Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерекше жандарға жанашырлық

Облыс әкімі Түзету кабинеттеріне арнайы жабдықтар табыстады

0 266

Облысымызда 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және түзету кабинеттеріне, оңалту орталығына арнайы жабдықтар тапсырылды.

Арнайы жабдықтар 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне және Тараз қаласының оңалту орталығына берілді. Нақтырақ айтқанда, Монтессори кабинеттеріне арналған оқу құралдарына, Бильгоу тақталарымен (тепе-теңдік ұстауға арналған тренажер-тақталары), ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тексеруге арналған жиынтықтар мен ортопедиялық орындықтармен қамтылды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов аудандық және қалалық арнайы білім беру ұйымдарының басшыларына ел Президентінің тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, олардың құқықтарының сақталуы және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
– Біз бірлесіп, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға ықпал етеді.
Ең алдымен мұндай ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға көңіл бөлінуде. Жақында ғана олардың автопаркі 5 көлікпен толықты. Тағы бірнеше көлік сатып алу жоспарлануда. Жыл сайын жаңа түзету кабинеттері ашылуда. «Асар» орталығының базасында аква-монша, ипподром ашылады. «Мамыр» тоғайы абаттандырылуда, мұнда ерекше қажеттілігі бар жандарға жағдай жасалған. Мұның бәрі оларды қоғамнан сырт қалдырмау үшін жасалып жатыр. Сіздерге, әріптестеріңізге тынымсыз еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Талас және Сарысу аудандарының түзету мекемелерінің басшылары жеке ғимарат бөлуді сұрады. Аймақ басшысы тиісті басқармаға бұл мәселені зерделеп, шаралар қабылдауды тапсырды.
Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 8 мыңға жуық бала тұрады. Өңірімізде 29 арнаулы мекеме бар. Олар: 4 арнайы мектеп-интернат, 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, оңалту орталығы, инклюзивті қолдауға арналған 5 кабинет, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған «Асыл Мирас» орталығы.
Бұл күні Нұржан Нұржігітов Халықаралық мүгедектер күніне арналған қайырымдылық дастарқанына қатысты. Шара барысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Сондай-ақ спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.