жамбыл ауданының құмды аумағында орналасқан тағы бір шаруа қожалығында калибрі 16 миллиметр «ИЖ-18 ЕМ» маркалы бір ұңғылы аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
Барлық қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Жыл басынан бері полицейлер барлығы 673 атыс қаруын, оның ішінде 131 автомат пен 232 тапанша тәркіледі.
Жамбыл облысының полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы атыс құралдарының орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді. Анонимділікке кепілдік беріледі.
Ерекше айта кетерлігі, жыл басынан бері облыста мал ұрлығының дерегі өткен жылмен салыстырғанда 24,1 пайызға төмендеді. Бұл да жедел профилактикалық іс-шараның нәтижесінде белгілі болып отыр. Ұйымдастыру шаралары мен мақсатқа бағытталған жұмыстардың нәтижесінде полиция қызметкерлерімен 13 қылмыс ашылып, 3 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша (малды заңсыз тасымалдау немесе ветеринария саласындағы заңнаманы бұзу) – 21 дерегі және ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) 51 дерегі анықталды.
Сонымен қатар үй жануарларын жаю қағидаларын бұзу себебінен республикалық автожолдарда 16 жол-көлік оқиғасы орын алу салдарынан 3 адам қайтыс болып, 28 адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Нұржан Рахметуллаев, Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.