Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев пен өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған делегация мүшелері Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алатын әулиеаталық жастармен кездесті. Кездесу барысында түлектерді оқуын тәмамдаған соң туған жерінде қызмет етуге шақырды. Сондай-ақ бұл мақсатта аймақта қолға алынған жұмыстар мен мүмкіндіктер жөнінде тарқатып айтып берді.
📌Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумағындағы және әлемнің түкпір-түкпіріндегі діни ахуалдың күрделенуіне байланысты діни экстремизм мен терроризмнің қаупі еселенуде. Өзге жұртқа зайырлы мемлекет ретінде танылған біздің елде діни ахуалдың тұрақты болуы аса маңызды. Сол себепті, «Нұр-Мүбәрак» сынды университетте білім алған жастардың өңірлерде жұмыс істеуі айрықша рөлге ие. Өйткені, мұнда тәлімгерлер теологиялық білім алудың субьектісі ретінде «Исламтану», «Теология» және «Дінтану» мамандықтары бойынша бакалавр, магистратура мен докторантура санаттарында білімін жетілдіруде. 2001 жылы Қазақстан мен Мысыр мемлекеттері арасындағы ресми келісім арқылы ашылған бұл білім ошағы Орталық Азиядағы ең үлкен жоғары оқу орны болып саналады.